БАҚТЫҢ ӘДІСІ
 
Өмірімде бақытты болу жолын іздеп-іздеп таба алмай, «маңдайы – тайқы, алақаны – қайқы құдай жазбаған екен» деп, үмітсізденіп жүргенімде, төңкеріс бола қалды. Залым Николайдың алтын иықтары төңкеріс күрегімен төңкеріліп-төңкеріліп кетті. Ас үйіне жолатпайтын кесірлі байлар ұясы тас-талқан болды. Басына шалманы дағарадай қылып орап алып, байлардың төрінде қазы, қозы, қымызбен шіреніп, «закат ғұламаның қақысы» деп, тамағын қырып, «аят» оқитын молдекеңдер де аяғын байқап басатын болды.
Сіңірі шығып, ыңыршығы қурап оңбай жүрген Досайбай, Байқаштар «Союз Қосшыға» жазылып, бір-бір қаралы болып қалды. Мен әлі кедей…
Біреу – Ревком, біреу – Волком, біреу – комиссия болып, мен қатарлының бәрі де іске ілініп кетті. Менде түк бақ жоқ. Бірақ, ой көп. Ертеңнен кешке шейін ойланамын. Қайтсем бай болар екемін деймін. Қолыма бір мылтық тисе, шашымның жартысын ғана қырықтырып, күжілдетіп, ылау мініп кетсем бе екен деймін. «Нарсуд» болып алып, есігімнің алдын кісіге қара құрық топыр қылсам ба екен деймін. Кейде ел ішінен көрі, қалаға барып, үлкен бұйрықтарға «Төлембаев» деп қол қойып, фамилиямды жан-жаққа білгізгім  келіп қояды. Кей уақыттарда «апыр-ау, осы созға кіріп алсам, ауқаттанып, росход айырар ма едім» деймін. Ой көп… Бірақ, түк сәті болмайды…
 
                                                         *    *    *
Дәреже мен құрметті көксеп, тісімді қайрап жүргенде, мен де іске араласып кеп қалдым. Араласқан соң-ақ немене; теріс болған жоқ. Жауапты орындардың өзі-ақ қақтығып: «Маған кел! Маған кел! деп, ентелей бастады.
Мен басында ойлағанмын: «Байлар құриды. Кедейдің еңбегін жыланша соратын антұрған қулар зәндем түбіне кетеді. Ылғи зар-мұңы бір, тырна қатар кедейлер ғана боламыз ғой» — деп. Жоқ, олай болмады. Тұқымы құрғыр байлар, оңай құритын емес. «Жаңа шаруа саясаты» десіп алды да дүрілдесіп кетті. Сауданы жүргізіп бірін – мың, мыңын – миллион, миллионын – миллиард қылып, Қарынбайша қарынды қампитып келеді…
Мен де іс басындамын. Мені де «кирработник» дейді; бірақ, әлі байымай жүрмін. Жұрт қатарлы жалованье аламын; біріне ұстасам, біріне жетпейді. Тіпті байымақ түгіл, қарызданып-қауқарланып бір айды азар өткізем.
Менімен қатар істегі жолдастарға қарасам, елдегісі – қоралап қой алып, құр ат мініп; қаладағысы – шиқуылдауық етік пен ылғи шұғаны ғана киеді. Бәйшешектей қып қазының кілемдерімен үйін безеп тастапты. Өздері, тіпті, ыңғайлы; лып етіп «командировка» мен қырға шығып кете барады. Бойдақ жолдастарым мыңдап-мыңдап расход шығарып, той-топыр қылып, қатын да алып жібереді. Кейбіреулері ердің құнымен қонақ та шақырды. Мәжілістің көбіне стакандар соғылыстырылады… Мұндай расходтарға, тіпті, бүйрегі де бүлк етпейді.
Бұл істер мені қайран қалдырады. Байымақ, ауқаттанбақ қиял тағы басыма келді. Ебін тауып «командировкаға» мен де «шу» деп кеттім. Мен барған елді, бұрын барған жолдастарым – бай, сауықшыл деп еді, бекер екен. Асып кеткен дәулеті жоқ сияқты. Қалт-құлт етіп отырған ел. Бардым, араладым, қайттым. Қолыма ешнәрсе түскен жоқ. Қонған, түстенген жерде, қоралары тәуір адамдар кез келсе де, маған илікпей қойды. Керек десе, бір лактың теңі қылған жоқ… әлі баяғы қалпым.
Ойладым… ойладым… Таптым: бұл турада айып өзімде екен! Мұнша күйімнің келмей, бақытсыз болып жүргеніме айыпты өзім екемін. Іс басына мінгенде, өзімнің распоряжениемдегі малдан, бұйымнан алуды өзіме міндет қылмаппын… Бұл менің түйедей қатем екен!
Әркім бай болуды қаласа, «уажданмен» байланысты үзуге тиіс екен… «Ар» деген немені, «аулақ жүр!» деп, қуып жіберу керек екен… «Не жұма тұрсын, не мен тұрайын» деп, Қожанасыр айтқандай, «не бақ пен байлық», «не ар, не ұят» екеуінің бірімен ғана байланысың болу керек екен! Уажданмен байлансаң, байлық байланысы үзіліп кетеді екен!.. Бұл менің ұзақ тіжірибемен тапқаным – бақтың әдісі…
 
1923 жыл