Жайлаубектің жауыры – аурудың ауыры
Шойын жолдың бойына шығуға Алматыдан автомобильге отырып ек, тықырқай қара жігіт бірге отырды. Жөн сұрастық.
Түрксібте қызмет істегелі бір жылдан асты, ат бақтым, арба айдадым. Аға жұмысшы болдым. Бүгінде жүк тасимын. 65 сом айлық алам, союзда мүшемін.
Шоқпардан жол өтіп кетті. Сондықтан бізді 3-учаскеден 4-учаскеге жіберді. Оған бүгін 17 күн. Бала-шағаммен келіп ем, он күн сергелдеңге түстік…
Не ғып?
Ол ауыр күрсініп қойды.
Әшейін…
Әшейін он күн сергелдеңге түскенің бе?
Иә, әшейін, айтып керегі жоқ.
Мен тоқталып қалдым. Бірталай жер кеттік.
Өзге сөздер араласты тағы:
Қалаға қашан келіп ең?
Ол тағы ауыр күрсінді.
Мен әуреге түскелі – бүгін 10 күн. Осы 10 күнде Алматыға екі келіп, екі қайтам.
Неге?
Тек әшейін, бір болымсыз кесір кездесіп, әлекке түсіп қалғаным…
Тағы күрсінді. Өзінің де айтуға оқталып-оқталып отырғандығын сезіп:
Оныңды айтпайсың ба? — дедім.
Айтып керегі жоқ еді айтсам айтайын.
Айып етпеңіз.
Мен жөнделіп отырдым. Ол бастады:
Мамырдың 2-күні. Жолдамыз. Жүгіміз бар. Жолда дамылдап жатыр едік… Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан автомобильден арбаға байлаулы бір атым үркіп, үзіп кетті. Ұстатпады. Бір атыма міне қудым. Олай қашты, бұлай қашты. Азар ұстап алыстық. Арт жағым дала-дала болып ойылып қалыпты. Бойым суыған соң жүре алмадым. Түнде ұйықтай алмадым. Удай ашытты. Дәрі сүйкетіп алсам тез оңалар, не бірер күнге бостандық алармын деп 4-учаскенің бірінші станциясындағы фельдшерге келдім…
Жайлаубек басынан өткен он күнінің тарихын түгел айтып шықты.
Сонымен әңгіме бітті.
Мен де ауыр бір күрсініп қойдым. Ардақты оқушылар, әңгіменің арғысын менен сіздер дәметпей-ақ қойыңдар.
Неге дейсіздер екен.
Әшейін, көңіл көтерерлік күлкі емес, удай ащы әңгіме болған соң, айтып керегі жоқ.
Ал, алда-жалда қолқалайды екенсіз, айтсам айтайын. Бірақ ғапу өтінем.
Ал жөнделіп оқы.
…Жайлаубектің фельдшерге келген бұйымтайы – құйрығына дәрі сүйкету, берсе бірер күнге ат айдамай бостандық алу.
* * *
Жайлаубек фельдшерге келді. Ақ желек киген абажадай фельдшер:
Шом дияла? – деді.
Жайлаубек талтайыңқырап тұрып:
От-от, товарищ доктор, дәрі давай, дәрі давай, осы жағым құйрығым… – деп қолын арт жағына сермей берді, доктор:
Сними штан.
Ыштан шешілді. Жайлаубек тоңқайды. Қасқыр тартқан қойдың құйрығындай қызыл-ала бөксе доктордың көз алдына бар мәзірін жайды.
Подними штан. (Іш киіміңді көтер.) – деді де, мұрнын тыжырып, фельдшер теріс айналып кетті. Үстеліне отыра қалып, бір-екі түрткілеп, қойтымдай хат жазып, қағаз қалтаға салды. Оны жып-жинақы жабыстырып, сыртына адресін жазды да, Жайлаубекке ұстата берді.
Мұны не қылам?
Дәрі аласың.
Қайдан алам?
Қарғалыдан. Мына конвертті ондағы докторға көрсетсең, дәрі береді.
Ендеше, солай жүк тартып барғанда-ақ аламын.
Нет, нет, нельзя… Қазір кетесің.
Фельдшер Жайлаубекті жүретін автомобильдің біріне мінгізіп те үлгірді.
Жәкең түнделетіп Қарғалы келді, доктордың қағазын докторға берді. Тағы:
Сними штан!
Дамбал аяқтың басына түсті. Жайлаубек тоңқайды. Бағанағы қызыл ала құйрық бұл докторға да сәлем береді. Тағы:
Подними штан!
Доктор үстеліне отырды. Жайлаубектің қағазының үстіне тағы үстеп бірдеме жазды, конвертке салды. Дағдап жапсырды да, Жайлаубекке ұстата берді.
Мұны не қылам?
Дәрі аласың.
Қайдан алам?
Алматыдан.
Алматы алыс қой, ат-арбам далада қалды, алақандай артыма дәрі жақтырам деп Алматыға барып жүремін бе, үйге қайтайын…
Нет, нет, нельзя… Қазір кетесің!
Учаскелік доктор Жайлаубекті арбаға мінгізіп те үлгерді.
* * *
Жайлаубек Алматының жолында. Құйрығы қуаланды пәле боп жабысты. Докторлардың бұл қай «қамқорлығы» екеніне түсіне алмады.
– Е, бұлар доктор ғой. Құйрығымды қамсыздандырудың қамында шығар, барып-ақ қайтайын…
Күн-түн қатып жүрген Жайлаубек Алматы жетті. Саулық сақтаудың «қай ауылы» екенін білмейді. Әйтеуір «Оязнай» дейді. Кеңес кеңсенің аузы-мұрнынан төгілген халық. Бірі-біріне, жаудан жаман жақтырмай бұқаша қарасып, тесікке телміріп тұрған очередь.
Жайлаубек сарылып очередьке тұрды. Есі кетіп, жан шыққанда тесікке таянды.
Ақ желек киген әдемі бикеш жөн сұрады:
– Қай докторға?
Жайлаубек пакетті ұсынды. Барышня пакетті ашып, Жайлаубекке жеркене қарады да, тебінгендей анкетті қолға алды. Мүңкір-Нәкірдің сұрауын салды. Жеті ата, жеті мысты социальный положениясы, социальный происхождениесі, туып-өскен жері, түп-тұғияны, дүниеге көзқарасы, бала-шағасы, қай тілде, қай дінде екендігі, бұрын немен ауырып, немен жазылғандығы, неше рет ауырғандығы, неше рет құсқандығы, қатынды қашан алғандығы, шалап іше ме, көже іше ме, ішсе неше аяқ ішеді, неше уақ ішеді – бәрі сұралды. Бәрі жазылды. Аяғында бір докторға шек алды. Шекпен келіп тағы очередьке тұрды. Очередьті тауысып, тағы кабинетке келді. Кабинетте – доктор. Доктор тағы әңгіме жазды.
Жайлаубек ұйықтай ма, ұйықтамай ма, түс көре ме, іш өте ме, әкесі қашан ауырған, шешесі қанша ауырған – бәрі хатталды. Өлдім-талдым дегенде тағы:
– Снимай штан:
Ыштан шешілді. Жайлаубек тоңқайды. Баяғы құнды құйрық қотырланып, доктордың алдына тартылды.
– Жап.
Жайлаубек жабынды. Тағы қағаз жазылды. Жайлаубекке берілді.
– Пәлен көшедегі пәлен номерлі үйге барасың.
– Дәріні сонан бере ме?
– Комиссия көреді.
Жәкең сонда келді. Жабық. Мейрам. Қызыл жұмыртқаның мейрамы өткенше Жайлаубектің жанына қыл батпайды. Шайханада жатты. Қалтасын қақты. Өлдім дегенде қызыл жұмыртқа да өтті. Мекемелер есігін қайта ашты. Жайлаубек комиссияның үйіне келді.
Тағы очередь, тағы әңгіме, тағы кабинет, тағы доктор, тағы:
– Сними штан.
Дамбал шешілді, тағы тоңқайды. Докторлар, фельдшерлер, үйреншіктер бірін-бірі шақырысты. Көз салысты.
– Енді ертең келесің.
Жайлаубек назаланып, жараланып шайханаға қайтты.
Ертең қайта келді. Қолына бір пакетті берді.
Бізге жіберген докторға барасың.
«Оязнайға» келді. Пакет береді, пакеттен қағаз шығады. Доктор қағаздан мына жазуды оқиды.
«Бұл гражданның қаны таза, аурудың белгісі жоқ» деген. Доктор енді Жайлаубекке:
Қайта бер, – деді.
Қайт десең қағаз бер, – деді. Доктор шокаң етіп қолын қояды да, больничный листісін қолына берді. – Мөріңді баспайсыз ба?
Нет, осы жарайды, бара бер.
Сонымен Жайлаубек алғашқы орнына қайтады. Осы әлектен алты күн өтеді. Алты күн жұмыс қалады. Алматымен екі орта арлы-берлі бос айдау болады. Қажалған құйрыққа дәрі де жағылмайды. Дәрігерде емдемейді. Тек біз сұғып алады. Қан алады. Жайлаубектің жауыры өзінен-өзі-ақ қара қотырланып жинала бастайды.
Жайлаубек жауырының алғашқы сериясы сонымен бітеді.
Үзіліс жарияланады.
* * *
Енді екінші сериясы басталады.
Оқушылар орын алыңдар.
Бірінші станцияның фельдшеріне келсін.
Маған дәрі бермеді. Босқа сандалтқаның қалай, доктор?
Неге қайттың?
Қайтарды.
Неге қайтарды?
Қайтарды.
Қағазың бар ма?
Бар, міне, доктордың қойған қолы…
Мынау, бұл қағазда сөз жоқ.
Қол қойды ғой.
Иә, қойылған, бірақ, қойылған қол сенің ауруың туралы «ләм» демейді. Тек сенің Алматыда болғандығыңа, доктордың көрегендігіне қойылған қол…
Енді не керек?
Енді емделу керек.
Неден?
Мерезден, сифилистен.
Жайлаубектің көзі алақандай болды. Өзінен-өзі қорқады. Доктордың
доктордан-докторға, қаладан-қалаға, кабинеттен-кабинетке үндемей тымырайып айдай беретіндігіне жаңа түсінеді. Құйрықтың жалағы жайына қалады. Құйрықтың іш жағында бұғып жатқан білім, жасырынып жатқан пәлем – құлғанам, мерезім бар екен деп шошынады.
Доктор-еке-ау, мен сау едім ғой, шойын жолда жұмыс істегелі бір жыл басында комиссия қарап алған. Онан беріде Шоқпарда доктор ай сайын қарап тұрған. Тегі, онда аты жаман аурумен ауырған емен…
Ауру еместігіңе Алматыдан қағазың бар ма?
Қағазды бердім ғой.
Нет, ол жарамайды.
Мен өтірік айтам ба?
Өтірік айтасың. Сен қашқынсың. Мен білем сені, онда оңашалап (изолятор) қойған шығар. Сен қашып кеп тұрсың. Мен мұны тиісті жеріне білдірем. Ол менің міндетім. Сен өзгені былғайсың. Мен саған жауапты.
Жайлаубек шошып дистансасының бастығына келеді. Начальник көзілдірікті асыра қарап, ақыра қоя береді:
Сен алты күннен бері жұмыста жоқ деп рапорт берді. Қайдасың?
Ойбай, Алматыға айлап жіберіп, осыдан жаңа келіп тұрғаным жоқ па…
Начальник фельдшерден справке алды. Қайтадан Жайлаубекке шоқшаяды.
Қашқын. Дизертер, жұмыстан шығасың, сотқа берем…
Жайлаубектің жауыр құйрығы ала майымен солқылдап бүлк-бүлк етеді.
Жылап, жұмысшы кабинетіне келеді.
Ауруың жаман екен, емдел, жұмыста бола алмайсың ғой.
Ойбай, мен ауру емеспін.
Е, біз қайдан білейік, доктор біледі ғой.