КӨРГЕН ДЕ АРМАНДА, КӨРМЕГЕН ДЕ АРМАНДА
Біз, Қызылорда халқы, қалалық киноның басқармасына мың-мың алғыс айтамыз. Ол азаматшаға тәңір алдына дейін тәңір жарылқасын айтуға борыштармыз. Биыл ел алдымен ебелек ұшып, «Мемлекет театры» дегеніміз желпілдеп, Алматы жөнеліп, жетімсіретіп кеткен жайымыз бар еді. О шіркіндердің де жетіскендігін есітіп жатырмыз. «Басында үйі жоқ, әркімнің босағасында түнеп жүр» деп ұзын құлақтан естиміз.
Біздің көңілімізді көтеретін жалғыз Көркино байғұс. Қайтсын, табанынан тік тұрады. Зыр жүгіреді. Афишасын жапсырады. «Совет степке» бастырады. Үйін жылытады, сыпыртады, билетін береді, орын көрсетеді, уақытында бастайды. Таспасы тозыңқырағандақтан тарс үзіліп кетсе де, жарты сағатта жалғап жібереді. Көрсеткен суреттің де алды-артында жуан-жуса әйелдеріне ән салғызады. Әйтеуір көңіл көтереді. «Барымен базар» дегендей Қызылорда халқы жазды, күзді, қысты осымен өткізіп келеміз. Көркиномыздың өркені өссін!
Біз, жергілікті халық Көркино байғұстың ықыласына аса ырзамыз. Шамасы келгенше мәдениет майданына ат салысқанына, өзімізбен бірге аттанысқанына дардаямыз. Шарқы жеткенше картинасын қазақшаландыруға белсенді кіріскеніне біз жергіліктілер, арт жағымыз шелектей болады. (Мен ғапу өтінемін!)
Көркино көптен қазақы. Жаздан бері бірталай «қазақыландырылған» сурет көрсетті. Түсінбесек те талай «қазақшаны» өзіміз көрдік. Қазақшасын түсіне алмай, орысшасын оқи алмай талай құрамай қаптық. Бекер, обалы кәні, онысын айтпай отыра алмаймыз.
Тілеуіңді бергір Көркино жақында «Жарық қала» деген суретті көрсетті.
Жарық қала не? Түрдің жарығы ма, жоқ, «жарық астау» дегендей қалаң жарылып жатыр ма? — деп оқушы жағалай жармасы түсер ме екенсің. Қалай ұғынсаң, солай ұғын, еркің. «Жарықты» жанымнан шығарып отырсам, жан қалтамнан алып отырсам – сенікі жөн, әйтпесе:
Мен ғапу өтінемін! Оның орысша аты, «Светлый город». Өзі «Жарық қала» десе – жарық қала. «Жақсы лебіз – жарым ырыс» дегендей «Жарық қала» қойылғалы Қызылорда жап-жарық. Шырақ қып отырған жалғыз машина-қазан бар еді. «Жарық қала» келгелі жарылды да қалды. Жануарға өлі тисе керек. Жазылғанша жанымыз жай табатын емес: күн еңкейсе-ақ көшеде қошқарша сүзісетіндікке жолықтық. Күн бардан күйбеңдеп төсек салатын болдық. Киросинді алу үшін «профиранс» білу керек білем, онан мен өз басым мақұрыммын.
Мен ғапу өтінемін!
Ал, «Жарық қала» суретін көрген де арманда, көрмеген де арманда, әсіресе өзінен де жазуына арманда.
* * *
Алматының ар жағында «Шелек», «Есік» деген екі поселке бар. Осы екі қаланың арасының неше шақырым екендігіне жолда келе жатқан екі тілмаш таласа кетіпті. «Жүз шақырым» деп біреуі айтыпты.
Жоқ, болмайды! — деп біреуі көнбепті. Ақырында жолыққан орыстан сұрапты. Әрине орысшалап: – Әй, тамыр, скажи нам, сколько версть от ведры до двери? — деп «асыра сілтеңкіреп» жіберіпті. Бұл тілмаштың дәл аудармасы. Ал жаңа, тілмаштың қазақшылағаны мұнан да көңілді. Көңіл көтерейін деген кісі «Жарық қаланы» көрсін. Бірақ, бір көңілсіз жері, «Жарық қаланың» жазуын қазақшалаған «азаматшаның» кім екендігін «сразы» біле алмай ынтығады. Оны білу – мекемелерден бюрократизмның белгісін іздеумен бір бас. Із де жоқ, түз де жоқ, дәйек те жоқ, дерек те жоқ. Жазуы да арапша, тілі жынша, өз аты жоқ. Ал, тамыр, тапшы!
Картинаны көргенде оның не болып, не қойып жатқанында менің жұмысым болған жоқ. Алғашқы жазуы жарқ еткенде-ақ қазақшасы көзіме оттай басылды. Қазақыланғанына қуандым. «Жаса!» деп жіберейін деп едім, ұят бола ма дедім.
«Қазақылап берген қайырымды азаматшаның» кім екендігіне ынтызар болдым.
Оның тамыры Березкин.
(Березкин его друг.)
Қатын неге алмайсың?
(Почему не женишься?), —
дегеніне қарап тілмашты қазақтың қара байырғы қол тумасысың-ау деп дәмелендім. Оның қисыны болмады.
Мен ғапу өтінемін, қашаннан бері еріңні көрмәгән әлі?
«Ерімні ізлеймін. Петр Артемпичтің» дегенінен тілмаш татар болмас па едім, оның да жөні болмады.
Бойлай жиылыс, газет… ең болмаса менімен сөйлес тағы… дегеніндегі «бойлайына» бойлап Орал, Бөкейдің бірі болар десем, одан да ештеңе шықпады.
Күн шығысымен жарық қала шашылды.
Всходом солнца светлый город рассыпался.
Мен оған барлық станцияның тізбесін оқимын. Дәміне қарай таңдасын.
(Я буду читать ей список станцией, пускай она сама выбирает по вкусу.)
Мен ғапу өтінемін, ләззәті жалғыздыққа…
(Я извиняюсь в приятном одиночестве), – дегендерінен перевод қылған тілмаш орыс екен-ау деген қорытындыға ұйғарылып едім, ол да қорымады.
Ақа, мұнда бір азаматша қай станцияға барарын білмей қысылып тұр.
(Папаша, здесь одна гражданка затрудняется ехать на какую станцию.)
Осындай адреспен моссельпромға кіріп кетерсің!
(– С таким адресом зайдете в мосселпром!)
Олардың қоғамдық тамыры Тоня.
(– Их общественный друг Тоня)
Ах, айтпаңыз, бүгін жалмауыз ерлер жоғалды.
(– Ах, не говорите, нынче проклятые мужи, исчезли.)
Менікі де солай жоғалды. Өзім де алементке тұрам.
(– Тот тоже исчез. Я сама существую на алименты.)
Ізде, ізде, тағы өсекші жоқ па екен.
(– Ищи, ищи, нет ли еще чего развратного.)
Тіке айт! Менімен Артемов.
(– Скажите окончательно, я или Артемов?)
Сен мені мұрындап жетектейсің.
(– Ты меня за нос водишь.)
Сен мені ауыл тентегіне санайсың.
Ты меня считаешь за дурной деревенской… дегендерінен тілмаштың қай заттан екенін ажырата алмай шарадай басым шақшадай болды. Переводтарын қылға тіздім. «Мұрнынан жетектедім». Түк шықпады.
«Менікі де солай жоғалды!»
Тағы қарадым, «Жарық қаланың»:
Күндер қашты.
Бежали дни, -жазулары жарқ-жарқ етті.
Алдында ауру баласы бар Настасия деген әйел «Жарық қаладағы» Артемов деген күйеуін іздеп отарбада келе жатты. Станцияға жақындады. Вагонның бақташысы әлгі әйелге келді де көптің көзінше:
Саған қазір екінші міну! Жинал! (Сейчас вам пересадка, собирайтесь!), – деді. Мәссаған! Май тілесең, мә құйрық! Жағамды ұстадым. Картина тамашасында отырған жергілікті тұқымды еркек-әйел бірін-бірі түртті. Әйел болса бетін шымшыды. Еркек болса мырс-мырс күлді. Тілмаш болса, не күйсеп тұрғанын бір құдай білді тек. Өзі біледі.
Вагонның бақташысы Настасияға қолақпандай қылып жоғары «мінуді» айтқанда вагонда халықтан жырылған, тұқырылған ешкім болмады. Үйткені ол жерде қазақ болмады. Қазақ болмаған соң бақташының сөзін ешкім перевод та қылмады. Бақташы айтқан соң Настасия баласын алып, поездан түсуге ұйғарылды. Үйткені бақташы Настасияға мынаны тілмаштың тентектігіндей бөтен ен нәрсе айтқан жоқ еді. Жалғыз поезд станцияға жақындағанда:
– Сейчас вам пересадка, собирайтесь – деп өте шыққан. Осының аудармасы жоғары айтқан, ол тілмаш түсінікті:
– Саған қазір екінші міну, жинал! – болып шыққаны.
Міне, бағанадан тілмаштың кім екендігін білмей отырған басым осы «шығармасына» келгенде тілмаштың үстінен түстім. Кім екендігін біле қойдым.
Тілге қылдай қиянат қылмайтын тілмаш екен!
Сөздің қылшығын қыңыр айтпайтын тілмаш екен!
Жөн айтылған сөздің қыртысын айналдырып, асыра сілтейтін абұрайсыз шіркін екен!
Сен мені «Ауыл тентегіне санайсың» деп өзі айтқандай, оны тіл тентегіне санайтын адам екен!
Жанды сурет сықылды жалпының ортақ мүлкі, мәдениет жабдығын өзінше былғап отырған бір «ботқа асатар» екен!
Асағаны арам екен.
Сүйтіп күйіп-пісіп отырғанымда картинаның жазуы:
Үзіліс жарияланды, — деді.
«Мұнысы не екен!» дей бергенімше, орысшасы шыға келді:
Объявляется перерыв… — екен.
Терлеп-тепшіп далаға шықтым. Көркиноның маңдайшасындағы айшықты жазуы «вывескасы! Көзіме түсті: «Горкино» депті.
Көріңде өкір, Көркино! Халыққа не көрсетіп жатқаныңды өзің де көрмейсің-ау, — дедім.
«Соқырдың қолына, саңыраудың астына түспе» — деген осы-ау дедім.
Саңырау, мылқау картинаның халықты қалай боқтап, қалай даттап жатқанын өзің де білмейсің-ау, — дедім. – Қызылорданың сорлы жергілікті халқын өз ақшасына өзін сөгіп, не қылып, нетіп жатқан тентектігіңді түсінбейсің-ау, — дедім.
Алдымен өздерің қазақылансаң қайтер еді, шіркін! — дедім. Сүйтіп кейіп тұрдым.
Көркиноның вывескасы ала көлеңкеде мені жақтырмай қабағын түйгендей болды.
Мен, ғапу өтінемін! — дедім.
«Жарық қаланы» көрген де арманда, көрмеген де арманда. Көрсеткен көркино да арманда.
Сонымен:
Үзіліс жарияланды.