ШАЙТАНАРБА
Еділді өтіп, Самарлатып, Кенельдетіп, жеделдетіп Орынбордан өте шықты.
Сардаланы сара тіліп, саулап келе жатқанын поезд оңды-солды терезесінен кезек-кезек қараймын: керіліп жатқан кең дала, шалқайып жатқан кен жон, сұлап жатқан жазық алқап. Бір тал бұлтсыз шаңырқаған бозаң аспан төңкеріліп жабығы жер жиегімен астасқан. Көлеміне көз жеткіліксіз көк бұрыл дөңнен асып, белдің белдігі жол жатыр. Айдала. Айнала алапта көзге қадалар сыңар бұта, жалғыз ағаш жоқ. Жоғарыға қарасаң – көкшіл тақыр аспан, төмен қарасаң – көсіліп жатқан көкала бурыл жазық жер. Жалғыз-ақ жер мен аспан арасындағы көз тоқтатарлық қараң-қараң – поезд жолының сілемі, селдіреген діңгегі. Арсылдап, адымдап алысты алған, алып күшті машина станциялатып, разъездетіп жүйткіп келеді.
Шілде. Қырдың май айындағы көк бұйра елтірі жүні жетіліп, сабалақ сеңсең болып, сарғайып қалған. Жазда, күзде салынған егіндер сарала болып пісіп келеді. Енді аздан соң қыр қарпылып, егін күземі алына бастайды.
Орынбордан өткен соң-ақ поезға өзгеріс кіреді. Станция, разъезд келсең-ақ басына шыт байлаған, желең шекпендер орын алады. Соның бірі – мынау тұрған созыңқы, қой көзді, сирек сақал, арықтау қара шал. Поезға арпалысып мінемен деп алқынып қалған, маған қарсы отыр, тер сасиды.
Сіз қайдан отырдыңыз?
Мына Косарлардан.
Барыс?
Ақтөбенің аржағындағы станциядан түсем, онда балам бар еді…
Поезд ұзады. Станциядан абырлап жүргендер орны-орнына отырып, дабыр-дүбір аяқсыды. Менің қасымдағы шал да айналасын әбден шолып болып, терезеден бір қарап, қонышынан құмырасын шығарады. Насыбай шақшаны тізесіне бір қағып алып, алақанына құс-құстай бастады. Бұл – шалдың көңілінің орныққандығын білдіретін әрекет еді. Шал насыбай атып алған соң, тұрып барып ашық терезеден тысқа түкіріп келді.
Өзің қайда барасың? — деді.
Мен жөнімді айттым. Жөн сұрасқан соң, жол таныстыққа айналдық.
Сынық жүзі, үйірсек мінезі, орынды айтылған көңілді сөзі өзінен көп әңгімені күттіргендей.
Жол қысқартыңыз!..
Ол ойланғандай үндемей қалды. Аздан соң:
Жол қысқарту керек қой; бірақ қайсын айтайын, шынды ма, өтірікті ме? — деді. Мен де ойланып қалдым. Тағы да ол:
Өтірік пен шынның арасы екі-ақ елі дер. Менде екеуі де бар, екеуін де білем; саған қайсысы қызық? — деді.
Оны әңгімесі біледі. Кейде шынға бермейтін өтірік болады, кейде өтірікке бермейтін шын болады. Оны менің тыңдауым білсін, сіздің әңгімеңіз білсін. Бірақ, сіздің сөзіңіз маған түсініксіз болды. Оны әңгімеңіздің артынан сұраймын. Айта беріңіз..
У-у-у!..
Машина дыбыстады.
Һә, станцаға келіп қалдық. Сен түсіп су ал, шай сал,сонсоң…
Су алынды. Шай салынды. Осы өлкенің қызылбұйра шайға қаны құмар қазағының қануы қиын болып, шайдан түйеше сораптап отыр. Жүк вагонының ішіндегі шайдан жіпсіп шыққан шалдың теру былауға айналды. Самайдан сорғалап, күреден бұлақтап тер сөгілді. Шал шайға салған бауырсақтай бөртіп, сусыны қанып, құмары басылды. Омырауды желпіп тастап:
Осы поездан бір тентектік есіме түседі, — деді.
Айтыңыз!
О, бір жылдар, осы маңда Таңатар ауылы отырады. Оларда мал көп.
Лықсыған бай ауыл. Әсіресе түйе мен жылқы өші қалғандай біткен. Өрісте жайылған түйені көрсең, қаптаған шегірткені көргендейсің. Күні-түні далада, басын бұратын кісі болмайды. Жылқыны қыста қостап, жазда жайлауда боламыз. Дәл, міне шілденің осы уағында құлын қосу үшін таңғы иіруден өргізген жылқы шұрқырасқанда мына кер дала күңіреп жатады. Мен Жұмағұлда жылқышымын.
Жұмағұл кім?
Әлігі Таңатар ауылынан шыққан бұл елдің ең мықты кісісі. Түрі тұтқыштың бетіндей қап-қара, қарыны шертиген жуан кеуделі, биік кісі еді. Беті іркіттің сабасы сықылды, қанталаған қызыл ала көзді, селдір сақалды, мұртты, бүркіт қабақ, қошқар тұмсық, зор дауысты, сесті адам. Өзі өлгенше, ешкімнің ырқына көнбей кеткен қайсар, тентек, көкжалдың өзі еді. Оның қылмағаны жоқ. Тым тентек еді. Осы кісінің өркесел бір тентекігі есіме түседі.
Айтыңыз!
Өз дегені болмаса, өзгенің өзі де ұнамайды, сөзі де ол кісінің құлағына кірмейтін. Әсіресе, ата салтын мықты ұстайтын; ата жолына қылдай қиянат қылмайтын өте берік кісі еді. Дүние неше жаңаланып жатса да, ата мұрадан арылмайтын; ата дағдыны бұзам деген қылықты көрсе, оған жаны қас; оған қарсы үлкен бүлік шығаратын тотияйын кісі еді. Ол кісінің талай тентектігі бар. Әсіресе, базарға дұспан, қалаға жау еді. Сәудегерден жыландай жиіркенетін; ауылға келген қыдырмашылардың бұлын талап, білмесе де зорлап молда қылып, өлгенге жаназа оқыттыратын. Қаланың шыны, ыдыс-аяғын алғызбай, қайың теректен тегеш, астау, сапты аяқ жасаттыратын. Қырға жүргізген телеграмды талай рет құлаттырып, үздіріп тастаған Жұмекең еді ол.
Рас, тоңмойын кісі екен-ау!
Керемет еді. Телеграмм демекші, тағы бір тентектігі ойыма түсті.
Айтыңыз!
Әңгімен тыңдаушылар көбейді. Біреу жамбастап, біреу-біреуге
тығылып, вагон ішінен үш-төрт тыңдаушы кісі табылдық.
Е, — дейміз.
Қай жылы екенін білмеймін, осы өлкеде өзіміз келе жатқан шойынжолдың алғаш салынып жатқан кезі. Шойынжол алғаш жасалғанда ел орасан әбігер болды. Елге салған ылау, сойыс, шығын көбейіп кетті. Отарба туралы неше түрлі ертегі қорқыныштар жұрт ішіне тарап: «Шайтан арба», «Сиқыр жол», «Заман ақыр дажалы» екен деген сияқты толып жатқан әуезе, лақап елді үрейлендірді. Стражник, шабармандар елден үй жинап, ылау айдаттырды. Рас жарлы жігіттер жұмысқа жалданып жер қазды, жүк тасыды; ақша алды. Бірақ, солардың көбі айлап-апталап ашты, тоқты ауыр жұмыс істеп, көбі – көкжұлын ауыру, жарымжан болды. Қыста суық, жазда күн жеп, көп жігіт дертті болды. Онда жігіттерді бүгінгідей доктор қарамайтын.
Қырдан алғаш айғайлай отарба жүргенде өзіміз жанына бара алмадық.
Жағамызды ұстадық. Не екеніне көзіміз қайдан жетсін! Алғашқыда поезды тамашалап алыстан ара қонып келген адамдар болушы еді.
Онда мал көп. Ұлан жазған жылқысы жиылмайтын байлар болды. Мал семіз. Әсіресе, жылқының түгін тартсаң майы шығады. Жылқы, қиқу шықса желмен тең; жылқыны ұстап болмайды. Алғаш поезд келгенде қорлықты осы жылқыдан көрдік. Қоя берсең жылқы ен далада, жол үстінде жайылады. Алыстан поездың қарасын көрсе, не дауысын естісе, жау тигендей тұрған құр ат, айғырлар, ту биелер, тай, құлындар поезбен жарысып, түтінге шаң қосып тұман қылады. Ондайда поезды тоқтатпайды. Қайта-қайта ақырып, жылқыға әдейі жау тигендей қылады. Ақырған сайын жылқының әдеті емес пе, үркіп, жосып жер-көкті көшіреді.
Біз, көбінесе, жылқыда болмаймыз. Бола қалған күнде де айғайға айғай қоспасақ, ондай дүрліккенде жылқыны қайырып ала алмаймыз. Далбайды делеңдетіп, жанасалай біз де бездіреміз. Атқа қамшыны басамыз, құйрықты көтереміз, айқайды саламыз. Сарт-сұрт тебініп поезбен жарысып кетеміз. Алғашқыда жылқыны әдейі отарба жолының үстіне айдап барып жаятын күндеріміз де болушы еді. Жындылық қой!
Ал, түйенікі тіпті қызық; отарба бұларға жолықса, дегенбай топалаң сонда болады. Түйеден меңіреу, қорқақ мал жалғанда болар ма, үлкен басымен селт еткен шөптен үркіп, қыбыр еткен тышқаннан қорқып үңірендеп жүргені. Кенеттен отарба кезігіп қалса, қодырайып қарасып біраз тұрады; тұрады да, поездың бетіне қарай безіп береді; жүгіргенде төрт аяғы төрт жаққа тарбаңдап, дулақтап шапқан белсенділерінің книгалы қоржынындай өркештері салпылдап, мойыны ілгері итеңдеп, қашқан қаздай тайрақтайды. Не арба артынан қопарыла, не жанасалап жарыса береді. Не арбаның алдына түсіп қалса, бір жағына да бұрыла алмай, бетімен сабай береді. Болмаса, кейбіреулері поезд жолының жұмсақ қордалау жері болса шөгіп жатады. Егер де бұл кезде поезд келе қалса, екі көзі тасырайып, құлағы делдиіп, меңірейіп, тұрып қашуды ұмытып кетеді.
Жарықтық, тақ иесіне ұқсаған хайуан ғой!
Қой, түйедей емес. Олар дыр етіп бір үркіді де, біріне-бірі жүгіріп жиналысан соң тоқтай қалады. Олар поезды алыстан көрмейді; дауысын да қойшы, күзетші дауысынан ажыратып білмейді. Тек үстіне келіп отарба ақырса, салдырласа сонда қасқыр тигендей дыр-дыр үркеді. Бірақ қойды поезд жолына қойшылар айдап келеді. Поезд жолының үстіне қойшылар қойды ойдан да, қиырдан да жайып келіп тамаша қылады. Өткен поезды көріп жүгіріседі, далбалақтап қатар жарысады. Мәз болады. Кешке көргендерінің біріне екіні қосып қыз, келіншек, бала-шағалардың аузынан суын ағызып әңгіме соғады.
Отарба алғаш жүргенде шығын көп болады. Малды көп басты; поездан қазысы жарқырап жылқы жатты, қарны ақтарылып түйе жатты; қой қырылып, қойшыны басқан кез де болды. Бүгін бұл жерде, ертең ол жерде, «басып кетті», «жарып кетті» хабарға құлақ сасыды.
Ел поезд жолына жақын мал жаймайтын болып шошымалы болды. Поезд жолынан аулақ көшті. Осыдан Жұмағұлдың бір тентекігін айтайын деп келемін.
Айтыңыз!
Бір күні Жұмағұл жігіт жинайды. Жігіттің біреуі – мен. Бір-бір құрық алдық. Саулап аяңдап қара жолға келдік. Кең даланы қақ жарып қол ұстасып тізіліп ақ шыны құлақты телеграф діңгектері тұр. Жұмағұл біздің үш құрығымызды жалғаттырып қолына алды. Жалғанған құрықты көтеріп көріп еді, шыжылдап сымға тиді, шықылдап шынға тиді. Жұмағұл «Жарайды» деді. Сонан соң өзі телеграмм ағашының басындағы шынысына қарап:
Ассалаумағалайкүм, алдияр патсамыз! — деп, басын иіп аз тұрып, ауырлықпен, ашулықпен, ашулы зілмен, ұмытыпасам, осылай деді:
Е, ақ патсаның әділ баласы жас патса! Біз сіздің қол астыңызға қарағалы бір дәуір заман өтті. Ол уақытта сіздің атаңыз ақ патса айтқан екен: «Жеріңе тимеймін, солдат алмаймын, өз еркің өзіңде, кеңшілікте жасайсың» деген екен; тіпті, теріге хат жазып, мөрді басып берген екен. Ол сөз, ол уәде бүгін қайда? Айтылған атақ ақ патсаның сөзі бірте-бірте ұмыт болып кетті. Ата-бабам туып көрмеген әлеметті көрсете бастадың. Мылтығын тарсылдатып солдатың келді; знагін салып ақ төре шықты; үй тіктірді, ылау жинады, сойыс сойдырды. Бұған да көндік-ау!
Бұрын еркін заманда маңдайына жез қадаған шабарманды кім көрген? Салдырлаған көк арбаны, көрдей абақтыны кім көрген? Оны да қайтелік?
Көрмеген сұмдықты көрдік. Сиқырлы сым темірі сөйлеген телеграмды біз өңіміз түгіл, түсімізде де көріп пе едік, көреміз деп ойлап па едік? Ат жекпестен от жегіп, қара жерде қайықтай жүзген шайтанарбаны да көрдік. Ол құтымызды ұшырды. Шайтандай салдырынан мал үрікті, жерді басты, малды басты. Елде зәре жоқ.
Бұл сұмдық емес пе? Бұдан қатты қорқамыз.
Осы жайларымызды жанабыңызға мағлұм қылып, көптен-көп сіздің мархабатыңыздан сұраймыз. Бұдан былай, қол астымыздағы қазақ халқы бейбіт жасап, тыныш ұйқы ұйықтасын десеңіз, мына шайтанарбаны біздің жаққа жібертпейтін қылыңыз! Мұндай ақыр заман ғаламаты шайтанарбаны бұл жаққа әкеліп өзіңізге қараған халықтың жанын шошытып, малын үркітіп жүрген жауыз ниетті бұзық адамдар болса, оларды әділ үкіміңізбен қатты жазаласаңыз екен! Сізге мың қабат алдияр деп, әр уақытта саламаттығыңызды алладан сұрап, жанабыңызға телеграмм соққан Жаманбайұғылы Жұмағұл! — деді де, маған:
Ал, соқ! — деді.
Мен жалғаулы құрықпен телеграмды беріп қалдым. Сымы шыж-шыж етті.
Жабыла ұрып-ұрып жіберіңдер! — деді Жұмағұл. Келген жігіттер кезектесіп екіден-үштен телегамды сойылмен соқты.
Кетті! — деді Жұмағұл, көңілі жайланып.
Сонымен сөз патсаға кетті, біз үйге кеттік.
Жұмағұл бүгін ауылға көңілі тынып қайтты. Ел орынға отыра сойылған қозының етін таңға жақын жеп, ауыл-аймақ сорпа ішті.
Тамақ артынан төсекке жатарда тойған қарнын сипап отырып, кеңірдегін кере кекіріп:
Алқамдылила, шайтанарба енді келмейтін болды, — деді.
Қалайша? — деп, бір аяғын сылтып басатын бәйбішесі сұрады.
Солайша, шайтанарбаның үстінен арыз қылып ақ патсаның баласы патсаға телеграмм соқтым, — деді Жұмағұл.
Ертеңіне таң атты. Кең даланы жаңғырықтырып айқайлап, поезд қырды ұйқыдан оятты. Ауыл адамдары алағызып дөңге шықты. Түтіні будақтап, жыланша сумаңдап поезд жоғарылап барады. Өзге жан қобырсып поезд туралы көргенін, естігенін айтып «әні, міне» деп тұрғанда, топтап аулағырақ, қабағы салыңқы Жұмағұл, кең даланы жарып бара жатқан отарбаның артынан қарап қалған еді.
Ай сүттей жарық, түн салқын. Ауыл-ауылдағы жалшы-құлшының барлығын Жұмағұл жинап келіп жұмысқа салған. Табанымыздан таусылып, пұшпақтап терге шомылып тас тасыдық. Үйіп жатырмыз, үйіп жатырмыз. Үйілген тастар жолдың үстіне шөккен түйедей болды. Шойынжолдың үстіне әр жерден тас үйіп, бір шақырымдай жерге шейін бөгеуіл салдық. Таң қылаң берді.
Енді болар! — деді Жұмағұл. Біз жұмыстан босандық. Астына көрпе салдырып, жол жағасына отырып Жұмағұл поезды тосты.
Көп уақыт өтпеді. Күн шығардың алдында алыстан түтіні будақтап келе жатқан поезд көрінді. Жұмағұл тұрып үйілген тастың қасына барып тұрды. Көз көрім жерден отарба бажылдап айқайды салып келеді. Сірә, жолымнан былай кетіңдер! — дегені болу керек, ышқынып-ышқынып ақырады. Жұмағұл мелшиіп тұр.
Поезд зырлап келеді. Бұрқ-бұрқ бу шығарып безек-безек етеді. Отарба мінген жанның бәрі де дүркіреп есіктен, терезеден поездың алдындағы біз жаққа қарап аң-таң болғандай. Поезд дамылсыз ақырады. Қолындағы жолаушысымен «кет» деп ымбалап, есікке асылып біреудің қолы жұлқынып келеді. Жол үстінде Жұмағұл тапжылмай тұр…
Поезд ышқына-ышқына ақырып Жұмағұлдың тап қасына келді; келді де тоқтап қалды. Бүкіл поездағы жан қопарылып жерге түсті. Түскен халық айдаладағы шойынжолдың үстіне үйілген төбе-төбе тасты, жиылған жігіттерді, жалындап түтігіп, түгі сыртына шығып, түнеріп тұрған, паровоздың алдындағы Жұмағұлды көрді. Үстіне киген ақ киімінің жаңа, жеңін алтындап тастаған ақ төре, Жұмағұлдың қасына келді. Жұмағұлдан бір нәрсе сұраған сияқты. Бірақ, бізде тіл білетін кісі жоқ; олар да солай екен. Тек, Жұмағұл таяғымен ақ төренің көзіне түртіп қайта-қайта:
Өт! Өт! — деді.
Орыстар оған түсінбей шерменде болды. Жұмағұл ақ төреге төніп күж-күж етеді:
Арбанды неге тоқтатасын? Неден қорқасың? Жол үстінде үйілген
тас жығылған жылқыдан, шөккен түйеден биік пе? Өт! Өт! — дейді.
Не екенін төре түсінбейді. Аң-таң. Арбаны тоқтатқанға Жұмағұл жаны жай тапқан. Оның дегені болған сияқты. Далбайды қолға алып, поездға сілтейді:
Шайтанның арбасы, неге тоқтадың? Түйеден тас қалай екен? Тас талқанын шығарып неге басып кетпейсің? Басып кет! Жаншып кет! Сен – шайтансың ғой! Сен – күштісің ғой! Шөккен түйеден аласа тасқа неге бөгелесің? Басып кет! Жаншып кет!.. — дейді.
Поезда бірталай солдаттар бар екен, олар бұған бұрқан-талқан болды. Көріп тұрмыз. Бірақ, төренің өзі оларға тентектік қылдырмай, бірдеңе деп зекіп тастап еді, олар тынышталып қалды.
Жұмағұл: «Аттаныңдар, жігіттер!» — деді. Біз Жұмағұлға еріп ауылға қайтып кеттік. Айдалада тоқтап отарба қалды. Сыртынан қарап жүрдік; отарба сол арада күнімен тұрды. Алды, артындағы станциялардан жұмысшылар жәрдемге келісіп, ұзақ күнге біздің үйген тастарды аршумен әлектенді. Бұл арадан келер кешіне азар өтті.
Міні, сүйтіп отарбаға қарсы Жұмакеңнің бір істеген тентектігі есіме түскені,
Артынан Жұмағұлға тиген жоқ па?
Жо, тиді. Оны дуанға шақырыпты. Жұмағұл дуанға жүрерде поезд жүргелі өлген малдың бірін-екеу қылып көбейтіп: «сонша түйе, сонша жылқы, сонша сиыр, сонша қой-ешкі, «пәлен кісіні шайтанарба басып өлтірді» – деп, адамға құн, малға төлеу даулаған. «Егер мұны төлемесең патсаға шейін барамын» — деген. Дуандағы төре жасқанып, Жұмағұлды үйіне түсіріп, тәтті шай ішкізіп, «Тамыр болалық», «Бұдан бұлай отарбамен түйелеріңді басқызбаймыз, басқан поезды законға салып тентек қыламыз, жазалаймыз», — депті. Жұмағұл сонан кейін тынышталды.
Әңгімені менімен бірге тыңдағандар мырс-мырс күлді. Біреу Жұмағұлды – «қайсар, қайтпас ер; қырдың қасқыры екен» – деді. Біреу – «ақмақ» — деді. Біреу – «жабайы, надан» — деді. Әңгіме айтқан шал «тентек» деп бастаған еді, сол пікірінде қалды.
Осы әңгімемен отырып, жолды қысқартып тастаппыз. Поезд жолдың мөлшерлі жеріне келіп тоқтаған соң шал түсуге жиналды. Шал поездан түскенде алдынан бір жігіт күтіп алды. Омырауынла Ленин ордерін қадаған қарашұбар жұмысшы осының баласы болды. Ақтөбенің депосында істейді екен.
Менің соққан телеграмымды алдыңыз ба? — деді әкесі.
Алып күтіп тұрмын, — деді баласы.