ЕКПІНДІ БҮЛДІРГІШ
«Шаш ал десе, бас алған» — деген мақал  қай заманға болса да қабысады да тұрады. Қай дәуірге болса да жабысады да тұрады. Үйткені ұрда-жық, орашолақ, бүлдіргіш қай заманда болса да болады.
Қай халықтан да табылады. Орашолақ, шаш ал десе, бас алар – феодализмде де болады. Капитализмде де болады. Енді мына социолизміңізде де жүр.
* * *
Алматының округтік ұйымдары, әсіресе, округтік комсомол комитеті окрмалсоюз ауылдың жаппай ұжымына социолизмге жедел жәрдем бермек болды. Топ-топ жұмысшылардан, жастардан, қызметшілерден бригадалар құрылды. Көп ішінде ала-құла болмай қоя ма? Бригады болып жақсылармен бірге орашолақ, үркөппелер кетті. Осындай орашолақ, қиянкестердің біразы Шоқпар барыпты. Суыт іске кірісіпті!
Ауданның атында осындай боларына көрінді ме, о басында да «Шоқпар» қойған екен-ау, оған мына ұрдымжықтар дәл келер ме?! Алматыдан аттанған екпінді бригаданың адамы үшеу. Үшеуі де қазақша «жолдас» деген сөзден басқаны «мен білмейділер».  Міне, осылар шабуылдап Шоқпарға келе сала хабар жайды.
– Уа, жиылыңдар, округтен бригады келді…
– Уа, келіңдер, ұжымға ұйыстырмақ!..
Елдің басынан аяғына дейін шапқыншы шапты. Хабар тарады. «Екпінді бригады» елді жинаттырды. Алқынып батырақ келді. Жұлқынып белсенді келді. Көтеріле бригадының адамы – үшеу. Үшеуі де қазақша «жолдас»  кедей келді. Осылармен бірге орташа болды. Жиналыста болатын әңгіме – алтау:
  • Қазіргі ағым, ұжым құрылысы туралы бақандай баяндама – екпінді топтың командирі істейді. 2) Оның переводы. 3) Елдің малын, жанын хаттау, ауыл-ауылдан екпінді бригады (комиссия) жасау. 4) Оның переводы. 5) Ұжымның уставын бекіту. 6) Оның переводы.
Міне, «екпінділер» істі осылай бастайды. Бұлар істі ғинуардың 20-нан бастады. Яғни,  бұл  «екпінділер»  ел  шетіне тигелі айдан асып барады. Содан бері ауылдан-ауылға, елден-елге шабулы. 1-2-3-4-5-6-7-8-9-10-ауылдардың бәрінде де болды. Бәрінің де белсенділерін жиды. Бәріне де өсиет айтты. Бәрін де «қандырды». Бәрін де «сендірді». Бірақ не істеп, не күйсеп жүргенін кім білді? Білу үшін 6-ауыл белсенділерінің, кедейлерінің жиылыс қаулысына көз салсаңыздар болғаны.
Әрине, протокол бірінші мәселеден бастайды. Ол:
– Ел арасынан колхоз ұйымдастыру туралы округтен келген бригадының доклады:
 
Қаулы
«6-әкімшілік ауылда кімде-кім колхозға кірмеген адам жолықса, өзін жерден пайдалану құқығын жойып, малын конфеске қылып және сотқа беріліп, жер аударылсын», — дейді.
Сонымен, «екпінді қаулы» елге естіртіледі. Елде зәре жоқ. Бай-құлақ бұл сөзді іліп алады. Елге өсек таратуға табылмайтын қаруға қолы жетеді. Батырақ, кедей, орташаны ал, ұжымның осындай, ұжымға да кірер ме екенсіңдер? — деп азғырады. Сондайлардың әсерінен және мынадай «ақыр заман» ұжымның не екеніне көзі жетпей:
«Байқай тұрайықшы» — деген батырақ, кедейлердің бірнешеуі тұтқынға алынады. Бірнеше орташалардың мал-жаны хатталып, «конфискеге» ұйғарылып қойылады…
Одан әрі қарай 2-мәселеге көшеді. Ол:
– Елдің мал-жанын хаттау науқаны. Округтік екпінді бригадының аудандық екпінді бригадысының ауылдық екпінді бригадыларын жасайды. Елдің мал-жанының есебін алуды жүктейді. Басы – Алатау, аяғы  – Балқаштан шашылып жатқан елге өткен жылғы шаруа салығының есеп науқанындай науқан қайта ашылады.
Одан әрі қарай 3-мәселеге көшеді. Ол:
– Ұжымның уставын бекіту.
– Осылай боласыңдар, уставтарың осы. Осыдан айырылмаңдар! — деп
бір кітапты екпінді түрде оқып шығады. Әрине, оның бәрін бір ауданнан екпінді түрде бригадының шаңырағына мінгізілген екпінді переводчик екпінді түрде перевод қыла береді.
Ол устав – ауыл шаруа қазір серіктерінің уставы болады:
Одан әрі қарай екпінді сұраулар басталады:
– Тамақ қайдан?
Екпінді жауап:
– Бардан…
– Қалайша бардан?
– Әр айға үш қойдан…бір үйге сол дұрыс болады.
– Онан әрі қайдан?
  – Үкіметтен…
 
* * *
Міне, осындай екпінді жиналыстар осылай ашылып, екпінді түрде осылай тарап отырады. Сонымен солай… Шоқпар ауданына боран соққандай. Ел – саңырау, жұрт – керең… Не екеніне, не болатынына ешкімнің көзі жетпейді. Кедей, батырақ, орташасы, байы тек:
– Е, құдай өзің жөнін бер!..
– Е, шырағым өзің біле бер… Біз, әйтеуір… – дегенмен қарап отырады.
Сонымен, бұлардың жұмысының аузы, мұрны осы болады. Бұлар осы күні осыны істеп жүр. Бұлар Шоқпарға шапқалы айдан асып барады. Әлі ұйысқан бір ұжым жоқ.
* * *
Осы хабарды алысымен басқарма, округтік малсоюзға телефон соғады емес пе.
Шоқпарға жіберген бригадыңыздың кімдер екенін білесіз бе?
– Білеміз…
– Не істеп жатқанынан хабарыңыз бар ма?
– Бір айдан бері хабар жоқ еді. Бүгін мына бір телеграмм алып отырмыз. Телеграмнан шошып отырмыз. Түсінбейміз де…
– Қаны оқыңызшы (оқылады)…
– Аттан! Аттан! Жұмыста бүліншілік. Былыққа баттық. Бізді ауданға шақырып кетті. Тезірек жаңа бригады жіберіңіздер.
– Ім… мынау рас шошитын телеграмм екен… Жөнді адам неге жібермедіңіздер?..
– Оған біз бейноват емес. Округтік партия комитеті мен округтік комсомол комитеті біледі. Бізге бригадыны берген солар…
Міне, окрмалсоюздың бригадысы туралы бар білгені осы болды.
* * *
Шоқпар – мал шаруалы аудан. Таза қазақ ауданы. Жаппай ұжым боламыз деп отырған аудан. Үмітті аудан. Үкіметтен, әлеуметтен көмек күтіп отырған аудан. Округтен күш, басшылық күтіп отырған аудан. Округтің екпінді топтарын, басшылығын сағынып тосып отырған аудан еді.
Шоқпардың ол тілегі болмады. Сорлады. Шоқпар – бақытты емес екен, сорлы екен. Тастаған шоқпар Шоқпарға тиді. Мынау орашолақтар екпінді түрде игілікті жұмысының быт-шытын шығарды.
Жұмыстың бұл қатесін біз көпке жарияладық. Жарияланғанда – жалғыз Шоқпар емес, өзге жердегі жұмыста да осының сыңары, туысқаны жоқ па екен деген қауіппен жарияладық  шоқпарға тиген таяқ, өзгеге сабақ болсын дедік. Шаш ал десе, бас алатынынан, жұмыстың тас-талқанын шығарып жіберетін кейбір қызметшілеріміздің, мекемелеріміздің, ұйымдарымыздың мына төрешілдігінен, мына салақтығынан сақтан дедік. Елді шошытпа, игілікті істі ірітпе, еңбекшілерді дұрыс ұйыстыр, тура баста дедік…
1930 жыл