«МЕНІ АРҚАЛА, БАҚА ҚУАЛА»
…Балалар, егер де біреу:
Арқаңа алты ағаш таңса,
Артыңа құрым киіз тықса,
Аузыңа шикі өкпе тықса,
Бұтыңа сүйек байласа,
Сол адамға не қылар едің? –деуші еді Қоқабас марқұм. Онда:
Жә, мен тұрар едім. Жә, ол тұрар еді! — деп Жайсаңбай кіжініп қоя беруші еді.
Қоқабас қарқ-қарқ күліп насыбайды шытадан шылымдап отырар еді. Отырып-отырып:
Ақымақ-ау, менің айтып отырғаным мына отырған шешең емес пе? -деуші еді.
Сомадай Жайсаңбай үйден ұрған итке ұсап шығып жоғалушы еді.
Сол айтпақшы, айталық, мәселенки сен, жұмысшы болсаң, Түркістан-Сібір жолы жұмысына кірсең; Зилберман секілді бастығың болса; бастығың бассыз болса; қасқырдай қара жүрек, жыландай зәрлі болса; сен қойдан жуас, қояннан қорқақ болсаң, қайтер едің?
Денисенко сықылды жұмысшыны Зилберманға жұмыс киімін сұрауға уәкіл етіп жіберсеңдер, ол оны жұрт алдында балағаттап боқтаса; жұмыс киімінің дұрыс берілмегенін айтып шуласаңдар, сонда бастықтардың қабағын жауып, жұдырығын түйіп:
Кімді кімге берсем, еркім, онда жұмыстарың жоқ! — деп зекіп тастаса;
Уәй бұл қалай? – деген Фолин деген комсомолға тап беріп:
Қыс! Қыспасаң қызметтен шығасың! -десе;
Жұмысың болып бара қалсаң, бадырая қараса; жауабына қарсы айтсаң желкелеп шығарса; боқтап жер-жебіріңе жетсе, аузыңды ашсаң, ақынды бермей қойса, сол бастыққа не қылар едің?
Сен жұмысшы Макшаков болсаң, тоңқайып жұмыс қылып жатсаң, Зилберман «Дегенбай жентельмен» деп көтіңе теуіп қалса; сен домалап кетсең; мұрның қанап есің ауып жығылып жатсаң; ол қарқ-қарқ күліп:
Ойнаймын, — деп екі қолды жанқалтаға салып тұрса;
Жұмысшылар жұмыстан шаршап түнде тынығуға жатсаңдар, үстеріңе келіп Зилберман бураша аунаса; арақ ішіп үстіне құсса; карта ойнап есекше бақырса; не күндіз, не түнде тыным бермесе; сол теңтекке не істер едің?
Ағып жатқан бір кішкене бұлақ болса; Зилберман өзі өтуге келіп күнде бір жұмысшыға мінетін болса; бір күні Рашкинге арқалатса, келесі күні Мурзинге (қазақ) мінсе; келесі кезекте Рашкин мен Мурзиннің екеуін парлап жегіп; Фолин деген комсомолды мінуге тап бергенде ол үркіп ұстатпай кетсе; сондай бексымаққа не айтар едің?
Декабрьдің қатты суығында Мурзин, Рашкин, Кузнецов, Космин сиякты жұмысшыларды өкіргеннің суына айдап келсе; бастық Зилберман бақа аулауға бұйрық қылса; бұйрық бойынша мұзды суды кешіп бақа ұстасаңдар; бастық екі қолын жаңқалтаға салып мәз-мейрам болып тұрса; суық өтіп бәрің де сыпыра ауырсаңдар, қайтер едің?
Тағы сол жұмысшыларды жұмыс уағында Зилберман тауға алып кетсе; тас тасытып бір үңгірді бекіттірсе;
Бұ не істегеніміз? — дегенде:
Осында қасқыр бар ма? — деп едім деп қарқ-қарқ күлсе, сондай «ойынпаз» бастыққа не дер едіңіздер?
Орыс жұмысшыларына мұндай істеген бастық қазаққа қасқыр боп шаппасын ба? Шапса; қазақ көрсе жыланша жиырылса; жыны қозып кетіп я теуіп, я боқтап көңілін көншітетін болса;
Сендерді көптен құрту керек еді, әлі дүниені сасытып жүрсіңдер! — деп кіжінетін болса;
Қазақ көрінді-ақ аузына түсетін сөзі:
Жоғал! Жоғал! Бас сүйегіңді көрсетпе, сені көргенше итті көрейін! -деп өзінен-өзі тыпырлап қалатын болса; мұндай «қазақ қояншығы» бар сұмға не шара қолданар едің?
Қазақ жұмысшылары Жоламанға ақысын алуға келсе, Зилберман бастық тілмашқа:
Бұлар ендігәрі менің қарамды көруші болмасын! Екінші келсе мұрнын бұзамын. Осыны ұғындырыңыз! — деп нығарланса;
Қазақтарды боқтағанда орысша-қазақша араластырып сыбап тастайтын болса; бетіне тура қарасаң жә нұқып, жә теуіп үйден сүйретіп шығаратын болса;
Атты жоңышқаға неге жібердің, сволыч! — деп айлық ақысын сұрай келген Сейдахмет деген қазақ жұмысшысын ұрып жықса; аяғын сындырса, қайтпек едің?
Бастықтың белінде құмғандай алты атар болса; жұмысшылар жиылса әр уақытта мылтықпен келетін болса; әсіресе өз жайында сөз болғанда мықынындағы мылтыққа қолды қойып дайын тұратын болса;
Қазақ көрінсе, әсіресе терезесінің алдынан қарап өткен қазақ болса, жүгіре шығып мылтық ататын болса; мылтық атып боқтап қазақты қарғаша үркітіп жүретін салты болса;
Ақысын алуға артынан шұбап ерген қазақ жұмысшыларының алдынан мылтық тарсылдатып үріккен қойдай ұйлықтырып кететін болса; қораның ішінде Құттыбай мен Әуелбекті «бойдақ мылтықпен» атып жүрегін ұшырса; қорыққан қазақтар торғайдай тозса;
Ақымақ қазақтар, бойдақ патроннан да қорқады екен? — деп ақсиып күліп тұрса; мұндай батырға не айтар едің?
Достан 40 шақырым жерде жатқанда мылтықпен бір қазақтың басындағы бөркін атса, қазақ қорқып талып қалса; Тишков деген жұмысшыны тағы атып, ол жәшікке жасырынып аман қалса;
Аұшасын ала келген қазаққа «артық ақшам кетті» — деп жала жапса; түйесін барымта ұстаттырса; Қазақ 22 сом беріп түйесін алса;
Қолында ұдайы ақшасы болсада жұмысшы ақысын әдейі созборбайға салатын болса; әсіресе қазақтың ақыларын бермей қан қақсатса; көп қазақ жұмысшылары ақысын сұрауды қойса; оларға байтал түгіл бас қайғы болса; ақша сұраймын деп боқтық есту, оққа ұшу оп-оңай болса; сондықтан көп жұмысшы ақысын ала алмай қалдырып кете беретін болса; сонан соң орыс жұмысшыларына:
Қанша дегенмен осы ит қазақтардан 200 сомдай маған олжа қалып отыр, — деп мақтанатын болса?
Мен қазақтарды жек көрем. Учаскенің начальнігі Миликов «коренизация» деп зорлап 12 қазақ беріп отыр. Бұл иттердің әлі біреуін де тұрғызбаймын! — деп мақтанатын болса?
Мұндай барып тұрған тас бауырына не дер едің? Міні, оқушы ішінің зығыры сонда қайнар еді – еңбекшілер үстемдігінің 12-жылында мұндай сұмдық болады екен? — деп жағаңды ұстар едің.
Дүниеде жә, Зилбермандар тұрар, жә, жұмысшы үстемдігі тұрар, — деп кіжінер едік.
Бірақ жоғары айтқан Қоқабас құлығындай Зилберман еңбекшілердің қамқор шешесі емес, қанқор қасқыры, қара қасқа дұспаны. Оның істегені «мейірім» емес, «ойын» емес, жарқырата істеген жаулық, ол тап дұспаны.
Жұмысшыларды зар қақсатса да, арқалатса да, бақа қуалатса да, қазақтарды қарғаша атса да ол өзінің тап міндетін атқарды. Еңбекшілерге дегенін істеді. Орта ғасырдың феодалының қылығын ортамызда отырып өзімізге істеді. Кеңес өкіметінің ақшасымен жұмысшылардың мойнына мінді. Осының бәрін оңтүстік турксибтің бойында істеді.
Ол бүгінгі еңбекшілер қорғанының қолында. Тұтқында. Ендеше ендігі айтатындарың:
Сот не айтар екен? – болар деймін.