ҰЯНЫҢ ҰЯСЫ ҚОЖАНЫҢ ДОРБАСЫ
Садағасы кеткір Қожанасыр отағасы аңқау дейін десем арамза, арамза дейін десем аңқау. О кісіні біреу әулие дейді, біреу әумин дейді, біреу тәңірдің ерке, шолжаң досы дейді, біреу сопы дейді. «Бұқа болсын, шорт болсын, балаларға сүт болсын» деп өзі айтқандай кім болса, о болсын, менің білуімше әйтеуір қылғанға қылып өткен адам. Бұл – бір. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» үй арасы, боқ арасы – ұры адам. Бұл –екі. Асқан суайт адам. Бұл – үш. Факты керек болса:
Қожекең тұрған қыстақта не көп, жеміс көп екен. Қожа жұрт қатарлы диқаншылық қылған ба, бақша еккен бе, бау баққан ба, тек көз тасада көрінген жеміске ескіше жайылып жүретін жымсықтығы бар екен. Бір күні бір бақшадағы жеміске лып етіп кіріп келсе: жаңғақ па, алма ма, өрік пе, мейіз бе, қияр, сәбіз сасып тұрмасын ба, оған Қожекең көзі тұнбасын ба, жалма жан жұлмасын ба, қауынды, қарбызды, сарымсақты, сәбізді отап, жұлып дорбасына тықпасын ба, тыққыштап жатқанда бағбан желкесіне міне түспесін бе:
–  Уа!
–  Ия!
–  Неге ұрлайсың?
Ия, тоқтаң, пұрсат етің, құлағымды жіберің. Сөзге қонақ берің. Пұрсат… Менің кім екендігімді білің… Менің бұл жерге қайдан келгеніме, қалай келгеніме құлақ қойың…
–  Кімсің?
–  Мен пәлен патсаның xалқынанмын
–  Қайдан келдің?
–  Сонан келдім.
– Қанша жер?
–  Ойнамаң, есекпен елу қонып барады да!..
–  Қалай келдің?
–  Ғәләмәт… Алланың әмірімен бір қатты дауыл соқты да көшеде отырған жерімнен қаңбақтай қағып ұшырды да кетті.
–  Ұшырғанда қайда әкетті?
–  Осы жерге түсірді.
– Ал, сені бұл жерге жел-ақ әкелсін, түйе қарын-ақ бола ғой. Жемісті жұлғаның не?
– Бырадар, мен сізге айтып тұрыпмын. Жел ұшырып әкелген ғарыппын деп тұрыпмын. Ұшырып бара жатқан соң жан далбасамен осыларыңнан ұстап едім, жұлынды да кетті. Ұстап едім, жұлынды кетті.
– Ал, солай болған шығар. Бұларды дорбаға тыққан кім?
– Ә, әпендім. Міне тауып айттың, гәп шонысыда… Апарғанымша сен келіп қалған жоқсың ба ?
Әр, дорбаға кім тықты екен?
Бағбан аң-таң.
 
* * *
Қожаның осы ұрлығы жақында ғана Шалқар ауданының (Ақтөбеңіз) 10-ауылынан шықты. Бұл ауылда Қызылбас балалары деген шонжарларға конфиске құрығы түседі. Бұлардың малын конфискелеп, өздерінің етегін кесіп, елден шығарып жіберуге Кенжелі ұлы деген өкіл келеді. Өкіл ұяны іздейді. Қоразбек ұлы Бексұлтан, Жалымбет ұлы Жұмабай дегендер:
– Ұя, біз, дейді.
–  Қай ұясыңдар?
  • Коммунисіңдеміз, комсомолыңдамыз, қосшыңдамыз – қысқасы осы замандағы ауылда болуға тиісті барлық ұяның ұясымыз.
Өкілге одан әрі не керек. Конфискенің дайындық жұмысына кірісіп кеп кетеді. «Ұя» іске қосылады, «белсендінің» бірін «ұя» табады. Конфискеге комиссия сайланады. «Ұяның» ұйғарған адамдары комиссияның, комиссияның комиссиясының шаңырағынан шығады.
Үгіт бітті. Енді Қызылбас тұқымын конфискелеуге кіріседі. Батырақ, кедей тегіс аттанады. Қызылбас балаларының малы xатталады. Кедей деген бір көтеріліп кетсе кеу-кеулеп кимелеп кететін омырау жұрт емес пе, жаяу жалпы қаптап Қызылбас ауылын ошайды. Байдың малын санайды. Бір-бір шолағымен жан-жаққа шабуылдап тұтыра құлашты салады. Байдың тасалатқан малын онан да, мұнан да табады. Дәл осы араға келгенде «ұяның» жүрек ауруы ұстайды. Қызылбас балаларының «ұясы бұзылғанға» қайқалақтай бастайды.
– Осылар конфискеге ілікпейтін адамдар еді. Әлі де мәселені қайта қарасақ — деп ұя өкілге қыңқыл қылады. Байды есек дәмелі қылады.
Комиссия да, өкіл де ұяның ұсынысын аяқсыз қалдырады. Конфискелей береді. «Ұяның», «белсенділері» енді конфискеге кесір қылуға белсене кіріседі: елді енжар қылады. Кедейлерді азғырады. Орта шаруаларды үрейлендіреді. Өкіл мен комиссия көптің көзінше:
– Олай емес былай, былай емес солай, — деп жатып салғыласатынды шығарады. Аяғында өкіл де, комиссия да ылажсыз бұларды ұстатады. Яғни, Қалымбет ұлы (ұяның бастығы), Қоразбек ұлы жолдастарымен «арыстабай» болады.
                     * * *
«Ұя» ұсталды. Ел ду-ду.
– «Ұя» ұсталыпты!
– 10-ауылдың «ұясы» ұсталыпты!
  • Ұя байға болысыпты!
Бұл ауылға да, ауданға да қуанышты xабар емес. Коммунист партиясының көңілін көтеретін қылық емес. Шалқардағылар шиыршық атып отыра алмайды. Әсіресе аудандық партия комитеті жер баспайды. Аң-таң.
– Неге?
– 10-ауылда ұя бар ма еді? 
Жан білмейді. Ал, ізде. Аудандық партия комитеті кеңсесін астын-үстіне келтіріп жат та тінт. Істен іс, шкаптан шкапты, списоктан списокты аудара қарап, ақтара тінтиді.
– Жоқ!
– Енді қайттік? Аң-таң.
– Жемісті дорбаға кім салды екен? – деп Қожекең айтқандай:
– Әлі, осыларды кім ұя қылды екен?
– Аудан болмастан бұрынғы укомның ұясы болмаса…
Уком делоларын астын-үстіне келтіріп жататын. Істен істі, шкаптан шкапты, списоктан списокты қызылмай боп аудара қарап, ақтара тінтиді.
– Жоқ!
– Енді қайттік? Аң-таң.
Тағы «дорбаға кім салды екен?» сияқты.
– Осыларды кім ұя қылды екен?
– Өздерін мұнда алдырсақ…
 
                                                     * * *
Шалқардан шапқыншы шауып бұларды аудан әкелді.
– Ал, сендер кімсіңдер?
– Ұямыз.
– Кімнің ұясысыңдар?
– 10-ауылдікі.
– Қай ұйымының ұясысыңдар?
– Ұяның ұясымыз?
Тағы Қожанасырдың «дорбаға кім салғаны.»
– Осыларды кім ұя қылды екен?
– Ау, әлі осылардың билеті не екен, өзі…
           
* * *
Бастығы Бексұлтан, Жұмабайдан құлдатып «ұяның» билетін сыпырады. Жөні білінеді. Билеттерінде коммунист емес комсомол екен.
– Таптық! Таптық! – деп аудандағылар бөркін аспанға лақтырады.
Аудандық комсомол комитеті кеңесінің әлегі аспаннан шығады. Істен істі, шкаптан шкапты, списоктан списокті қара тер боп жат та тінт.
– Жоқ.
– Енді қайттік? – Аң-таң.
– Осыларды кім ұя қылды екен?
– Аудан болмастан бұрынғы үйездік комсомолдар комитеті ұясы болмаса…
Үйездік комсомолдар комитеті делоларын шаңбай ауыздандырып жат та ақтар. Істен істі, шкаптан шкапты, списоктан списокты жат та қопар…
– Жоқ!
– Енді қайттік? – Аң-таң.
Тағы Қожекең айтқан кеп:
«Осы балапандарды ұяға кім салды екен?»
– Өздерінен білу керек.
– Ал, өздерің кімсіңдер?
– Ұямыз.
– Кімнің ұясысыңдар?
– 10-шы ауылдікі.
– Қандай ұйымның ұясысыңдар?
– Ұяның ұясымыз.
Тағы дағдарыс, тағы Қожанасыр:
– «Осыларды кім ұя қылды?»
– Ия, осылардың билеті не екен өзі?…
Билеттері қайта қарастырылады. Билеттері «қазақыландырылған» екен. Яғни, екі тілде басылған екен. Оң жағында қазақшасы, сол жағында орысшасы. Бұлардың билетін екі жағын да оқып шықпаса болмайды. Үйткені ұяның ұясы дегендей, қызықтың қызығы осында. Бексұлтанның билетін сол жағынан оқыңыздаршы:
 
Союз билет № 4240
  1. Фамилия – Қоразбеков.
  2. Имя и отчество – Қоразбекович Бексұлтан.
  3. Год рождения – 1903 г.
  4. Национальность – Казаx.
  5. Соц.пол. – Батрак.
  6. Время вступления в союз – 8-ХІІ-25 г.
  7. Состоит ли в партии? – Выдан Челкарским УК.
30-ХІІ 1928 г, Секретарь Укома: Хижняк.
 
Ал, енді билетті оң жағынан оқыңыздар.
 
Ұйым билеті, номері 4240.
  1. Фамилия – Қоразбек ұлы.
  2. Өзінің, әкесінің аты – Бексұлтан.
  3. Туған жылы –
  4. Нәсілі – қазақ.
  5. Ұйымға кірген жылы – 8 июль, 1925 жыл.
Берілді 2 июльде 1927 жыл.
Уком xатшысы: Қалымбет ұлы .
 
Ол онымен тұрсын, енді уком xатшысы боп Бексұлтанның билетіне қол қойып отырған Қалымбет ұлының билетін қарасаңыздар да нақ ананың өзіндей. Оның орысша жағына қол қойған Шалқар укомының xатшысы Хижняк, берілген мезгілі 1926 жыл, июльдің 30-ы. Қазақша жағында укомның xатшысы Қалымбет ұлы (өзі ғой) берілген мезгілі 1927 жыл, сентябрьдің 28-і .
Мына билеттерді көргенде тағы Қожанасыр сап ете түседі.
О кісі: «xалықтың айтуынша айдың жиырма бес, шөлмектің айтуынша жүз жиырма бесі» деген екен. Сол сияқты мына билеттерде осылар ұйымға ана жылы бір кіреді, былтыр тағы кіреді. Орысшасында уком xатшысы Хижняк. Қазақшасында Қалымбет ұлы (өзі).
Ал, әлеумет, «Белсенділердің» билеттерін алдыңызға жайып салдық. 10-ауылдың «ұясын» ақиқаттайтын қолдағы бар қажетіміз, яғни дүкеметіміз осы-ақ. Бағанадан осы ұяның кім екенін айыра алмаған аудандағыларды «ашық ауыз», «салақ» деп келекелеп отыр едіңіздер, ал, білгіш болсаңыздар осы «ұяның» қай ұя екенін билетіне қарайсыз ба, бетіне қарайсыз ба, әйтеуір айтып беріңіздерші.
Бірінші –  билет қай ұйымдікі?
Екінші – билет қай ұянікі?
Үшінші – билет қашан берілген?
Қазақшасы қашан? Орысшасы қашан?
Төртінші – ол уақыттағы укомның xатшысы кім? Орысшасына қол қойған Хижняк пе, қазақшасына қол қойған Қалымбет ұлы ма?
– Ал табыңыздаршы. Сіздер де Қожаның дорбасының үстінен түспес пе екенсіздер.
– Бұл қай ұя екен?
                                                        
                                                     * * *
Сөйтіп, «іздеген Мықан ағашын табады» дегендей Шалқардағылар шаршап, шалдығып өлдім-талдым дегенде осы «ұяның» жөнін білді-ау, жөні:
О бір жылдарда (тағы қай жылы екені белгісіз) осы 10-ауылда комсомолдардың бір ұясы ашылады екен.
Бұл ұя аз дәурен сүріп, сүрініп жығылады екен (таралған екен). Сондағы комсомолдық билеттерді Үйездік комсомол комитеті кезінде жинап ала алмай ел ішінде қала береді екен. Кейін сол билеттердің екісі мына Сұлтан, Жұмабайлардың қолына түсіп бұлар оны «жүзеге асырады» екен. Жүзеге асырғанда бұрынғы билет иелерінің жазылған аттарын пышақпен қырып тастап, өз аттарын жазып алады екен. Сүйтіп билеттегі жазудың түрлі-түрлі болатыны есіктен-есік,тесіктен-тесік өтіп тентіреген билет екен. Сонымен бұлар аңқау елге арамза молда болады екен де, «коммуниспіз, комсомолмыз  ұямыз» дейді екен. Ел ішіндегі қызметтердің барлығын да (директив бойынша) «ұя» қолға алады екен. Толып жатқан науқандарды «ұя» «өткізеді» екен. Сайлау болса сайланатын адамдарды «ұя» «ұйғарады» екен. Сүйте-сүйте бұлар өздері де:
– Ұя, ұя, ұямыз, — деп,
Елде: – ұя, ұя, ұя — деп,
Елге келген үкімет кісілері де:
– Ұя, ұя, ұя, — деуменен,
– Ұя, ұя, ұя, — боп кете береді екен.
Конфискеге келмегенде, конфиске келсе де «ұя» Қызылбас тұқымына ара түспегенде баяғысындай:
– Ұя, ұя, ұя, — боп кете береді екен.
Не керек ажалды киік адырға шығып Қызылбас балаларын «есіркеймін» деп алты жыл баққан арық «ұяны» бір күнгі боранға ұрындырып Бексұлтан мен Жұмабай – өлтіреді екен. Сонымен бұлардың бар жаманаты басына жетіп, басы қайырылып, «ұясына» жетіп Шалқар түрмесіне түсіп отырған жайы осы екен. Ал жұрт сүйтіп бұларды кім дейсіңдер?
Бұлар өздерінше:
– Ұяның ұясы.
Қазақша: – құданың құдасы.
Құйрықтың сорпасы.
Қоразбек ұлының ұясы.
Қожанасырша:
– Қоянның қояны,
Сорпаның сорпасы.
Қожаның дорбасы.
.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .
– Отырған түрмесі:
Ұяның ұясы.
1928 жыл