Крылов Иван Андреевич орыс жазушысы, мысалшы, ақын. Санкт-Петербург ғылыми академиясының академигі. Орыс әдебиетінде мысал жанрын биік деңгейге көтерді. Шығармаларында өмір шындығын терең бейнелеп, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды шенеді. «Рухтар поштасы» (1789), т.б. сатиралық журналдар шығарды. «Кофе ұнтақтағыш» күлдіргі операсын (1782), 1786-88 жж. «Филомела» трагедиясын, «Құтырған отбасы» комедиясын т.б. жазды. 1809-43 жыдары өткір де, айшықты тілмен, әжуа, ысқағымен ерекшеленетін 200-ден астам мысал жазды. Крылов мысалдары «халық даналығының кітабы» (Н.В. Гоголь) болып табылады.
Қазақ оқырмандарын Крылов мысалдарымен Ы. Алтынсарин («Қарға мен түлкі»), А. Құнанбаев («Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен кәнден» т.б.) таныстырды. А. Байтұрсынов Крыловтан аударған және өзі жазған мысалдардан «Қырық мысал» (1909) атты кітап бастырса, С. Көбеев «Үлгілі тәржіма» атты кітап жазып, оған Крыловтың 37 мысалының аудармасын енгізді. «Мысалдар» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып басылып шықты.
І.Жансүгіров Крыловтың 2 мысалын («Жапырақтар мен тамырлар», «Сыншы-ақ») қазақ тіліне аударған.
ЖАПЫРАҚТАР МЕН ТАМЫРЛАР
Жасанған, жасыл ағаш, жазғы күнде,
Маңайын көлеңкемен жауып мүлде.
Сыбырлап желге ағаштан жапырақтар
Мақтады көптігін де, көктігін де:
«Бекер ме, өлке көркі біз емес пе?
Кім сенер ағаш көркі біз демеске?
Көркейіп, бұйраланған бізбен ағаш,
Айбынды шын сұлудың өзі емес пе?
Ағашта біз болмасақ бар ма көрік?
Мақтансақ тұрған жоқ па жөні келіп!
Ыстықта күйген малшы, талған жолшы
Бәріне тұрмаймыз ба сая болып?
Билетіп малшыларды той қылғандай,
Ерте, кеш күй тартады бұлбұл торғай.
Самал жел, өзің дағы айналсоқтап
Кетпейсің қасымыздан байланғандай».
Дегеңде жер астынан күңкілдеді үн:
«Жән жоқ па, бізге рахмет айтатұғын.»
Жоғарғы шулап кетті жапырақтар:
«Тіл қатқан төмендегі арсыздар кім?»
– Біз солар, қараңғыда жерді қазып,
Сіздерді асыраған беріп азық.
Ағаштың тамыры – біз сізді өсірген,
Білмейсіз бұл күнгеше бізді нағып?
Қашаннан мұның бәрі белгілі ғой,
Жол болсын, көгере бер, көтеріп бой.
Аз ғана арамызда айырма бар,
Жалғыз-ақ осы арасын ескеріп қой:
Жаз сайын жапырақтар жаңарады;
Егер де десек тамыр суалады,
Болмайсыз біржолата сіз де, ағаш та,
Қопарыла құлауға қуарады
СЫНШЫ-АҚ
(Еркін аударма)
Тоғайдағы бір есек жолықты бір күн бұлбұлға;
Тәтті тілді, мұнды үнді жолықты бұлбұл бұл қуға.
Есек айтты: «Бір сайра! Шығар екен не пайда?
Рас па екен сынайын, мақтаушы ед әркім, әрқайда».
Салды бұлбұл енді әнге, құйқылжытқан келді әнге,
Тау менен тас мұңданып, арғы мен салды бергі әнге.
Қоян, қозы, қой, қасқыр, тоқтап қалды жел де әнге;