ТӨРЕШІЛДІКТІҢ ТҮРЛЕРІ
 
Бала күнім. Қарысбайдың Баяуы деген әйел күбідей жуан, сары кісі еді. Төсегінде жатқанда сол кісіге бүйі тиіпті. Өнебойы көгілдір тартып, талауратып, көзі-басы көнектей кеуіп ісіп кетті.
Бұған Құлжаман деген дарымшы дем салып отыр. Күлжекеңнің қайдан ұстағанын кім білсін, қамысты екі бүктеп басына бір бөрте шаптар бүйіні қысып алыпты. Оны, істікке шаншып отқа ет пісіріп отырған адам дерсің. Қолындағы бүйісімен оқталып, өлімші бол жатқан Баяуды шошытып қояды. Өзі міңгірлеп бірдеме оқиды. Сонда айтатыны:
Бүй-бүйі – бүйтан,
Қайдан келдің сайтан!
Аңдаусызда келіпсің,
Абайсызда тиіпсің.
Кеше келген жөніңмен шық!
Тақ Сүлеймен пайғамбардың
Демімен шық!
Суфу!.. Суфу!.. деп емдеп, демдеп жатқаны әлі есімде.
Есіңе бұл қайдан түсті дейді екенсіз, мынадан:
Бүйі деген улы құрт. Мал жайған қазаққа таныс. Улы қарақұрттың (скорпион) бір руы. Аяқтары арбиған, мүйіздері шалжиған болады. Түкті қарасы болады. Бөрте, шабдар, сары аласы болады. Өрмекшідей тор жаяды. Жусан-жусанның түбінде, ши-шидің басына ұялап, балалап отырады. Жалпы айтқанда, өмірдегі қулығымен де, түсінің суықтығымен де кеңсеге бітетін бюрократтан айырма танығысыз болады.
Менше бюрократшылдық – бүйішілдіктің ағайын-тағайыны. Оның да ұясы болады. Ол да улы жәндік. Бұл да шағады. Шаққан жеріне зәрін жаяды. Олай болса, бүйі мен бюрократтың арасындағы айырма қайсы?
Бюрократ бүйі болмасын, ендеше ауру. Ауру болғанда жұқпалы. Жұқпалы болғанда – мандам. Мандам болғанда – ашса арылмайтын, қазса аршылмайтын түкпір-түкпірдің бәріне ұялап, жұмыртқалап жатқан бір дерт. Мұның түп атасы – кешегі құлаған қу өкімет. Соның қалдырған мұрасы. Соның еккен шешегі. Ұясы біздің тұрмысымыз. Бұдан құлан таза болып арылғанымызша әлі алыс. Арылғанша күресіміз күрес! Бірақ, күресі үшін алдымен оның не екенін білу керек қой.
  • Ия.
  • Олай болса, төрешілдік деген не? Қалай балалайды? Қалай өседі? Белгісі не, бет-ауызы қандай? Қайдан табуға болады?..
Міні, гәп сонысында. Осыған келгенде қандай қырағы, қандай білгіш болса да бір мүдіреді. Желкесін бір қасиды. Өйткені, «төренің түрі мынау, мынау төрешілдік белгісі» деп үстінен түсерлік таңбалаулы төре жоқ; мұрнына жіп тағып бұлаңдатып жетелеп жүрген төрешілдік жоқ. Бәрі бір қалыпты адам. Бәрі бір өзінің мойнындағы жұмысын атқарып жатқан, басқарып жатқан қызметкер. Бәрі – түйтіктеп жазып жатқан, сызып жатқан мекеме. «Төресің» деп түп етегінен жабысуға не хақың бар.
Но, бұлай дағдаруға болмайды. Рас, төрешілдікпен күрес дедік; деген соң табу керек, тану керек. Төрешілдігің табылмаса, төрең танылмаса айдаладағы талмен күресермісің, қамыспен алысармысың? Қой, жолдас, мұныңыз қайрат ықтияты болмайды. Табу керек. Табылады да. Табу үшін танауға саусақ тығып отырмай, іздеу керек. Төрелерді таңбалау керек.
Олай боса, отырмалық. Қазақстанның қала-даласын аралалық. Ойын-қырын кезелік. Үлкен-кіші мекемені бір-бір сүзелік. «Мынау төреу-ау» деген күдікті адамдарымызды алдыңызға танауынан жетелеп тізелік. Жарайтынын алыңыз, жарамайтынын қалдырыңыз. Күресетінімен күресіңіз, тазалайтынын тазалаңыз.
  • Ал, айт!
  • Айтсам, бюрократтың жастау болса, бұйра шашы болады; кәрілеу болса, қасқа басы болады, алтын тісі болады. Желіндеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған аяғы болады. Ернін жиектеген ерке қатыны болады. Ол ерке әйелді базармен екі ортаға дамылсыз таситын мекеменің аты болады. Күндіз-түні квартирасына корзинкамен бетін жауып бутылка таситын кучері болады. Бұған не айтарсыз?
  • Бұл емес. Әңгіме таяқта да емес, аяқта да емес; түсінде де емес, тісінде де емес.
  • Енді несінде?
  • Ісінде.
  • Ендеше:
Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі іліп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өз суреті де ілулі тұрады. Қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қаракүрең үстелі болады. Есігінің сыртына «докладсыз кірме» деп жаздырып қояды. Өзінен-өзі бөртіп, кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қоластындағы жампаң-жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қояды.
Болмаса, өзінен-өзі шала бүлініп, үстелге артылып телефонға шатылып шаңылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы боп кіргендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөйлеспеске бұл да бір әдіс болады.
Болмаса, келушілерге керенеу қарайды. Қабағын түйеді. Арыз алмайды. Сөйлеспейді. Айбармен, ызғармен адамды үркітеді. Бұған не дейсіз?
  • Бұлар да емес.
  • Ендеше:
Мекемесінен бір табылмайды. Өмірге орнын сипалайсың да отырасың. Басы жоқ мекеменің өлі сүйегі, құр кеудесі ғана тұрады. Не жақсы, не жаман жауабын ести алмай, неткен адам екендігіне көзің жетпей, күтумен, іздеумен өмірің өтеді.
Болмаса, алты ай қыс, алты ай жазға мекемесінде бес күн отырмайды. Мәскеу, Семей, Алматы, Адай, Ақмола, Қызылорда, осы орталарды кезіп жүр дегенді ұзынқұлақтан естисің… Әлде сондай мәңгілік командировканы маңдайына жазған адам ба екен дейсің. Әлде мекемесіне келетін кісіден ығыр болып қашқалақтап жүрген сырдаң саяқ па екен дейсің.
Болмаса, жазатайым жолықтыра қалсаң, басына ақырзаман орнап тұрады. Екі иінінен демін алып, аяғын азар басып тұрады. Өзінен өзі сасып тұрады. Алақтайды. Далақтайды. Қынжылады, ренжиді. Өз қабырғаң қайысады. Аяйсың. «Солай шығар» дейсің. Түңілесің: Түк өнбеді. Жұмысың бітпейді. Күнде ертең… Бұған не дейсің?
  • Бұл да емес.
  • Ендеше:
Мекемеден бір де шықпайды. Әр уақытта өз үстелінен, құтты орнынан табылады. Өз жұмысын адамшылық, жұртшылық міндетім деп ұғынбайды. Мекемені сауын сиыр, өзін жетім бұзау деп біледі. Отырған орнын – тиын өнетін, күн көретін ауқат, жан асырайтын жер деп түсінеді. Жүріс-тұрысы, ісі-жұмысы осы қалыпта болады. Тек, түйдектеп қағаз жазып, ерте келіп, кеш қайтып жүре береді. Кете береді. Мекеменің жағдайына әбден  қалыптасып алады. Көзге көрінетін бір жұмыс болмайды. Мұны не дейсің?
  • Бұл да емес.
  • Ендеше:
«Төрешілдік –төрешілдікпен күреспеу болады» – деп біреу сапырады. Төрешілдікпен күресу жайында дырдау-дырдау баяндама жасайды. Газеттерге етектей-етектей мақала жазады. «Төрешілдікпен күресу керек!», «Жою керек!», «Күрес!», «Күрес!» дегенде қызылөңеші айналып, кеңірдегі қылқылдайды. Күре тамыры адырайып, екі көзі бажырайып, екі езуінен көбігі ағып, бураша шабынады. Мұның бар долылығы осы болады. Төрешілдікпен күреске сөзден басқа іс жүзінде соқыр тиын жылу қоспайды. Өз айтқанын өзі қылмайды. Мұны не дейсіз?
  • Бұл да емес.
  • Ендеше:
Өзін әрі білгіш, әрі дұрыс санайды. Өзгеге өзін «жетекші» санайды. Қатқан ағаштай қақырайып қалады. Сүйтіп көпшіліктен айырылып, алыстап қалғанын білмей де қалады. Оны мойнына алмайды, омырау қылады. Мұрнын көтереді. Бұған не дейсіз?
  • Бұл да емес, жолдас, бұл да емес.
Бұл айтылғандардың бәрінің төрешілдікке жататындары рас, бірақ, әрқайсысының әртүрлі жай-жағдайы болады. Бір түрінде неше жүздеген адам болады. Және бір талайы бір кісінің басынан табылады. Жалпы айтқанда, жоғары мінездердің барлығы да төрешілдіктің анайы түрі; кесек түрі болады. Оның иесін адырға шыққан ажалды киік деп білу керек. Өйткені, бүгінде еңбекшілер санасы ашылып қалған; көпшілік көзі көруге үйреніп келеді. Айтылғандар сықылды адырдағы ажалды киік тез көзге түседі. Көзге түскен соң сөзге түседі. Сөзге түскен соң тезге түседі. Тезге түскен соң, не түзеледі, не жардан жапалақтай ұшады.
Шынайы бюрократ ондай болмайды. Ол – әрі білімді, әрі қырағы болады. Ол іс біледі. Істей біледі. Ол сөз біледі. Сөйлей біледі. Шешен, майда, жылмаң, жылпың келеді. Ешкімге отказ бермейді. «Болмайды» демейді, «Болады» дейді. «Жарамайды» демейді, «Жарайды» дейді. Келген адамды бірден-бірге сырғыта білеі. «Резолюциясын» дер кезінде-ақ салады. Өзінен аударып, өзгеге сілтей салуға мастер келеді. Өз жұмысын өзгеге істете біледі. Өзінен өзгені әуреге сала біледі. Сандалта біледі. Қаңғырта біледі.
«Күресу керек!», «Жою керек!», «Істеу керек!», «Тазалау керек!» — деп таңдайын сауады. Ұдайы аузынан төгіліп отырған «қазыналық» қалың пұшпақты сөздері болады. Оларды:
Келісуге (согласовать), жете істеуге (проработать), жоспарлауға (планировать), дәлдеуге (обосновать), шара қолдануға (принять меры), анықтауға (выяснять) деген сияқтылар болады. Осыларға тотықұстай үйреніп алған болады. Алдына келісімен аузы осымен кетеді. Мұнсыз да бітіп қоя қоятын жұмысқа осыны қыстырмай, осыларымен созбалауға салмай көңілі көншімейді.
Міне, төрешілдіктің адырға шығып ажалды болмайтын, тез көзге түспейтін, тереңнен жүзетін  түрлері осы тәрізді болады. Бұлардың ұясы мекемелердің сыртқы денесінде емес, ішкі сарайында жатады. «Сүйегіне» бітеді. Мұны табу өте қиын болады. Байқалмайды. Сондықтан мұндайлармен күрес те өте қиынға соғады.
Бірақ, менің ойымша, мұның бәрі қаланың төрешілдігі, қалыптасқан төрешілдік сияқты. Біздің қазақтың төрешілдігі өз алдына қазақылау болады. Майдалығынан дөкірлігі көп, нәзіктігінен ұлықтығы басым, былығына шылығы араласқан дүмбілез, шикілеу болатын сияқты. Олардың бар сүйгені бұйрық, бар қорқатыны қағаз сияқты. Мекемені – ел үстінен бұйрықпен қарайтын, мекеме адамдарын – елді қалай болса, солай айдайтын бір қожайын деп ұғынатын тәрізді. Кеңес мекемелері  еңбекшілер көпшілігімен мидай араласып істейді деген өңі түгіл, түсіне де кірмейтін сияқты. Қолы не жазғанын басы байқамайтын, кеше не қылғанын бүгін білмейтін сияқты. Қысқасы қазақ төрешілдігі, зиялысы мол, маманы көп чиновнигі шебер халықтың төрешілдігіндей майдабике, нәзік емес, «Түрі – қазақтық, мазмұны – бюрократтық» болатын сияқты. Алды-жұлды, ұрды-жықты, бұйрықты, бұйрықтан асса жұдырықты, ожарлау, басын жарып, көзін шығаратын мұрындықсыз бұқадай, атан түйенің тайрақтағанындай, сөлекет болатын сияқты. Ауылдық, аудандық мекемелердің мінезінде үлкен қаладағыдай майдабике, сыйлап қорлау болмайтын сияқты. Бар білгені – қуып кел! Сүріп кел! Байла! Айда! сияқты. Бұған дәлел керек деп дауласатын кісі болса, күні ертең Қожанасырша ұрлап сойған тайыншамның терісін алып шығып, мал иесінің бетін айдай  қылатыным анық. Оқушы, бұған иманыңыз камил болсын!
Біз мұнда төрешілдікті бір шолып өттік. Жалпыладық. Төрешілдіктің түр-сипатын өзімізше суреттедік. Қала, даланың үстінен қанат жайып бір қалықтадық. Ешкімнің атын атап, көзіне шөп салмадық. Әйтседе, төре мінездінің төбесіне шұқшидық. Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда дедік. Енеңді сөккенді емеуірінен таны дедік. Ақымаққа айғай, ақылдыға ишара дедік.
Енді бір әңгіме қалды. Ол не десеңіз, өзді-өзімізді сынау. Өзді-өзімізді сынау есебінде осы жөнінде өзді-өзімізге сұрау қойсақ қайтеді? Жоғары сыпаттардан ат ылауы аман қайсымыз екеміз? Бұл мінез, бұл қылықтар түгел болмаса да, жұғындысы, қырындысы қаламызда да, даламызда да, үленімізде де, кішімізде де жоқ па екен? Осыны оқып отырған азамат (егер де мекеме қызметкері болсаң) расыңды айтшы, жоғарғы мінездің басыңда қаншасы бар екен? Жасырмашы, егер де жасырсаң, сен де сау сиыр емессің. Білем. Мен де «сау» емеспін. Жасыратын не бар?
Сонымен сүйтіп, сөз іргесін жиямыз. Жиғанда төрешілдіктің түрін табуды, түсін тануды кеңес, партия жұртшылығына тапсырамыз. Төрешілдіктің толып жатқан түрлері ішімізде балдай батып, судай сіңіп жатса да еңбекшілер көзі қырағы дейміз. Төрешілдіктің түрін табуда тап бастырып, тамырын ұстап, ауруын айтқан көсемнің: «қисынына келгенде оңдау, шынына келгенде қорлау (формально прав, по существу издевательство)» дегені төрешілдікпен күресте еңбекшілер қолындағы шырағы дейміз. Жұртшылық денесін бюрократизм сықылды бүйіден, төрешілдік сықылды дерт-дербезден айықтырады, сауықтырады дейміз,
Бюрократ – бүйтан
Қайдан келдің сайтан!
Аңдаусызда келіпсің,
Абайсызда тиіпсің.
Лениннің сөзімен шық!
Еңбекшінің тезімен шық!
Сүфу-сүфу!
 
1929 жыл