Жетісу жәндігі
Баяғы баяғының заманынан,
Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң,
Тағылар тарғыл тасқа баурын төсеп,
Бар тышқан қоныс алған балағынан.
Жасанған театрдағы ойыншыдай,
Құздардың көрінеді аң алаңынан.
Қиынның жынысында бар деседі,
Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан.
Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ,
Шуылдайд шиебөрі үй артынан.
Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат,
Сол таудың іздейді аңшы ту сыртынан.
Таутеке, асқар, құлжа, қарақұйрық,
Көруге болад бәрін жайылымнан.
Маралды мал ішінен атпен қуып,
Әкеп жүр ауылына айдап Албан.
Тазқара, балтажұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын көрем ұдай,
Жарғақ бас, жұртшы, саржақ су бүркіттер,
Кұмайдың қоғамында құдасындай.
Лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи,
Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.
Бидайық шында ғана болад десед,
Бүркітпен барымталы ел, ала жаздай.
Тығанақ, үкі, ақсары, кұладындар
Сықылды толып жатыр мөжен-томпай.
Албандар атын атап түстейтұғын,
Мінеки Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық;
Шапшақай, майлық, маубасбұқа, шөже,
Тоқылдақ сан-сапалақ атаулысы –
Айтарға сай-салада жүр лықсып,
Тас жарып, балақ біткен шыңға шықсаң,
Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып.
Көркемі көбелектің сол сайларда,
Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып-сып,
Үстіңнен аю тасты сылдырлатса,
Самайдан ішкен қымыз шығар шып-шып