
Некрасов Николай Алексеевич
(1821 – 1878)
Николай Алексеевич Некрасов – орыс ақыны. 1821 жылы 10 желтоқсанда Немирос мекенінде (қазіргі Винницк облысы) дүниеге келіп, 1878 жылы Петербургте дүниеден өткен.
Балалық шағы Ярославль уезінің Грешнево селосында өтті. 1832-1837 жылдары Ярославль гимназиясында оқыды. 1839 жылы Петербургке келіп, екі жылдай университетте еркін тыңдаушы болды.
Ол 1841 жылы «Литературная газета», «Отечественные записки» журналдарында қызмет істеді. Некрасовтың басқаруымен шыққан «Петербург жинағы» (1846), «Бірінші апрель» альманахы (1846) натуралдық мектептің манифесіне айналды.
Бұл басылымдарға В.Г.Белинский, А.И.Герцен, И.С.Тургенев, Ф.М.Достоевский т.б. қатысты. Некрасовтың демократиялық көзқарасын қалыптастырып нығайтуда Белинский өзгеше рөл атқарды.
Некрасов 1847-1866 жылдары революцияшыл-демократ ой-пікірдің ұйытқысы – «Современник» журналын бастырып шығарушы және оның редакторы болды. Ол журналдың революцияшыл демократ бағытын қостады, журнал редакциясы екіге жарылған кезде Н.Г. Чернышевский мен Н.А. Добролюбов жағына шықты, әдеби-сын мақалаларында әдебиеттің тәрбиелік-ағартушылық рөлін қуаттады. Орыс халық творчествосынан нәр алған ол А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.В.Гогольдің реалистік дәстүрін дамыта түсті.
XX ғасырдың алғашқы ширегінде А.Блок, Д.Бедный, В. Маяковский тағы басқа шығармаларынан Некрасов ықпалы сейіліп тұрды. Ал қазақ ақыны С.Торайғыров творчествосына Некрасов поэмасы әсер еткенін кезінде М.Әуезов атап көрсетті. Оның көптеген шығармалары қазақ тіліне аударып, бірнеше мәрте жеке кітап болып басылды.
«Русьте кім жақсы тұрады?» (1866-76) поэмасы, «Атай» (1870), «Орыс әйелдері» (1871-1872) дастандары, «Армандар мен әуендер» (1840 ж), «Дубровскийді еске алу» (1861), «Қызылшұнақ аяз» поэмасы (1939) т.б. шығармалары бар.
Николай Некрасовтың «Темір жол», «Қызыл тұмсық», «Орина солдат анасы», «Жасыл шу», «Жыр» өлеңдерін Ілияс Жансүгіров ана тілімізге аударған.
ТЕМІР ЖОЛ
(Балаларга арналған)
В а н я. Әке, бұл жолды жасаған кім?
Әке. Граф Петр Андреевич Клейнмихель,
шырағым!
(Вагондағы сөз)
Па, көркем күз! Сергек, сау, байсалды күз!
Әлдеңдірер саф һауа адамды әлсіз;
Әлі бекіп қатпаған өзендегі
Қанттайын еріген қабыршық мұз.
Мамық, майда төсектей тоғай маңы
Тыныштык, кең – ширатар шаршағанды!
Әлі мүлде жапырақ тотықпаған,
Көркі көркем кілемдей жаңа, сары.
Па, көркем күз! Тымырсық суқай түңдер,
Айқын, анық, тап-таза, қоңыр күңдер…
Табиғаттың жирентер бір міні жоқ!
Мүк басқан саз, төмпешік, томар, түбір.
Әсемденген бәрі де ай нұрында;
Орыс бауырым кездесер оңда-мұнда…
Шойын жолда келемін зырқыратып,
Өзім болып өзіммен ойым ойда…
Мейірімді әке! Ақылды бұл Ваняға
Танытпаудың дүниені керегі не?
Рұқсат қыл, мына айдың жарығында
Хакиқатты мен бұған көрсетуге.
Ваня, мынау ірі еңбек соры қалың,
Келе алмастай қолынан жалғыз жанның.
Жанға мағлұм жалғанда падыша бар,
Аты аштық – ол жауыз падышаның.
Әмір шашқан ол өзі, әскер сайлап;
Адамдарды артельге тығады айдап;
Кемелерді жүргізер теңіздегі;
Соқалардың соңына түсер жайлап.
Өрмек тоқып, тас қашап жатқандардың
Желкесінде тұрады тісін қайрап.
Сол падыша – кеп елді мұнда айдаған.
Қатер-қауіп майданда талай адам
Еңбегі еш, тұзы сор, арам тер де,
Топырағы бұйырған осы арадан.
Жатыр міні жол түзу: ені кытық,
Рельс, көпір, діңгектер шымшытырық;
Байқа, Ваня, бәрі орыс сүйектері –
Жол бойына жыбырлап кеткен бықып.
Түу! Қорқыныш шықты бір шу дабысы!
Сарындаған, сақылдап тұрған тісі.
Терезеге түседі көлеңкесі,
Аналар не? Көп өлік алпарысы!
Кейде озып кетеді темір жолдан,
Кейде жарыс салады оңнан, солдан;
Құлағың сал әніне, не дейді олар?
«Еңбек қызық нұрлы айда соққан қолдан.
Белімізді өмірге жазбай бүгіп,
Суыққа тоңып, ыстыққа жүрдік күйіп;
Алпарыстық жер үйде аштықпенен,
Үсіп, жүдеп, сарп боп дертке ұрындық.
Хат білгендер – ондықтар алды талап,
Бастық қысып, қор болдық, жоқтық қанап
Құдай құлы, еңбектің момын ұлы
Не де болса бәріне көнген шыдап.
Бауырым! Біздің жеген жемістерді!
Бізге арнаған шіруге осы жерді.
Жақсылықпен ескерер жан бар ма екен,
Я біржола ұмытты жан біздерді?..»
Жырларынан шошыма қауіп қылып!
Волхов, Ока ене-Еділ мұңда ағылып,
Жиылғандар мемлекет жан-жағынан
Бәрі баурың осында толған – мұжық!
Биялаймен бет бүркеп, қорғанышты
Істеу ұят, емессің, сен нәресте;
Ұзын бойлы, күрең шаш, безгек сорған,
Көрдің бе сен, ауру, ақ орысты?
Ерінінде қаны жоқ, түскен қабақ,
Жанды жара білекте, шаш қайызғақ.
Тыным кермей күні-түні өміріне,
Күптей ісік тізеден су кешкен аяқ.
Еңкеюден әмірге көрмей көкті,
Кеуде кемеш, бел бүкір, еңкек бопты.
Байқаңқырап, е, Ваня, көзін жібер,
Өмірге азар тапқандай жан керекті.
Өміріне жазбаған белін бүкір,
Әлі күнге ол міні меңірейіп тұр.
Тотты тозған күрекпен жердің тоңын
Бүрсең қағып әйтеуір түртпектеп жүр.
Жақсы еңбекке осындай сен де, мен де,
Бізге теріс болар ма ед үйренгенде;
Ел еңбегін шын сүйіп бағалай біл,
Мұжықты да әдеттен кәдірлеуге.
Ардақты отан үшін сен қауіп етпе…
Орыс халқы шыдамды шын бейнетке.
Шыдаған ол бұл теміржолға дағы –
Не салса да шыдайды ол құдыретке!
Барлығына көнеді – және дағы
Өр кеудемен жолды ашар алдыңдағы.
Тек қана біз екеуміз көре алмаспыз
Елге бақыт орнаған сол заманды…
Осы кезде ысқырық құлақ жарды,
Кетті пойыз – өліктер кейін қалды!
«Әке-ау, қызық түс көрдім, – деді Ваня, –
Бес мындаған мұжықты көзім шалды».
Алуан тұқым орыстан, әртүрліні,
Көз алдымда мен кердім неше мынды.
«Жолды салған осылар!..» — деді мынау,
Осы арада генерал қарқ-қарқ күлді!
Ватиканнан жуырда қайттым мен де,
Екі түндей қыдырдым Колизейде,
Венадағы Стефан әулиені
Көрдім: бәрін жаратқан жабайы ел ме?
Аялдаңыз күлкіңіз ожарырақ,
Ойыңыз да көрінеді аса шолақ.
Не болмаса Бельведер Аполлон да
Пеш шөлмектен ол сізге жаманырақ?
Монша, терме – біздің жұрт, бәрі сол-ақ,
Өнер көркін қиратып — кетті талап.
«Менің сөзім сізге емес, Ваняға еді…»
Бермей кетті генерал сөзге қонақ.
«Англо-сакс, славян және неміс
Бұзуға ұста бәрі де — түзеуге емес,
Жабайылар, қаптаған маскүнемдер,
Ванюшаға шынында айтарлық кез.
Өлімдердің, қайғының суретімен
Сескентуің баланы қаншама жөн:
Жас балаға көрсетсең болмас па еді
Жарық, жақсы жақтарды…»
II
Көрсетем мен!
Тыңда, қалқам! Міні бұл ежелгі еңбек
Бітті – неміс рельсті салды жөндеп;
Өліктерді көмілген жерге мықтап;
Жер кепеде аурудан жатыр еңіреп.
Жұмысшы жұрт конторда анталасып,
Желкелерін тұрысты катты қасып:
Подрядчикке әрқайсы-ақ бересі боп,
Бос күндері ақша бопборыш басып.
Жуынды ма моншада, ауырды ма
Онбасылар бәрін де жазыпты сол.
«Бола ма екен азырақ артылары,
Болар, бар сен!..» десті де сілтесті қол…
Көк шалбарлы, кердең, кер бір бай құрғыр,
Дүмді және жуаңтық, мыстан қызыл.
Өзі істеткен қарауға жол жұмысын
Подрядчик мейрамға келе жатыр…
Жол беред — барлығы болып быт-шыт,
Келді бай да бетінен терін сүртіп,
Бүйірін таяп сөйледі қоразданып…
«Бәрекелді… ісіңе… жігіт!.. жігіт!..
Құттықтаймын! Қайтыңдар үйлеріңе,
(Берік алыңдар – демедім бе мен көбіне!)
Жұмыскерге сыйладым бір бөшке арақ…
Недоимке қалғанын кештім мүлде!..»
Айқайлайды әлде кім «уралап» кеп,
Үнін қосты өзгесі көтерді өргек…
Әне: әндетіп ондықтар бөшке айналды…
Осы кезде жалқау да тұра алған жоқ!
Доғарылды ат – уралап байға бұлар
Жолды бойлай жүгірді жұмысшылар.
Бұдан артық мәз-мәйрам көріністі
Суреттеуге, генерал, қиын шығар?..
ОРИНА СОЛДАТ АНАСЫ
Өлімші боп күзгі түнде,
Біз саяттан қайтқан күнде,
Уһлеп кеп жығыламыз,
Өткен жылы қонған үйге.
Келдік міне біздер тағы
Сау жүрсіз бе, е, құдағи!
Неге мұнша жүдегенсіз?
Алайып көз, солып жағың,
Өлім бе әлде ойлағаның?
Сақтан сөзден тілім, жағым.
Әлде қырсық ұшырады ма,
Айтшы, бәлкім, жұбатармын.
Көргенімде Оринаны,
Ауыр қайғым қозғалады.
Сегіз жылдан бері ұлымды
Көрмей өлі, әлде тірі?
Болмай хабар содан бері,
Сорлың жылап жүретін-ді.
Бір күндерде ұлым қайтты,
Босандым – деп күліп айтты.
Солдаттықтан босаныпты,
Босанғаны, әй, қуантты.
Ыстық қылып монша жақтым,
Құймақ құйдым, күтіп бақтым.
Қараймын да қуанамын,
Несі болсын мен бейбақтың?
Болмады ұзақ қуанышым,
Бала ауыру, бұзған түсін.
«Жазыламын, жазылам» деп
Айтқаны тек көңілім үшін.
Жаңсақ айтты, жазылмады,
Ауырады, Иван, ыңқылдады.
Тоғыз күндей ауырып жүріп
Оныншы күн жатып қалды.
Сөз айтуға оқталады.
Сөйлей алмай тоқталады.
Дәрмені жоқ, даусы әлсіреп,
Қу шүперек боп барады.
Балаң бұрын ауырған ба?
Не туғаннан жарымжан ба?
Жасын сүртіп жауап беред;
Біздің бұлай сұрағанға:
«Батыр сүйек, балғын балам,
Туып бір күн ауырмаған.
Петр жақтан генерал кеп,
Шешіндіріп көріп алған.
Жалғыз өзі осы тамға
Тасыды ағаш, жапты қора.
Қарағайдай құйған тұлға,
Орыс еді жирен бұйра.
Осыны айтып үндемеді,
Жас ағызып егіледі.
Айтшы жеңгей, балаңыздан
Сұрадың ғой, дерті не еді? –
Ұнатпаушы еді сұрағанды.
Сорлы анасы сұрамады.
Солдаттарға көргендерін
Сөйлеп жүру ұнамайды.
Айтса сайтан қуанады,
Алла ашу қып қарағанды,
Артық сөзді сөйлемеске, генералы ант алады.
Ақ көңіл боп Ғайса дайын,
Ант ішкен соң айтпас жайын…
Иванымның дерті не екен?
Құдай білер, мен не айтайын?
Не қылса да үлкен құдай.
Ешкімдіде айыптамай,
Өзін өзі жұбатады.
Өлерінде болды былай:
Қорада ақырын жүруші еді
Балтаменен ұрушы еді.
Ақырын ілбіп, әлсіз қолмен
Жаман үйді жамап жүрді.
Жеміс екті, жерді шапты,
Сарайды да қайта жапты.
Тілегеніне жете алған жоқ
Бір күн құлап, төсек тартты.
Өлерінен бір күн бұрын
Көрем деді күннін нұрын.
Алып шықтым күн көзіне
Шошып кеттім көріп түрін:
Моншаменен арыздасты,
Малдарға да хош-хоштасты.
Шабындыққа барып тұрып
Шоқынды да иді басты:
Хош-хош, жерім, сау бол мүлде,
Шаптым сені жас күнімде.
Ақырын басып қайтты кейін
Иван жылап жіберді де.
Келе жатып әнге салды,
Дауысы аяныш құлақ жарды.
«Ақ қар» деген ән бастап
Саламын деп сала алмады.
Лекіл-лекіл жөтелгені,
Ақырын сүйеп алып жүрдім,
Азар-азар үйге кірді.
Міне осындай күн батарда,
Сайрап бұлбұл жүрген талда,
Сол түн соңғы түні болды,
Мен байғұста ес қалған ба?
Өлерінің алдында да
Қызметін қалдырған ба:
Крестін де тазартады,
Белдігін де жаңартады.
Тіліменен қағып дабыл,
Солдат әнге жырлайтын жыр.
Нысананы атқанда,
Сілкінетін осы үй құрғыр.
Тырнадай боп тіке тұрад,
Бір аяғын созып қояд…
Кетті құлап бір мезгілде
Көзі алайып кетіп барад…
Өкіреді, тауба қылад:
Тақсырлап кеш жалбарынад.
Басын сүйеп есім шықты,
Тынши беріп тағы ұсынад.
Тілге көнді, жатты кәнге.
Ғайса менен тәңіріме
Шоқындым да, жалбарындым
Кірпік қақпай ұзақ түнге…
Таң алдында есі кірді.
Хош… Хош… Анам… – деп жөткірді.