Әншіге
Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар,
Созылтып ән мұржасын созсаң зытар.
Ән сүйгіш, жылы көңіл, сөзге таңсық,
Жылпыңдар жылы сөзді неге ұмытар?
Тамырды солқылдатып, ойды қозғап,
Жүректі тебірентіп, ішті жылытар.
Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.
Елітер, екілентер, елбіретер,
Толғантар, толғақ салар, толықсытар;
Аспанға ащы даусын шырқап, қалқып,
Қоңырлап, көмей қайта ыңырсытар.
Зарлының екі көзін мөлдіретіп,
Болса да елжіретер бейлі шын тар;
Салған ән магниті тұрған көпті
Баладай тербеу жеңген бір тыншытар.
1915-1916 жылдар.