«МАЙ-АҚ ЕКЕН»
I
Бекбосын бүгін ерте тұрды да, кешегі орып әкелген қурайын сымбалдап екі тең ғып буып үйге кіріп қызына:
–Күмісжан-ау, айыл жібін тағып, ыңыршақты шығарып берші, қарағым – деді.
–Аға-ау! Өгізбен кешке қаласың ғой, арқасы тәуір болса көк атқа-ақ теңдеп барсаңшы,–деді Күмісжаны.
–Сүйтсем, сүйтейін. Бірақ көк иттің өзі арқасынан аяншақтана ма? Жоқ бір желік бітейін деп жүр ме, одырайып қапты, қурайды салғызар ма екен – деп шықты да, қорадағы байлаулы тұрған көк шолақтың жанына ықылықтап келіп, мойнына ыңғайлана бергенде запы болып қалған жауыр көк шолақ арқасынан қорғанып, Бекенді бір қағып етпетінен түсірді.
Бекен қып-қызыл болып жатып тұрып қақ басқа кендір арқанмен бір салып қалды да, ернін бұрап, аяғын тұсап қойып қурайды теңдеп алды да қалаға жетелеп жүріп кетеді…
II
Бекен қоңыр жонға шықты. Уақыт әлі ерте. Күн жаңа шығып келеді. Басын шығысқа, аяғын батысқа көсіліп, аспанға ала шабыр тесін төсеп тәкаппар Алатау маужырап жатыр. Таудың теріскей құндыз иығына біткен қарағай тоғайы, алыстан келе жатқан Бекен көзіне Алатаудың қабырғасына қара шешек шыққандай. Таудың қолтығына кіргізе салған үлкен қала бір оқ өтпес тоғай сияқты. Желсіз ертедегі қаладан қалық көк ала түтін жүн сабап жатқан тулақты еске салады.
Бекен жүргеннен жүріп келеді. Күн сәске. Өзінің базарға келіп-кетіп жүретін таныс көшесімен қалаға кірді, бала-шаға бәрі де қуанғандай топталып өрлеп кетіп жатыр, көшеде күндегідей салдырлаған көп арба көрінбейді. Шәлісін желбіретіп біріне бірі дауыстап асығып жүгірген қыз балалар қурай теңдеген көк шолақтың алды-артынан өтеді. Бекең оларға жаман көзімен қарап, көшеде атымды үркітіп-тулатар ма екен деген оймен сулықтың түбіне таман шылбырды сақтықпен ұстап келеді.
Бекен қалаға келмегелі бір жұма болған, базарға жетіп сатсам да қайтсам деп келе жатқан Бекең, Мақұлбектің өтісінің үйінің жанынан өте бергенде көлденең көшедегі қалың парадқа тіреліп қалды.
Көшенің ортасы ылғи иығы бірдей сұр шекпенді жаяу әскер. Аяқтарын имамға ұйыған кісілердей бір жолы көтеріп басып, қолдарын теңсеп барады. Бұлардың екі жағындағы жаяу жолда жапыр-жұпыр жүгіріп бара жатқан бала-шаға, қатын-қалаш бәрі де сы-қылықтап Бекеңнің көрінісіне күліп өтіп жатыр. Бекең өтіп кетсем деп ашық жерді көздеді. Енді өтемін деп, бір жерге ұмтыла бергенде, ағашқа, кілемді қызыл шүберек байлаған аттылар шыға келді. Бәкең мойнын созып келе жатқан қалың кісінің артына қарады. Қөз жететін жердің бәрі сондай кісі. Бекен аң-таң. Бұл орыстар не ғып жүр жиылып деп, ажапта тұр. Бекең бір сағатқа жуық тұрып қалды. Сол бір сағаттың ішінде ағып бара жатқан адамнан текеметтің түріндей неше түрлі жандарды көзден кешірді. Енді өтіп кетейін деп оңтайлана бергенде қазақ-қырғыздың оқудағы балалары туын көтеріп қаптап келе қалды. Тағы тұрып қалды. Мұның артынан түрлі оқудағы мектептің балалары, жетім балалар, әйелдер әм басқалар өткенше Бекең шиыршық атып тұр. Ең артынан үш атты кісі жай сөйлесіп өтіп кетіп еді, көше сергиін деді. Бекең де апыл-тапыл басып өте шықты. Жолдағы елден қақтыға-мақтыға жүріп отын базарына келді. Жынның ұясындай қайнап жататын базарда біреу жоқ. Жым-жырт. Отын базарында азырақ тұрды да ет базарына барды. Түк жоқ. Дүкеншілердің бәрі аузын жымырып тымпиып тұр. Аңқылдап мата көтеріп жүретін семіз алыпсатардың ізінен жел соғады. Бекең аң-таң. Тамсанып аз тұрды. Тым болмаса шарбағын төбесіне көтеріп қарашы… қарашы… қарашы деп күшеніп бақыратын науайшының да болмағаны Бекеңнің қурайының сәті болмайтынын көрсетіп тұр.
Бекең ойлап-ойлап тұрды да жоғары базарға келді. Мұнда да қу тақыр. Қабағын жауып бүркеніп тұрған қу дүкеннен басқа түк жоқ. Бекең жан-жағына қарап күрсініп құлазып тұрғанда бір базарнай сап ете түсті:
–Сен надан қазақ. Бүгін мейрам екенін білмейсің. Көрдің бе, базардың әммәсі жабық. Жиырма теңге штраф, 1 теңге тұяқ хат – деп көпіріп еді, Бекеңнің есі шығып кетті.
– Қазір милицияға алып жүремін қурайыңды, атыңда қазынаға алынады – деп еді, әке құлдық, тақсыр –деп Бекең құрдай жорғалады.
Әрі-бері сөйлескен соқ базарнай да мұсылманның баласы, жөніне келді, мұндай өрескелді қылығын, сақалының ағына көшті, милицияға апарып тұтқын қыламын деген сөзден жұмсады, қурайды апарып базарник үйіне түсірді де Бекең «уһ» деп шыға берді.
– Бүгін кедейлердің мейрамы, сен сонда бар – деген базарнайдың сілтеуімен тұспалдап, халық кетіп жатқан жаққа таман Бекең аяңдап келеді.
III
Қаланың орта бір жерінде кең жазық. Бұл жазыққа жан-жақтан тармақталып қосылған көшелер. Көшеден жазыққа шыға келгенде Бекең құмырсқадай қайнаған адам теңізіне ұшырады. Бекеңнің көзіне бұл жазық Жетісудың Балқаш көліне ұқсады. Жан-жағынан Жетісу өзендеріндей көшелерден адам ағыны келіп келге құйып жатқандай. Маңайдың бәрі қызыл жалау. Әр топ, әр ұйым бөлек-бөлек. Бекең не қыларын білмеді, дағдарып тұрғанда бір қызыл жалау көтерген… кісі ячейканың қосшылары Бекеңнің дәл үстінен түсті. Бекеңе әрқайсысы-ақ таныс. Бекеңнің жүрегі аз-аз орнықты. Бетіне қан жүгірді. Тақ атқалы көрген жәбір-жападан бір-ақ минутта сергіді. Өзін де майды мейрамдайтұғын кедей деп білдідағы қосшылармен қосылып жүріп кетті.
Қосшының киімінің бәрі жалба-жұлба. Мінгендері ылғи тал құйрықты шолақ. Жіп құйысқан, құры айыл. Сүйтсе де бүгін әрқайсы-ақ ежеттенгендей. Қосшылар келгенде қалың сіресіп тұрған жаяу қатар басын иіп арасынан көше жолын ашты.
Ілгері-кейінгі ұйлығып, шұбап, қосшылар насыбайын сұрасып атса, майданша жердің ортасында орнаған биік мінбеге жақын келіп тұра қалды. Мұның ішінде арқанын байланып, аңыршақты ерге мініп орта бір жерінде Бекбосын тұр.
Бұлардың алдында мойын торықтай жездерді арқалағандар мінбеге өте жақындап тұр. Біраз тұрды. Бір ұзын сары орыс мінбе ағашқа шыға келді. Мойын торықтай жездерді музыканттар дүрсілдетіп еді, Бекеңнің табанының астындағы жер солқылдап түсіп бара жатқандай болды. Қара қазандай қайнаған халық жүгіре басып жиналып қуырылып келеді. Халық ұршықтай иіріліп тып-тығыз болып кетті.
Бекеннің көзіне дүниенің асты-үстіне келіп қарасат майданы болғандай болып көрінді. Халық орнығып тыншыға бергенде бағанағы төбедегі сида сары орыс «товарищ!..» деп бастап білерлеп алды да кетті. Жұрттың бәрі де соған қадалып қатты да қалды. Көмейден қайырып сайрап тұр. Бекеңнің ойлап тұрғаны: Шіркіннің дауысының әдемілігі». Бұл ұзақ сөйлей келіп қызып ұшып түскендей болып екіленіп тұрып тоқтай қалып еді. «Ура!» дегенде Бекеңе жақын тұрған музыканттар дүңк еткізіп еді, Бекең селк ете түскенде көк шолақ бір қымсынып қойды.
Мұның соңынан кезек-кезек сондай орыстар шығып жатыр. «Уралаған» айқай аспанды қақ жарғандай. Мойын торықтай жез мойнапалардан шыққан дүңкіл жерді осы көрігімен шырқ-көбелек айналдырғандай. Бекең ұзақ тұрып қалды. Бәрі бір қалыпты көрінді, түк түсінген де жоқ. Жүрегі салқындады да өзінің бүгін қалаға қурай әкелгендігін, қурайын базарнай алып қойғандығын, жанында бір тиынның жоқтығын, үйіне қалай баратындығын, тіршілік соққысын көзіне елестетіп жол тапса қайтқысы келе бастады.
Бекеңнің жанындағы Еділбай, түсуге ұялып аттың жалына сүйеніп қалғып тұр.
Бір мезгілде атқа шабатын баладай жеңілтектенген, жалбыр шаш қара сұрлау бір қазақ жігіті мінбеге шықты. Қалғып-мүлгіп тұрған Еділбайлар, қашқанша асық болып тұрған Бекең де қарай қалды… десті. Бәрі де сергіді…
Шешен: Ардақты жолдастар! деп сөйлей бастады. Айтқан сөзінің бәрі дана. Тақ-тұқ. Күшенбей, тыржимай, қара қазақтың сөзін әдемі дауыспен сылдырлатып тұр.
Бекең бүгін майдың мейрамы екендігін, ол кедейлер үшін жасалған той екенін, кедейдің сөзін жер дүниенің бәрі сөйлеп жатқандығын, байлардың, патшалардың кім екендерін ұғына бастады. Өзінің өмірдегі әм бүгінгі көрген жауыр-жапалықтарын сумен шайғандай жоғалтты. Өзінің көз алдында кедейлердің тұрмысы, байлардың, ақсүйектердің қылмысы елестей бастады. Жүрегіне жалпы кедейлерге жан тарту керек, жан ашырлық керек. Ол да мен сияқты көрінгенге еңбегін жегізген сорлылар ғой деген бір мейірім, шапқат иелене бастады.
«Әлемде болатын соғыс, бай таластан шыққан ермек, мұнда төгілетін ылғи кедейдің қаны! дегенде Бекеңнің өнебойы суып, жүрегі езіліп кетіп көзінен жас шығарып көк аттың жалына тамызды.
Шешен осындай сөздерімен қосшылардың, Бекең, Еділбайлардың жүрегін сабадай толқытып келіп:
Жасасын май мейрамы!
Жасасын жалпы кедейдің бірлігі!
Дегенде, Бекең елдің «ура!» дегеніне өзінің ауызын еріксіз ілестіріп «ура!» деді.
Күн еңкейіп қапты. Ел тарқап барады.
Бекең: «Майыңның жайын жаңа білдім ғой, майың да май-ақ екен!» деді ауылдың жолында.
1923