МЫНАУ НЕ ДЕЙДІ?
Зайсанкому аудандық комитетке.
Аудандық жоспар бөліміне.
Сіздің келісіңізбен РСФСР-дің жоспар комиссиясы төмендегі іәстерге келісім жасайды.
Үнемшілік істер один жалақы – 90 р.
Председатель Райплан находится на местном бюджете.
Сіздерге жіберген Қазақстанның аткомы бойынша штаттың қызметкерлеріне
үнем қызметіне… 2) істі үнеміне – 90 р. 3) статистик…
Қазақстан жоспар комисиесінен жалақыларды жібірту туралы кедергі келтіреді.
Қазақстанның жоспар бастығы – Синицин.
Іс басқарушы – Добролюбов.
4 ноябрь, 1930 жыл, № 02.
Мә! Оқушы, осыны оқы!
Көзіңді ашып оқы. Көзілдірігіңді басып оқы. Желкеңді қасып оқы.
Әйтеуір, оқы. Мұның іші жатқан бір қазына: мұнда нұсқа да бар, ақша да бар, білім де бар, үлгі де бар. Өліп кетсең де, оқып шық. Оқып қана шықпа, ұғып шық!..
* * *
Ал, оқып шықтың. Сүрініп, қабынып, батпақтап шықтың. Бұған калоштың басындай спасибо! Бірақ оқып отырған жолдас, латыншаға көтерем екеніңді білдіртпегің келсе де, білем. Бұрынғы ақсақ кез латыншаңның үстіне мынаны оқу бір үлкен жүк болды саған. Оқып шықсаң – таза су. Не таң ас, не күн талас.
Оқушы, енді оқығандығыңа шәгім жоқ, ұққандығыңа шәгім бар. Мен өзім де оқысам да ұқпағанның, ұққым келсе де жұқпағанның бірімін. Бұл нұсқама деймін. Үйткені Қазгосплан зиянды нұсқапты. Бұл ақша ма деймін, үйткені бір-екі жерінде «жалақы», «рубля», деп қылт еткізіпті. Бұл – «білім» бе деймін, үйткені орыс тілінен құралып, қазақ сөзінен шумақталып, латыншамен жазылып, орысшамен майланып, бір соғар боп шығыпты. Білім мұнда! Тіл байлығы осында! Красота!
Бұл – үлгі ме деймін, кеңселеріміздің көпшілікке беті бұрылған соң аузы солай ашылып, тілі сол көпшілікке түсінікті болам деп осындай болды ма деймін. Қазақыланудың бір «жанды үлгісі» ме деймін. Работа! Наконец, бұл – аудан мен өлкенің арасындағы қатынасты дұрыстауға берілген партия дерективін іске асырып жатқан мекемелеріміздің қатынасының, басшылығының нұсқыны ма деймін. Олжа!
Бұларға қазақшаны шұқылап жазу, дұрыстап шығару әлі қиын. Инемен құдық қазғандай, не Алматының моншасына түскендей. Сондықтан бұлар қазақша жазғанда, латынша «Зайсанкому аткомге», «на кырдитсе на местінім боджеті» деп жіберуі – қазақтың намаз оқып тұрып кетіп бара жатқан ешкіге «шек кебенек!» деп жібергені сықылды нәрсе. Бұл естественно! Бірақ мұндағы бір үлкен олжа – осы жігіттердің біздің білімпаздар шығарған «үнемшілдік» деген сияқты қиыннан қиысқан пән атаулымызды біліп, жаттап қойғандары. Таста тақияны! Лақтыр бөрікті! Бірақ мына қағазды сол «жақсылық су беріп» сықылды жергіліктену жұмысына желке кежірлігі жоқ, жақсы ниетті жолдастар өз қолымен түртінектеп, итінектеп жазып шықса – бір тоқымын қағар едік қой. Мен мұны жазған өзіміздің қазақтың бір көзі бола ма деп қорқам-ау, әлі үйткені Қазгоспландағы… жолдастар қазақша жазып отырғандығына мен әлі көзім жетеді деп айта алмаймын. Синициндер, только, қазақша деген соң қағазға қол қойып отырған меңғасқалар болмақ керек. Бірақ оқымаған. Егер оқыса – қақ жартысының орысша жазылғандығын, орысша жазылғанынан да еш нәрсе түсінуге болмайтындығын байқаса керек еді-ау. Ол болмаған. Ендеше бұл қағазды жазған кісі – мас, қол қойғандар – ұйқысырап отырып қойғандығына таласпауымыз керек.
Оқушы, мұны сен де, мен де, Зайсан аткомы да, мұны жазған кісі де, қысқасы, әлейім құлпейсінің бәрі де шығаруға мүмкін емес. Мүмкін емес. Олай болса, біздің бәріміз де не ақ үстінен қара танымаймыз, не жазған кісі – перінің баласы! Екінің бірі!
Айтып-айпай не керек, жазған кісінің қызметі орындалды. Ол жазды. Жазғаны – нұсқа, айтқаны – ақша, жазғаны – қазақша! Қағазы мөрленді, номерленді. «Зайсанскому ауданға» жіберілді. Формальный бәрі дұп-дұрыс. Не керек!
Один жалақы!
Бірақ Қазкомпланның қағазы қыларын қылып алған. Жазған адамдардың арманы – Зайсандағы жұртты бір шатаққа салайын болса, онысы сто процент орындалған. Зайсан елі бұл қағаздың қылшығын да қыңырайта алмаған. Арабша білетіндер маңайлай алмаған. Орысша білетіндер аңырайған да тұрған. Латынша шоқақтап білетіндерден бір аудан елде екі-ақ адам бар екен, біреуі бір ауызын ұқпаған да, біреуі командировкеде болғандықтан, қағаз соның келуін екі ай күткен. Аяғында, ол да шығара алмаған соң, біздің жанаптарымызға жолдаған. Біз өзіміз ештеңе шығара алмаған соң, жұрттың алдына жолдап отырған жағдайымыз осы еді. Міне, осы қағазды әлі шығарған кісі жоқ. Егер жазған адамдар дүние жүзінде бар болса газеттен оқып, өзі не дегенін бізге келіп переводтап бермесе, біз білмедік.
Міне, мұның әбігері осындай…
* * *
Жасыратын қылық жоқ демекші, жаңашаны оқуға келгенде әлі Қожам заманында жатырмыз. Оның дәлелі – мынадай шатақ шығармаларды шығара алатын бір адамның табылмағандығы. Осындай бір шаталаң әңгіме Қожа дәуірінде де кезігіп өткен екен. О мысалды келтірелік:
Қожанәсір тұрған қаланың барлығы ақтан қара танымайды екен де, әліпті таяқ тәрізді деп білетін көзі ашық зиялы адам жалғыз Қожа болыпты. Жазуды, оқуды ешкім керек те қылмаған білем. Жазу ол заманның өміріне де керексіз болғаны ғой. Сондықтан хат білген Қожаның да керектігі шамалы болған болады емес пе? Но, бір күн Қожа қажет болып қалыпты. Сол шәрідегі бір адам өзге бір қалада тұратын достына хат жібермек болыпты. Әрине, Қожаға келіпті.
Қожеке, хат сызып беріңіз…
Жоқ, қолым тимейді, уақытым жоқ, — деп Қожа баж ете түсіпті.
Қожеке, өтінем, жазып бере қойыңыз… Өз қолымыз білмеген соң
ділгер боп тұрғаным…
Жо-жо-жоқ, уақытым жоқ, әуре қылмаң…
Е, Қожа тақсыр, жазып бере қойыңыз, не алсаңыз да…
Уа, мұсылман! Уақытым жоқ… Жоқ деген соң жоқ! Барың!.. – деп,
Қожа ашуланып қуып шығыпты.
Ол бейшара Қожаның есігін шыдатпай, келіп жылына беріпті. Қожа осы күнгі кеңсе төрелерінше: – Уақытым жоқ, — деп қайыра беріпті. Бермейтін сараң жоқ, сұрауы жетсе дегендей, келе-келе кейіннен Қожаның түсі жылыған соң, сөзге келісіпті.
Қожеке, сіздің осы бір жапырақ қағаз жазып бергенге қанша уақытыңыз кетеді? — деп сұрапты. Қожа:
Жоқ, бірадар, әңгіме жапырақ қағазды жазуда емес, оның артында
жатыр… — депті.
Артында несі жатыр? — депті анау.
Артында несі жатыр дейсің-ау сен! — деп, Қожа тағы алара қарапты.