Қара теңіз

Ассалаумағалейкум, Қара теңіз,
Әкелді бізді сізге мінген поезд.
Дүниенің сен бір жатқан ұжмағысың,
Теңізің – меруерт, маржан, тауың – мейіз.
Атақты алып дария шалқып жатқан,
Тұнжырап Азияны салқындатқан.
Тепсініп телегейін қара ала боп,
Жынданып күнің екен толқып жатқан.
Жағаңды жүлгеледі поезд орғып,
Жатырсың алып дария, аунап, лоблып.
Ойнақшып арс-гүрс етіп тауды соғып,
Қойғандай мәңгі байлап тағдыр қор ғып…
Тау саған тебіренбес тигеніңмен,
Арсылдап құшақ жайып күйгеніңмен,
Күйігім күйігіңнен күшті болды-ау,
Мен саған келмегенге сүйгеніммен.
Көркем тау, әсем теңіз, сұлу сурет,
Саф ауа, дертке дауа, таза курорт…
Кетігі көңілімнің толмаған соң
Сықылды тамаша емес, талдырған дерт.
Егерде сәулемменен келсем мұнда,
Қыдырсақ мынау орман арасында.
Әнеки анау жақпар тасқа шығып,
Тұрсақшы мынау теңіз жағасында…
Сәулеммен келе жатсам мынау жолда,
Құшағын құшаққа алып, қолын қолға.
Ернінен еміреніп алсам сүйіп,
Дариядай шалқыр еді көңілім сонда…
Не керек, қалды кейін сүйген сәуле,
Сондықтан теңіз түрсіз, тау құр кеуде.
Сондықтан жаудырап тау, толқып теңіз,
Құрғырлар қылмаңдаршы көңілімді әуре!
                                    1932 жыл.