Тихонов Николай Семенович
(1896-1979)
1896 жылы 4 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Орыс жазушысы, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері (1966).
Қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Санкт -Петербургтегі сауда мектебін бітірген (1911). 1915 – 18 жылдары атты әскер қатарында 1-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1918 – 22 жылдары Қызыл әскер қатарында борышын өтей жүріп, орыс халқының патриотизмі мен ұлтшылдық идеясын қолдаушылар қатарында болды. Әскерде жүргенде ең алғашқы көлемді әдеби шығармасы – «Жұлдыздар астындағы өмір» атты өлеңдер жинағын жариялады. Ол жырларында адамзаттың күрескерлік жігері мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін сөз етті. Кейіннен революция мен азамат соғысы тақырыбын тірек еткен «Орда», «Брага» (1922) туындыларын жазды. 1923 жылдан Тихонов Қазақстан, Грузия, Армения, Кавказ елдерін аралады. 1930 жылдың көктемінде бір топ ленинградтық жазушылармен бірге Түрікменстанға барған сапарының нәтижесінде «Юрга» (1930) өлеңдер топтамасы мен «Көшпенділер» (1931) атты очерктер, әңгімелер жинағын бастырып шығарды. Тихоновтың «Вамбери» (1925) повесінде түрікмен, «Тұмандағы ант» (1933) повесінде сван, «Кахетия жырлары» (1935) өлеңдер жинағында грузин, «Теңізден теңізге дейін» повесінде латыш, «Ляби-хоуздағы шайхана» әңгімесінде өзбек халқының өмірі көрсетілген. Осы кезеңде А.Абашели, И.Абашидзе, С.Шаншиашвили, С.Чиковани, Г.Леонидзе, т.б. грузин ақындарының өлеңдерін орыс тіліне аударды. 1935 ж. Парижде өткен Халықаралық конгреске қатысқаннан кейін дүниеге келген «Дос көлеңкесі» (1936) атты өлеңдер жинағында ол әлемді соғыс бұлты торлап, Еуропаны қара түнек жапқалы тұрғанын болжай келе, фашизмді сынады. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде Тихонов Ленинград майданында әскери қызмет атқарды.
«Киров бізбен бірге» (1941, КСРО Мемл. сыйл. 1942) атты романтикалық поэмасында қоршауда қалған Ленинград қаласының қиын-қыстау кезеңін бейнеледі. 50-жылдардан бастап ол шетел тақырыбына қалам тарта бастаған: «Болгар жазбалары», «Югославия жырлары», «Грузин көктемі» (1948; КСРО Мемл. сыйл. 1949), «Екі тасқын» (1951, КСРО Мемл. сыйл. 1952), «Пәкстан туралы әңгімелер» атты өлеңдер жинақтары мен «Шаңқан ғажайып» (1956) повесі, «Жасыл түнек» (1966), «Алты колонна» (1970, Лениндік сыйл.) әңгімелер мен повестер жинағында шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне баса назар аударған.
Оның «Қос кемпірқосақ» атты естеліктер жинағында (1964) замандастары туралы толғаныстары топтастырылды. Тихоновтың Абайға арналған бірнеше мақалалары (1971), Ж.Жабаев пен М.Әуезов туралы келелі пікірлері баспасөз беттерінде жарияланған. Оның қазақ тілінде «Ақын дауысы» (1959), «Замана саңлақтары» (1972) атты жинақтары жарық көрген.
І.Жансүгіров Н. Тихоновтың «Гаудан қақпасы» өлеңін қазақ тіліне аударған.
ГАУДАН ҚАҚПАСЫ
Туған болсам егерде
Азияның жерінде,
Мешхед бенен Калаттан
Кетер едім бұл жақтан
Солтүстікке жол тартып…
Қашар едім құлдықтан,
Кәрлі, зәрлі байымнан,
Жоқшылықтан қаңғыртқан.
Қамшы менен пышақтан
Безер едім бер жаққа;
Туындай зор майданның,
Қуанышымдай ардақты –
Қақпасына Гауданның
Қылар едім тауапты.
Өйткені бұл қақпада
Чарыкерге, құлдарға,
Шаруаларға, диқанға
Жазып қойған тұр сөзі:
«Мұнда Совет Союзы».
Бұл Гауданым – сол Гаудан:
Жатқан мынау жол жылан;
Сол жыланға құрылған
Тұзақ – Гаудан; Сол жаудан
Қағар қақпа – сол Гаудан,
Айда, жылда, күн, түнде
Жау тауының үстінде
Тұрған Гаудан – жауға сақ;
Жауға айбынды қамалдай,
Айдынды айғай, көрген жақ.
Бұл Гауданым – сол Гаудан:
Шығыстағы үнді-иран
Қамалының түбінде,
Коммунизм күніне
Арнап тіккен ту, ұран –
Коммунистер дабылы
Азаттыққа шақырған.
Жау келеді қақпаға
Жай бір ғана пышқыдай.
Онда біздің тұр күзет,
Біздің жұмыс емес жай.
Шегарадығы отряд
Жауға жеккен күшті ұдай.
Өзгені де, өзін де
Тексереді бір тынбай.
Адамды, аттың тағасын,
Гасторгтің қағазын
Қадағалап қарайды.
Өткен менен кеткенді
Қақпа анықтап санайды.
Мұндағы көз қырағы,
Өткір күннің нұрындай.
Қуаныштың қақпасы
Гаудан – шаттық шыңындай.
Егер тауға тіл бітсе,
Кеңестерін гулетсе;
Егер түнге қол бітсе,
Жазып қалам жүгіртсе;
Әлі ақындар айтпаған,
Әлі газет таппаған,
Естілмеген соны сөз
Есітер ек сонда біз!
Шегараның ерлері
Міне, сондай жұмыста;
Ұлы Отанның қақпасы
Гаудан біздің шығыста.
Таң алдында нұр берген,
Маған мұндай ой келген:
Үстіндегі бұл таудың,
Бұл қақпасын Гауданның
Орнатармыз біз бір күн –
Теңізіне үндінің.