ШЕШІЛМЕГЕН ЖҰМБАҚ
І
Кәдімгі қара қатқақ күздің күні. Ел тарысын қаралап, күзектеріне қонып, күземін алып жатқан уақ. Қараша туды деп, қошқар, текелердің де күйегін шешіп тастаған.
Біз төрт кісі Аламанның асуындамыз. Төртеудің біреуі – Ташкенттен келген Халық Ағарту Комиссариатының …інші номерлі табаны күректей мандатымен жүрген Төреқұлов. Бірі – мен; екеуі – лаушы. Жүрісіміз – шабуыл. Біздің төл аттарымыз ылаушылардың жетегінде. Ауылдан аттанарда-ақ мылтық пен қоржынды ылаушыға артқамыз. Күн қызарып батып бара жатқанда ақ көбік аттарды пысылдатып, таудың дәл жотасына шықтық.
Біз жотаға шыққанда сайды өрлеп соққан желдің өті Төреқұловты тоңдырайын деді-ау деймін. Менің басымда жалбағай тұмақ, кигенім күпі, шекпен; ызғырық түгіл, боран соқса да қырт дейтін емеспін. Торы айғырдың белінде қайқайып тұрғанда, жолдасым қолын уқалап-уқалап, едірейте киген қызыл жиекті делегейдің астында қып-қызыл болып тұрған құлақтарын кезек-кезек ұстады. Мен жолдасым атын білмейтінмін. Батпақтай ғып: «Төреқұлов-еке» дегенге ауызым бармайтын. Сөздің көбін «сіз» бен ғана алып жүретінмін де, қажет болғанда ғана «товарищ» дейтінмін.
Күн батып барады. Шыдамадым: «Товарищ, енді қанша жер?» деп едім, жолдасым бір шоқатқа шығып тұрып: «Мына алдымыздағы кең саймен жүре берсек, арғы көрінген кер жазықтың жырақанасында. Бір желсек, Ырысбаланың ауылына жетіп барамыз, жүріңдер!» деді. Жортып кеттік. Бет алған соң немене? Ылау мінген кісі, сағым емес пе? Мінгеніміз ылғи кебек-ұшыққа көбеңсіген шолақтардың тәуірі ғой. Желе шоқырақпен отырып, сам жамырап бара жатқанда Ырысбаланың ауылының дәл үстінен түстік. Аңсап келе жатқан ауылдың төбесі – қажылардың кәғбатоласындай емес пе? Тақау келіп қалдық. «Анау отау; анау үлкен үйі…» деп, жолдасым өзінен өзі илігіп маған сыбырлаңқырап келеді. Біздің кім екенімізді білмейтін иттер, иттігін істеп, азан-қазан етіп аттың құйрығымен алысып жүр. Түйе шөгеріп жүрген бір бойжеткен қыз, бізді көріп жүгіре басып үйге кіріп бара жатыр еді, жолдасым: – «Әне, көрдің бе?» — деді. Мен де өзімізге балағансып: – «Сол ма?» — дедім; «сол!» — деді.
Үй артына келдік. Қатын-қалаш, бала-шаға, домбыра ұстаған сылқымдау, үй қыдырғыш бозбалалар да, бәрі жапырлап: «Ат-көлігіңіз аман ба?», «Аман-қайттыңыз ба?» десіп жатыр. Бәрі де: «Төре келді!», «Төре келді!» деп шу-шу етеді.
Баршасы бізді базарға жібергендей таң көріп, қамалап тұр. Мен оларға қоңырмын. Бірақ, «өзіміздің» Ырысбаланы көрсем деймін. Үйден бір аласалау, көлденеңі жалпақтау қыз шықты да, тұрған елді жара-мара келіп, біздің жолдастың қолын алып амандасты. Жолдасым да жымың ете түсті. Мен Ырысбаланың «жаңа тәртіп бойынша» қол ұстасып амандасуына ғажапқа қалсам да, мұны дағдыландырған жолдасым ғой деп, көңілімді бастым.
Бұл ауыл киізін жаңа басып жатыр екен. Қатын деген жер қайысады. Үлкен еркектер көрінбейді. Домбыра ұстаған бір шегір сарылау жігіт, Ырысбаланың бізбен амандасқанына тырсиып, жарылып кете жаздағалы тұр. Есік ашылды. Үйге кірдік. Бізді қарсылаған жамағат та тарасып кетті. Үйдің артынан біреу дауыстап, сиырды байлап келіп:
«Аттар кімдікі?» деді; «Анадағы қара төре ғой» деді біреу. Үйдің ішінің бәрі күземнің қылшығы, жүн екен. Ырысбала сыпырғыштап жүр. Үлкен қара шәугімді  мосыға ілді. «Қонаққа мал сой!» деп бәйбіше біреуге пышақ пен қайрақ берді де, тысқа шығып кетті. Жолдасым Ырысбалаға қарап жымыңдап, көзін қылмың-қылмың еткізді.
Ақырындау дауыспен сыпайы «вопростарды задавать» етіп жатыр. Ырысбала да сықылықпен араластырып, сөзбен қағысып жүр.
Жолдасым қағазын шығарып, шылым орап, тұтатып алды да, жорта жантаяйын деп еді, Ырысбала жылдам түте-түте бір кір жастықты төренің басына алып барғанда, төре қойға шапқан қасқырдай арбаң етіп, Ырысбаланың білегіне «шап» ете түсті. Бет, мойынын иіскелеп жатыр… Жыбыр… Жыбыр… Сыбыр… Сыбыр… Мен тайып тұрдым…
 
II
Таң атты. Жақсы жатып, жай тұрдық. Төреқұлов далада беті-қолын жез құманмен сабындап жуып жатыр, маған ым қағады. Қасына бардым. «Мына сабынды Ырысбалаға сенікі еді деп қойдым. Анада сабын әкеп берем деп едім. Менің аламын деп алдағаныма шын нанып қалыпты. Әлі қайтпаймын. Алматыға барып, қайтып келемін деп қойдым. Мен қыздың көзінше сабынды саған берейін» — деді. Мен «адамшылығың бар азамат емес пе едің, алдағаның қалай? Айтқан сөзіңе опа қылып сабынды неге бермейсің?» — деймін. «Сабынның алдымызда керек болатын жері бар. Назымбектің бір оқыған, сұлу қызы бар. Сен соған өлеңдетіп бір хат жазып бер, айналайын, бүгін сонда жете қоналық» деді Төреқұлов.
Ырысбаланы алдап масқаралағанын, өзінің ажарына көрінген ұрғашы сүріне жығылатындығын оңашалап ұзақ сөйлеп, тарқылдап күліп келеді. Мен, әйтеуір, «е,е» леп келемін. Алды-артымыз қара құрым кісі; бәрі де еріп келеді. Көрінген тәуір атты аударып мініп келеміз. Көрінген ауылға бұрыламыз. Кез келген ауылдың бала-шағасының, қыз-қатынның бәрі де: «Қара төре келді!» деп тани кетеді. Исағұлға түстеніп аттануға ерте бір кісі шаптырғамыз. Шабуылдай-шабуылдай ол ауылға да келіп қалдық. Жұрт шылбырымызға оралып түсіріп жатыр. Қошемет. Құрмет. Қымызды еселеп отырып іштік. Малды хабар барғанда-ақ сойыпты. Қымыз ішіп болған соң, Исағұл бір жуандау адам екен, өзімізге: «Мына кісіні маған бір оңаша беріңдерші, шырағым» деп өтінген соң, біз қара төрені қалдырып, тысқа шығып кеттік. Ет те пісіп қалған екен. Мен үйдің жанына отырдым.
Исағұл айтады: «Анадағы жұмыстың аяғы өршіп барады. Аналар Жаркенттен қағаз алып келіпті. Ал енді, мынау байғұстың өзі бізді сағалап отырған адам еді. Жүзіктің көзінен өткендей екі аты бар. Бірін ақырет алдында борышсыз қылып алып берейін, мініп кетіңіз. Жұрт үшін жүрген адамсыз ғой» дейді…
 
IІI
Ол ауылдан тағы аттандық. Бір жапырақ теріс жазылған қағаздан Исағұлға бір тұмар бердік. Тұмардың орамалына түскен ат Исағұлдың торысымен үшеу боды. Күн бесін болып қалыпты. Сартылдатып жүріп келеміз. Ынта, бейіліміз – Намазбектікіне жете қону. Жол қысқарту үшін мен: «Намазбекте неміз бар?» деймін. Жолдасым:
– Намазбек, осы елдің аузына қараған кісісі. Өзі оқыған адам. Үйінде ешкімді менсінбей отырған бір қызы бар; қызы да оқыған; қара қазақтың қызының маңдай алды. Бұрын ауылына бір қонып кеткемін. Бірақ, қыздың өз үйіне қона алмай, жақсы таныса алмағанмын. Мен ауылынан аттанып кеткен соң, сыртымнан мені сұратты. Бір көрген соң-ақ, ажардан таныған шығар деймін. Елінің адамдары, бәрі де мені мақтағаны естілді-ау деймін. Мен оған, қайтарда болсын саған! — деп кеткем. Қайтып келуге, қарауыл қылып, қыздың әкесіне, бір болыс елдің үстінен жүреді, деп, печаттап мандат бергемін. Әкесін елі ескі үкіметтің адамы, – деп шаужай, қақпайлау қылады екен; мен қолына қағаз беріп, «поручениені» мықтаған соң, олар мені дәл әкесіндей көреді. Қыз арабша да оқыған. Аламын деген кісінің бәрін сөзбен мінеп беттетпейді дейді. Осыған бір өлеңдетіп хат жазып бер дейтінім сол, хатты қашан жазасың? — деді-ау.
Мен көп ұзартпай: «жазамыз ғой» деп қана қоям. Жарысып кеп кеттік. Ымырт жабыла мезгеген ауылға салдыртып жетіп келдік. «Құдайдың берген абұйыры» төрелеп, товарищтап, атымызды байлап жатыр. Үйге кіріп келдік.
Үй алты қанат. Жасау-жабдықты, төрде тірелтіп жиған жүк. Екі құс мамықты темір кровать тұр. Үй іші қаладағыдай үстел, айнадан да құр емес. Үстелдің үсті жиюлы құран, кітаптар. Кереге басы самсаған түлкі екен.
Отырып үй ажарына қараймын да, Некең заманда болған адамсың-ау деймін. Оттың басында астына көрпе төсеп, түлкі тұмақ киген, бұғағы салбыраған, көзге тоқ, ақ, сұлу қыз отыр. Қара төренің ынтасын құртып жүрген қыз осы ғой деймін. Сол-ақ екен, малды сойып, етті асып жатыр. Ауылдағы қыбырлаған  жан  жиылып шаңырақтан шықты. Саясаттың неше түрлі ағымдарын соғып, ұзын сүреге түсіп отырған жалғыз-ақ жазған қара төре.
Оның көбірек сөйлейтіні Ташкентте іс басындағы қазақтар. Қазіргі қазақ халқының теңеліп тұрғандығы. Теңдік арқасында отаршылдарды өздерінің бір шыбықен айдайтындығы. Бұдан былай қазақ халқының жасап, дүрілдеп кететіндігі. Өзінің халыққа қызмет етіп, жанын үзіп жүргендігі сияқтылар. Ел мүлгіп тыңдап отыр. Мен жантайып жатырмын. Қыз аз ғана құлағын салып отырды да, тез жалыққан кісідей, қыржың етіп, бұл төренің сөзіне ықтияр қылмай, қолына бір кітапшаны алып оқып отыра берді.
Мезгілінде тамақ жеп кісілер тарады. Қыз: «Қонақтар, қонақ кәдесі» деген соң, далаға шықтық. Төре жолдасым маған жақындап келіп: «Үш күннен бері хат жазып бере алмадың. Адамшылығың кем екен ғой» деп, қорсаңдап жүр. Мен сөзді ұзартпай: «Жолшыбай хат жазатындай болдық па?» деймін. Төре жолдасым маған қыңырайып, екі қолын жанқалтаға салып әрі-бері жүрді де, төсек даяр болған соң үйге кірдік. Қара төрем бұрынғыдай емес, қапалы, қабағын салбыратып жіберіпті. Жатарда ширатып шылым да ораған жоқ. Бір ылаушыға етігін тарттырды да, жамылуға қойған қасқыр ішікті жұлқып-жұлқып жамылып, тым-тырыс жатып қалды.
Мұның дәл жатардағы шатына от түскендей тулап жатқандығы, алыстан аңсап, шабуылдап келген қызға сөз қоса алмағандығы, оған себеп – менің жүре жауап беріп, хат жазып бермегенім-мыс.
От сөніп, үй іші тынышталды. Тышқақ болған жылқыдай тыпырлап ұйықтай алмай жатқан қара төре. Мен өтірік қорылдаймын. Құс мамықты кроватта ақ сұлудың ханнан хабарсыз ұйықтаған дыбысы – пыш-пыш естіледі.
Пышылдақ естілген сайын төрем бүйі тигендей аунақшиды, басын көтеріп отырады. Уһлейді… Қайта жатады. Жүрегі алып ұшады. Дүрсілдейді. Баруға шыдамайды. Түрлі төрелік мақтанын соғып отырғанда, қыздың ілтипат қылмауы, жылы ұшырамауы тағы сескентеді… Зекіп тастай ма, дейді. Бекер кәдірімді түсіріп алам ба, дейді. Тағы аунақшиды. Қайтерін білмейді. Өлеңдетіп мен хат жазып бергенде, бар тағдыр шешілетін еді. Ол, рақаттанып, құс мамықта бірге ұйықтайтын еді; менің жалқаулығымның кесірі тигендей болды… Маған тісін сақылдатады.
Қойшы, аяғы, түнімен кірпік ілмеді. Ырысбаланың үйіндегі көңіл болмады. Қайғы, қапа, аунақшумен таң да атты. Түнде қар жауыпты. Қонақтың аттары, қорадағы қойлар бәрі ығып шығып кетіпті. Таң бозынан дуылдасып ауыл еркектерінің бәрі де мал қарап кетіпті. Күн шығарда ұйықтап қалыппыз. Сәскеде тұрдық. Ауыл бастығынан біреу де жоқ. Біз киініп ауыл артындағы төбешікке шықтық. Ішіміз тағы пысты. Қыз тұрып, дөң асып келді. Қыздың көркі төрені тағы қобалжытты. Маған жылы ұшырап: «Қарап отырғанша, хат жазалық» деді. Мен теріс демей, қарындаш, қағаз алып, төбеде отырып іске кірістік. Өлеңдетіп жазуға тығыз болғандығын айтып, қара сөзбен-ақ жазуға жолдасымды азар иіп келтірдім. Құдайға айтқан «секретарь» –  мен, «цензор» –  анау. Өзі қазақша шалағай біледі. Қазақ сөзінің тізімі, кестесі оған ауырырақ. Сондықан, қалай бастау, не деп аяқтау турасында көп отырыс боды. Ақыры мен бастап жаздым, бірақ, бұл жолы секретарьдың да бейілі түспей, қырсауланып отырғанын ескере отырыңыздар.
Жазам, жазылып болған соң оқып берем. Көңіліне жақпайды. Өшіртеді, жыртады. Тағы жаңадан жазамыз. Біресе қыз болып, өз пікірін айтып, бишара, хаттарды сынайды. Хатқа қыңыр қарап, басы шайқап, ауызын бұраң-бұраң еткізіп, «Қайта жаз!» дейді. Сүйтіп, бес-алты «экземпляр» жарақсыз шықты. Күн сиыр түс болды. Ауыл еркектері әлі жоқ. Жетінші хат цензордан өтті. Оны маған қайта-қайта оқытты. Жымыңдайды. «Саған қалай көрінеді?» дейді. Мен бейнеттен құтылғым келіп: «Мынаның маңызы – жаңаралға жарайды» деймін. Көңілі орнықты. Хатты жарақты қылып, сынын толтырып тұрған: «махаббат, құрбым, жүрегім» деген жіңішке сөздер.
Қара төре хатты ептеп қана сақтықпен бүктеді де, қолтық қалтасына бір тығып, қайта қолына алып: «Ендігі кезектегі мәселе мұны қалай беруінде тұр» — деді. Мен: «Осы күні үйде, оңаша; тәуекел деп беріп қалыңыз» деймін. Ол да бел байлады…
Үйге кірдік. Қыз жалғыз, төсекте, төрге қырын отыр екен. Біз төрге шығып отырдық; қыз есікке қарап отыр. Қара төре хатты қалай берудің қыбын таба алмай, қызыдың ту сыртында қобалжып, қозғалып, ернін жымырып тістеп, екі көзі жаутаңдап, хатты қолына алып шабынып отыр. Мен оған қырын отырмын. Күлкі мені буындырып барады…
Бір мезгілде ауыл сыртында дабыр-дұбыр кісі дауыстары естіле бастады… Қалай да болса, оңашада беріп қалмаса болмайтын болды…
Тағы да қызара бөртіп, қысылып, жамбастап сүйретіліп, қыздың өкпе тұсына барды да, булығып: «С… С… Сізге!!!» — деді.
Қыз шошып жалт қарап, қағазды салқын пішінмен алды да, теріс қарап оқи бастады. Қара төре ауыртпалықтан арылғандай, қып-қызыл болып, орнына келіп, ернін кеміріп, көзін құйқылжытып отыр. Далада кісілер де келіп түсіп жатыр. Қыз хатты жанына салды да, тысқа шығып кетті.
Ықтаған қой да, ат та аман табылыпты. Намазбек: «Шәйді әкеліп жасаңдар! Қонақтар кешігіп қалды ғой» деп тақақтатып отыр. Біздің планымыздың бөлек екені санасына кіретін емес. Шайды ішіп болдық. «Қонақтардың аттарын ерттеңдер!» деп Намазбек дығырлатады. Шамасы, бізді аттанса екен дегендей қылып отыр. Біз жауап күтіп отырмыз. Әлі қыздан дәйек, хаттан дерек жоқ…
Біз қайтерімізді білмедік. «Қонақтардың аттары ерттеліп болса, мылтық, қоржын, заттарын алып шығыңдар!» деп үй иесі қудалады. Құр сүлдеміз, киініп далаға шықтық. Қоржындарды атқа салып жатыр. Біз қайтерімізді білмедік. Төреге қиын аттану болып тұр. Отау жаққа жалт-жалт қарайды. Аттанбауға сылтау табылмай тұр. Тым болмаса, аз аялдап, кідіруге қарауыл қылып төре: «Ой, пірім-ай! Аттар бүгін оңбай қалыпты ғой, жегізіп алатын бір аз ғана жем берсеңіз?» — деді Намазбекке. Ол: «Жоқ, садағаңыз кетсін. Бар болса, сізден аяймыз ба?» деді-ау.
Хаттан дәйек, қыздан дерек жоқ.
  • Қонақтың атын тарт! Аттандыр! — деп қыз әкесі қақсап тұр. Аттарды шешіп, көлденең тартты. Біз қайтерімізді білмедік. Аттанбауға, кідіруге түк сылтау таба алмадық. Түзге отырдық, шылым тұтаттық, сөзге жұбаттық.
Хаттан дәйек, қыздан дерек жоқ.
Ауыл адамдары аттандыруға ылайықтанып, аттарды шешіп алып, көлденеңдетіп шаужайлап тұр. Әлі хабар жоқ. Аттанбасқа болмады. Мен міндім. Жолдасым отау жаққа жалт-жалт қарайды. Төре ауру кісідей сүйретіліп азар мінді.
Қыздан дәйек, хаттан дерек жоқ.
Төре ұзын бір күрсініп, атты борбайға бір салып: «Шу!» деді, жүріп кеттік. Екі-үш дөң асқан соң, жайдақ атпен біреу шауып келе жатыр. Көріп көңіл қуанайын деді. Тосып тұрдық. Келді де: «Мына қағазды сізге беріп еді» — деп төреге ұсынды. Біз жүре-жүре оқып келеміз.
Былай деп жазыпты:
Құрбылық оңай жауап айтар сөзге,
Хұррият ұшбу күнде сіз бен бізге.
Болмайды алтын ақық, ақық яқұт,
Арзандап тең болмайды алтын жезге.
Табылар іздегенге тастан меруерт,
Алланың жазуынан болмай өзге.
Қалима мен Намазбек.
 
Төре мұны маған қайта-қайта оқытты. Өзі оқыды. Танымаған жерін менен сұрайды. Ернін жымырып жазуға махаббат көзімен қарап, маңызын сынайды. Қалай қылса да, «сүймедім» деген сөзді өзіне жорымайды. Бір ауыз «сүйдім» деген сөз де бадырайып көрінбейді. Көмескілеу төренің миын шақты. Көңілін дал қылды. Маған сынатады. Мен: «Құдайдың жазуы біледі ғой» дегені ғой, айналдырсаң шетке кетпес» деймін. Ол онан сайын құмарлық дертіне түседі. Тоқтап тұрады. Ауылға қайта барғысы келіп, төбеге шықтық. Ауыл жаққа қарасақ, көздің ұшында қалыпты. Аттанып кеткенімізге арманда болдық. Ерінді кеміріп жеп қапаландық, өкіндік, кейідік, күрсіндік те, күдер үзіп жүріп кеттік.
Жұмбақ шешусіз қалды.
 
1923 жыл

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *