Маңым
Жақсыға айтып базына,
Көңіл тілім сарнайды.
Қайғысызға сөйлесең,
Еш құлағын салмайды.
Ұйықтап жатыр, «әй» десең,
Әсте ұйқысы қанбайды.
Қоңсыз қоңыр шолағым
Жұрт бәйгесін шалмайды.
Жапалаққа жем берсем,
Тірі тышқан алмайды.
Алаламай тең көрсем,
Бір бүкпесі қалмайды.
Жігерліге сөз айтсам,
Жылдамырақ аңдайды;
Жігерсізге қисайтсам,
Ат пен киім таңдайды.
Қанағатсыз қара жер
Жан біткенді жалмайды.
Қайырымы жоқ қара кер
Құр зорлығын жалдайды.
Көңіл, өмір жеп-жеңіл,
Бір басымды алдайды.
Жалған – жалын, мен – көмір,
От жанудан танбайды.
Көзі соқыр, көңіл мұз,
От жауса да жанбайды.
Маған біткен қиын құз
Лаулап жанып, қаулайды.
1915-1916 жылдар.