ӨК, КӨК ӨГІЗ
(Газеттерде жер сілкінді деген хабар көбейіп кетеді)
Өк, көк өгіз! Сыпыр алғыр сүйкенбе!
Неткен қаскөй, мойнын жерге үйкеуге.
Сүйкенем деп өзі бос жерді қиратып,
Осынша елді тозаққа қулатып үйте ме?
Сыпыра алғыр, тыныш тұрса нетеді,
Жер шайқалса жұрттан зәре кетеді.
Бас шайқаса, қоқалақтап қара жер,
Тақиядай елпең-елпең етеді.
Өк, көк өгіз! Қарасан келгір, қышынба!
Сәйгелді ме алып тұрған қысымға?..
Дәл басып тұр тұяғыңды аудармай,
Балығыңның төбесінің тұсына.
Қой, көк өгіз, оқыралап тулама,
Мұсылманды құлатқаның тура ма?
Сабан да сол, топан да сол, күйсей бер,
Мұса молдаң қол көтерсін дұғаға.
Селкектетіп салғаның не азапқа,
Не өшің бар ед, мұсылманда, қазақта?
Мұсылмандар қоламтаға күймей ме,
Салдыр-күлдір құлап кетсе тозаққа?
Өз астыңда орнықты емес балық тұр,
Одан төмен ыстық тозақ жанып тұр,
Жер шайқалса, ана балық туласа…
«Астапыралла!» қулап кетпей, нағып тұр…
Өк, көк өгіз, ошақ болғыр! Сүйкенбе, өк!
Мүйізіңді нық қадап тұр икемдеп.
Сиырлығың ұстап тұр ма сипақтап,
Құлатасың кикең-кикең етем деп.
Жыбыршыдың, тықыршыдың сонша көп,
Астың су-бу, былаулап тұр монша боп…
Үстің қазақ, астың тозақ, туласаң,
Үйтілерсің қара құйқа борша боп.