Тау суреті
Тарбиған Тарбағатай жердің құты,
Барлық – ел «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы.
Аршалы, Амантекше, Карасырық,
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық.
Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек,
Суығы соғып тұрад аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» косад өзін таң асырып.
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
Қойыпты сәукеледей жарастырып.
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
Талақтай талаураған Баянжүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей.
Қар кете қарлы аланы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.
Қоңыртау қорқатыным бала жастан,
Жыланы түрі жаман – түкті, түрпі.
Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,
Дуана заржақ байғыз – шайқы-бұрқы.
Талғар тау тарғыл ала шоқы биік,
Асқақтайд емшегі, ерні көкке тиіп.
Арқырап асқарынан құлаған су –
Бауырын балбыратқан еліне иіп.
Малға жай, елге жайлау Үшқараштың
Сүбесін мекендеген суыр сүйіп.
Асы – астау, отырған ел – өрелі кұрт,
Күрт жайып қодырайған Бақай биік.
Албыр бет Алматыда алма әдемі,
Алғандай ақ тамақты ауызға үріп.
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт – ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үшкүлше құрттың жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөнкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған Түптің суы,
Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей.
Жыландай ирең қаққан Иірсу да
Білдірмей тау іргесін сөгетіндей.
Лабасы төрде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей.
Бота жүн, бозғылт, күрен шалғын
біткен,
Жайлау жоқ Көктебенің төбесіндей.
Жарбиып осы өреңге ықтырмалап,
Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей.
Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр,
Қасқырдан бір тықырды көретіндей.
Телміртіп Текес аса ай туады,
Тайыншаның тарғыл ала зересіндей.
Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбел таздың төбесіндей.
Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар,
Тіміскіп төс түртпесе өлетіндей.
Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір кара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай былдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің енетіндей.
Тұмсығы Торайғырдын түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың Үшмеркіден ұшы-қиыр,
Қарағай кара шашты өретіндей,
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын ертедегі Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұтқыл күйген, тұлан тұтқан
Сорлы тау неге болсын Сөгетідей.
Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су-күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен,
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау-тасын мекендеген жазы, қыспен.
Қартадай қатпар-қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң құспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба кымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал сонда алды-артыңа көзді салсаң,
Оңды-сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзің шалып Түптің суын,
Албанның қонысына қайта айналсаң:
Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кенеу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай – ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң.