Генрих Гейне
(1797 – 1856)

 

Генрих Гейне неміс ақыны, публицист, сыншы, ХІХ ғасырдың көрнекті қайраткері. Орташа дәулеті бар еврей отбасында дүниеге келген. Берлин университетінің заң факультетінде оқығанымен, филология мен философия факультеттерінің лекцияларына өз қалауымен барып қатысқан.
Шығармалары 1820 жылдан жариялана бастады. 1827 жылы жарық көрген «Өлеңдер кітабында» халық әндерінің әуендік, ырғақтық ерекшелігін дәл танып, оны жаңашылдықпен дамыта білді. Халық әндері негізінде жазылған өлеңдеріне саяси және әлеуметтік астар, өзгеше өрнекпен өң береді. «Сапар суреттері» (1831) атты прозалық туындысында Германияның ауыр кезеңі, халықтың жағдайының төмендігі, заңсыздық пен ғылымның өмірден алшақтығы бейнеленген.
1831 жылы  Францияға кетіп, өмірінің ақырына дейін саяси эмигрант болады. «Франция істері» (1832), «Лютенция» (1847), «Людвиг Берне» (1840) атты шығармаларында Франциядағы саяси және әлеуметтік жағдайларға өз көзқарасын білдіреді. «Француз суретшілері» (1831) деген очерктер мен «Француз сахнасы туралы» (1837) деген хаттар жинағы арқылы өзін қаламы қарымды сыншы ретінде танытты. Оның суреткерлік қуаты «Атта Тролль» (1843) саяси поэмасында, «Қазіргі өлеңдерінде» (1844), «Германия. Қысқы ертегісінде» (1844) көрініс тапты. Гейненің шығармаларының жаңа белесін айқындайтын «Романсеро» (1851), «Мойындау» (1854) өлеңдер жинағы жарық көреді. «Германия. Қысқы ертегі» (1938), «Аңыз, ертегі, өлеңдер» (1965), «Лирика» (1971) т.б. шығармалары қазақ тілінде жарық көрген.
Генрих Гейненің «Тоқушылар», «Салауат», «Егіншіге» атты шығармаларын Ілияс Жансүгіров қазақ тіліне аударған.
 
       ТОҚУШЫЛАР
 
Тұнжыраған көздерінде жасы жоқ,
Тісін қайрап, ермекте отыр осы топ.
Арқауына үш лағанат қосып біз,
Германия, кебініңді тоқимыз!
Тоқимыз, тоқимыз!
 
Аязда да, аштықта да жалбардық.
Ол алдады, бос үмітпен сандалдық.
Ол қорлады, күттік, бізді қылды ақымақ,
Біз табынған құдайға бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!
 
Жарлымызға рақымы жоқ зарлаған,
Жалғыз тиын ақшамызды жалмаған.
Жарлығымен итше бізді деген «ат»
Бай королі, корольге бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!
 
Масқаралық, сұмдық мүлде жайылған,
Әр гүл онда көтерілмей жайраған.
Шірік қаптап, өңезденген нас, ылас,
Жалғаншы, арам отанға бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!
 
Қылыш зыр-зыр, өрмек дір-дір етеді,
Біз тоқимыз күндер-күндер өтеді.
Арқауына үш лағанат қосып біз,
Германия, кебініңді тоқимыз
Тоқимыз, тоқимыз!
 
         
        САЛАУАТ
 
Мен қылыш, мен жалын!
Алғашқы түнгі соғыста,
Алдымен отты мен жаққам,
Алдымен мен ем айқасқан,
Алдымен оқты мен атқам.
 
Айналам өлік жусаған
Жолдастарым сүйегі.
Бірақ біз жеңдік жау,
Жеңуін жеңдік-ау;
Жусаған өлік айналам,
Жолдастырым сүйегі.
 
Шырқалған жеңу жырында,
Күңіренгендей көр шуы.
Әлі ерте күнде жан тынар,
Қуануға жөні жоқ,
Мұңаюға орын жоқ,
Тағы да дабыл даңғырлар.
Тағы да майдан қансырар…
Мен қылыш, мен жалын.
 
         
            ЕГІНШІГЕ
 
Торғын топырақ қусырап,
Алтын дәнді жер бүркер.
Онан да төмен түсіріп,
Салқын тәнді көр бүркер.
Тарашта, талма дәнді сеп,
Өнер егін еңбекке.
Жалғыз-ақ үмітке өлім жоқ
Көрде де тірі көкіректе.