БЕЙСЕМБЕК «БОЛЫС»
Лаулап бір сындар ат мініп алад,
Сымпыстау келте киім киіп алад.
Өзгеге өзі айдынды көрінбекке,
Мойнына бір сөмкені іліп алад.
Ауызға мүштіктетіп шылым алад,
Шаруаның иығына шығып алад.
Қолына ат-айғырды жиып алад,
Ақсатад, арқа-басын сылып алад.
Сар көннен қисық табан етік киед,
Қайырып шаштың алдын кейін үйед.
Серейтіп арызшыны сөз сұрамайд,
Сестенед, ызбарланад, қабақ түйед.
Бай келсе ақырғансып тықаң қағад,
Кедейге керенаусып нығарланад.
«Жиырма төрт сағатта» деп жаздырад да,
Қолқойып анда-санда шоқаң қағад.
Нөкермен сауық құрад, байға қонад,
Жел сөзбен белі ауырмай орақ орад.
Қыдырад, кыз-қырқындайд, қымыз іздейд,
Айында кеңселерде екі болад.
    Ұрыдан, аусарлардан жолдас алад,
Түстенем, қонамын деп хабар салад.
Қырып жеп, түсте бір қой, кеште бір қой,
Күніне екі малдан құрбан шалад.
Әр жерде әр «мырзамен» тамырласад.
Әр жерде өр «сұлуға» бауыр басад.
Дегенге, мұның қалай?
Азу басад,
Тістесед, қағаздасад, сауырласад.
 
1920жыл.