БАСЫН КӨРУГЕ НӘСІП БОЛМАДЫ
Жол үстінде келеміз. Біз бес-алты кісі. Күн ашық,келе жатқан бетіміз – Қояндының жәрмеңкесі. Көктастың кезеңіне шыға келгенімізде, алдымыздан бір қылаң атты қылт ете түсті. Бірақ,  бір шақырымнан алыс. Бізге қиғаштау. Жолдан… жанасалап келе жатыр. Қолында құс бар ма? — дестік.
–   Ия, қолында бүркіт болмаса да қаршығасы бар.
  • Аты Боякең атына ұқсайды ғой?..
  • Ұқсайды.
  • Тілдеселік…
Аттың басын бұрып алып, біз әлгі қылаң аттының алдын көлденеңдей жүрдік. Ол атының басын ары таман бұрып алды. Бізге жолықпағысы келген кісі екенін сездік…
– Ау, осы анық Бояубай ма?
– Анық Бояубай…
– Бұл жолмен бізге жүрмейді…
– Бір кілтипаны бар шығар, жүр жолығалық… Атты қуыңқырап жолығатын кісідей бұлаң құйрыққа салдық. Анау кісі шапты. Біз де шаптық.
– Бояубай-ау, Бояубай! — деп қол бұлғап айғай салдық. Онан арман қашты.
Бояубайдың көк аты көкпар тартып жүрген ат, біздің күнде жәрмеңкеге мініп қажалып жүрген аттарымызға шалдырсын ба? Қарасын үзіп кетті, біз қалдық…
  • Ау, осы анық Бояубай ма екен?
– Бояубай…
– Бізден неге мұнша қашты?
– Бізді жау деген шығар.
– Сол, Бояубай екен….
* * *
Ел тазды алыпсатардың алған терісіндей неше сортқа бөліп отырады ғой: төбел таз, самай таз, айна таз, жалақ таз, ірің таз, алақаш таз, қырма таз дегендермен.
Бояубай ағай осының «төбел тазы» еді.
Ел таздың мінезін де талай сортқа бөледі: біреу арлы таз, біреу арсыз таз, біреу елеусіз таз, біреу ашулы таз, біреу тымырсық таз, біреу қырсық таз дегендермен.
Бояубай осының арлы тазы еді.
Бояубай бөркі, таз болғалы басынан түскен емес, шілгер ыстық, шайға қанған былау тер, шырт ұйқы – бәрінде де Бояубай бөркі басында болады. Бірақ Бояубай басымды ел көрмейді, көрмеген соң білмейді деп те ұғынады. Оның ойы әр уақытта өзінің басының қазаға ұшырамауында (бөркі түспеуінде) отырады. Кіммен сөйлессе де, кіммен қандай мәжілістің ішінде отырса да оның құлағы сөзде, ойы бөркінде болады.
Әркім өз ісіне мықты. Бояубай бөркіне мықты. Құрт пенен майды қара кебежеге мықтап салып, аузын құлыптап, балалардаң қорғап, аңдып отыратын аласа шешемнен Бояубайдың бір де айырмасы жоқ. Кәдімгі жәкіби ит қорыған жерге өш! Біз Бояубайдың басының тазын көруге құштармыз. Оның тазы қалай таз екен? Ақшыл ма, сарғыл ма? Сиырдың тілі сықылды сүйір ме, иттің табаны сықылды үшкіл ме? Бізге қараңғы.
Сол Бояубай бөркін алыпты.
– О, шын ба? Қалай алыпты?
– Былай алыпты…
Бояубай жәрмеңкеге барса – бір жерде тұз сатып тұр екен. Тұзды өлшетіпті. Өлшеткен тұзды салып аларға ыдысы болмапты.
–Ал, ал! — деп тұз сатқан дікектеген соң бөркін ала салыпты да зытыпты. Жәрмеңкеден жепілдете тебініп шығып алып, ел жүретін жолмен жүрместен жолдан бір шақырым сыртқары жүріп отырыпты.
Дала, жалғыз, аста жүйрік көк ат. Бөркінде тұз. Тұзды оң қолына алып келе жатқанда бізге құс салып келе жатқан адамша көрінгені сол екен. Сол күйінде тірі жанға жолығуға дәт қылмай келе жатқан Бояубай біздің қарамызды көрген соң, атты борбайға бір салып жіберіп қырға қарай зытқаны сол екен.
Сүйтіп Бояубай бөркін өміріне бір рет алуын алса да, бізге о кісінің басын көруге нәсіп болмады.
1930 жыл