Ілияс Жансүгіров шығармашылығының зерттелуі
Ұлы ақын, жазушы, драматург, аудармашы, фольклорист, публицист, Жетісу тарихын зерттеуші, ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіров шығармашылығының зерттелуінің алғашқы кезеңі 1928-1938 жылдар аралығын қамтиды. Екінші кезеңі 1957 жылдан бері жазылып жатқан зерттеулер мен монографиялар, мақалалар және қазақ әдебиетінің ғылыми-теориялық мәселелерінде кездесетін Ілиястың шығармашылығына қатысты ой — пікірлер, талдаулар.
Ақынның әдебиет майданына белсене араласуы 1920 жылдардан басталады. Осы жылдардан бастап «Еңбекші қазақ», «Тілші», «Кедей еркі», «Жаңа әдебиет», «Жаңа мектеп», «Әйел тендігі», «Жетісу әйелдері» т. б. газет-журнал беттерінде Ілияс өлеңдері үзбей басылып тұрды.
Ақынның көзі тірісінде қазақ, орыс тілінде 30-дан аса кітабы жарық көрген (Бұл мәлімет І.Жансүгіровтің 1935 жылы 15 қарашада жазған автобиографиясынан алынды — Ш.К.). Оның ішінде өз туындылары бар және ауыз әдебиеті үлгілері мен балаларға арналған туындыларды жинастырып, жинақ ретінде құрастырып, шығарған. Олар: «Сағанақ» (Қызылорда 1928ж.) «Жаңа жырлар» (Өлеңдер жинағы. Қызылорда 1928ж.), «Жаңа жолда» (Қызылорда 1929ж.), «Дала» (Қызылорда 1931ж.), «Жаңқа» (Қызылорда 1931ж.), «Мәйек» (Қызылорда 1931ж.), «Жинақ» (1920-1931жылдардағы әңгімелері. Қызылорда 1932ж.), «Кек» (Қызылорда 1932ж.), Толық жинағы. 2 томы. (Қызылорда 1933ж.), «Күйші» (Қызылорда 1933ж.), «Колхоз тойы» (Алматы, ҚМКӘБ, 1934ж.), «Жаңа туған» (Алматы ҚМКӘБ, 1934ж.), «Құқ» (Фельетондар мен сықақ әңгімелер жинағы. Алматы, ҚМКӘБ 1935ж.), «Жол аузында» (Әңгімелер жинағы. Қазан 1935ж.) «Күй» (Өлеңдері мен поэмалары. Қазан, ҚМКӘБ, 1935ж.), «Жорық» (Алматы, ҚМКӘБ, 1935ж.), «Жолдастар» (Қазан, ҚМКӘБ, 1935ж.).
Орыс тілінде шыққан кітаптары: «Степь» (Перевод М.Ауезова. Херсон, Казиздат, 1931ж.), «Кеңес» (Сборник стихов. Алматы, КрайОГИЗ, 1935г.), «Кюйши» (Перевод Вс. Рождественского. Москва, Гослитиздат, 1935г.), «В пути» (Сборник рассказов. Перевод Г.Шариповой. Алматы, КрайОГИЗ, 1936г.).
І.Жансүгіров ел аузындағы әдебиет үлгілерін жинап, төмендегідей кітаптар шығарған: «Өтірік» (Москва, Кеңестер Одағының кіндік баспасы, 1927ж.), «Ақыр заман» (Алматы, ҚМКӘБ, 1933ж.), «Сүйімбай ақын» (Қызылорда, 1934ж.), «Ақындар айтысы» (Алматы, ҚМКӘБ, 1935ж.), «1916 жылғы көтеріліс материалдары» (Ұлттық мәдениет институты).
Балалар әдебиетін жинақтап, шығарған кітаптары: «Маяк» (Қазкөркем баспасы, 1920ж.), «Балаларға тарту» (Қазкөркем баспасы, 1928ж.), «Жұмбақ» (Қазкөркем баспасы, 1928ж.), «Шәркей» (Қазкөркем баспасы, 1928ж.), «Малта» (Қазкөркем баспасы, 1928ж.), «Одақ» (Қазкөркем баспасы, 1929ж.), «Мін де шап» (Пьесалар. Қазкөркем баспасы, 1933ж.), «Мектеп» (Қазкөркем баспасы,1934ж.).
Ілиястың 1927 жылы шыққан «Өтірік» (араб таңбасындағы төте жазумен) жинағы 2001жылы Қарағанды қаласында ҚарМУ баспасында (көлемі-63 бет) жарық көрді. Төте жазудан аударып, баспаға әзірлеген Т.Әлібек, С.Шахина. Түсіндірмелерін жазып, жалпы редакциясын басқарған Б.С.Рақымов.
Ілияс көзі тірісінде шығармаларының көп томдығын шығара алмай кетті. Сол кезде баспасөз беттерін көріп қалғандарынан өзге әлі жариялана қоймаған немесе бітпей қалған туындылары, сан-алуан хаттары, күнделіктері, алдағы жоспарлары, қысқасы, бай мұралары толық сақталмады. Олардың жұртшылық алдында сөйлеген мазмұнды сөздері қағаз бетіне түспей қалды.
1928-1938 жылдар аралығында Ілияс шығармашылығы жайында 70-тен аса сын мақалалар жарияланған. Бұларды біз ілиястанудың алғашқы адымдары деп білеміз. Негізінде, Ілияс жайлы алғашқы сын-мақалалар «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Социалды Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында және кейбір облыстық газеттерде жарық көрген.
Ақынның 1920-28 жылдары газет-журналдарда басылған өлеңдері іріктеліп және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері, аудармалары енген «Сағанақ» жинағына (Қызылорда, 1928ж.) жазған Сәбит Мұқановтың алғы сөзі — Ілияс шығармашылығы жайындағы алғашқы сын.
Сәбит Мұқанов осы жинақтың шығуы туралы былай дейді: «1927 жылы Қызылордада Смағұл Садуақасовтың үйінде Ілияспен таныстым. Ол кезде мен Қазақстан Мемлекеттік баспасының Бас редакторы едім. Жиырма баспатабақтай қолжазбасын баспаға әкеп тапсырды да, өзі Москваға оқуына жүріп кетті. Жинақты әуелі өзім оқып шықтым. Одан алған әсерім: басым көпшілігінің өлеңдік, сөздік жағы жақсы екен. 20 шақты баспа табақтай көлемі бар қолжазбадан 3-4 баспа табақтай ғана өлең таңдап алдым. Жинаққа редакцияның тапсыруымен қысқаша беташар сөз жаздым». Беташарда Ілиястың қара шаруа ақыны екендігі, кедейге бетін азырақ бұратындығы, бірақ «ел» деген сөзді көп қолданатындығы, мұндай пікірдің кате екендігі, бірақ Ілияс кей жерінде жалшылар туралы, аз да болса айтатындықтан, одан үміт күтуге болатындығы жазылған. Ілияс бұл айтылған сынды көңіліне ауыр алып, «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 5 сәуірдегі санына «Бетім анадай емес, мынадай» деген қарсы мақала жазады. «Мен осы елдiң жайған керегесiнiң «сағанағымын». Мен сенгенiмдi айтам, сезгенiмдi жырлаймын. Айтатыным – рас, жырым – шын. Ешкiмнiң құбыжығынан қорқып, құрығына түсiп, «бике» бола алмаймын,-дей келіп, өзінің жолының айқын екендігін, ешкімге жаулық тілемейтінін, саясатты дұрыс түсінетінін айтады: «…Мен бұл жауабымда Сәбиттi кiрлеуге, тiлдеуге тап беруден аманмын. Қалай да Сәбит пен бiз бiр коллективтiң адамымыз, бiр партияның мүшесiмiз. Сәбиттің бiлiмдi болғаны – менiң пайдам. Менiң өскенiм – Сәбиттiкi. Екеумiздiң тапқанымыз – еңбекшi елдiкi, коммунист партиясынiкi. Бiздiң айтысымыз усыз, кексiз, шылықсыз». Дегенмен осы айтыстан кейін екеуінің арақатынасына кірбің түседі.
Бес күннен кейін газеттің 11 сәуір күнгі санына Ілиясқа жауап ретінде Сәбит Мұқановтың «Бас асаулық» деген мақаласы басылады. Сәбит бұл мақаласында өткір тілмен Ілиясты сынап, оны «жолбике ақын» қатарына қосады. «Талай жазушылардың өлеңдерiне мұның әкесiндей сын жазылып жүр, солардың бiреуi де Iлиястай байбалам салып, бетiн жыртып көрген жоқ. Егер Iлиясқа да сондай сындар жазылса, мына қалпына қарағанда, буынып өлер. Мұның аты – жүген-құрық көрмеген бас асаулық. Қай-қайсымыздың да тезіміз-еңбекші жұртшылығы. Қанша тулағанмен, ноқтаға бас имейтін «әулие» жоқ. Мұны Ілияс жолдас жақсы білу керек. Бас асаулықты қою керек»,- дейді. Бұдан кейiн Ілияс жиі-жиі сынның қарауылына iлiнедi, өзi де айтысқа түседі, қорғанады, пікірін білдіреді, осылайша есейеді.
«1928 жылы Ілиястың «Сағанағын» Қызылордада оқыдық. Ақынның аяқ алысы сонда-ақ танылған. Содан бері мүдірмей шауып, бәйгі бермеген поэзияның Құлагері, ақындықтың тәңірі Ілияс аға жылы көзден ғайып болды. Менің жүрегімде ерекше орын алады», -деп, жазады Сәйділ Талжанов.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жазушылар арасында қызу айтыс жүрді. Қаламгерлер екі топқа бөліне бастады: ұлтшыл,- байшыл жазушылар және пролетариат жазушылары. 1925 жылы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты» деген қаулы шыққаннан кейін әдебиет төңірегіндегі айтыс онан әрі өртше қаулап қоя береді. Әуелде сынға ілікккен С.Сейфуллин мен М.Жұмабаев болды. Одан соң басқалар да сынға іліне бастады. Ұлтшыл-байшыл жағында деген әдебиет қайраткерлері сыннан көз аша алмады. 1924 жылы М.Жұмабаевқа әдебиеттік сот ұйымдастырылды. «Пролетариат жазушылары» дегендер күшейіп, «ұлтшыл, байшыл» жазушылар сынның құрығына оңбай ілінген. Оның соңы 1929-1930 жылдары ақын-жазушылардың қуғын көріп, түрмеге түсуімен жалғасады. «Кіші Октябрь» саясатының теріс болғанын сезген Голощекин өзіне наразылық, қарсылық болатынынан қауіптеніп, жергілікті қайраткерлер мен интеллигенция арасында реппрессияны бастайды. Әсіресе, революцияға дейін қалыптасқан қазақ интеллегенттеріне шүйіліп, олардың отызға жуығын қамауға алады. 1928 жылдың аяғында алашорда қайраткерлерi А. Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х. Ғаббасов, тағы басқалар тұтқынға алынады. Ж. Аймауытов атылып кетеді де, басқалары әртүрлi мезгiлге түрмеге отырады. М.Дулатов 1935 жылы лагерьде қайтыс болады. А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, тағы басқалары жазаларын өтеп, босанып шығады. Ілиясты бұл от-жалын айналып өтеді.
1929 жылы Қызылордада сыншы Ғаббас Тоғжановтың «Әдебиет және сын мәселелері» деген көлемді зерттеу кітабы шықты. Ғаббас Тоғжанов бұл еңбегінде жиырмасыншы жылдан бергі қазақ әдебиетіндегі табыстарды қорытындылап, жеке ақын-жазушылардың шығармашылығына талдау жасаған. Ол: «Ілиястың 1926 жылға дейін жазып келген өлең, әңгімелерінің көбінде халықшылдық, ұсақ байшылдық, ұлтшылдық әсерін табасың»,- деп, 1926 жылға дейінгі шығармашылығына ұлтшылдық айдарын тағады. «Майдан» өлеңінде ұлтшылдықтың, «Ауылдың алды», «Көктемде», «Әнші» өлеңдерінде идеялшылдық, халықшылдықтың әсері бар»,- дейді. «Қосаяқ», «Толғау» атты өлеңдерін идеялық жағынан жат шығармалар етіп көрсетеді. Біздіңше, бұл өлеңдер — идеялық, көркемдік дәрежесі жоғары, поэзияға түр, мазмұн жағынан жаңалық әкелген, сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде келелі пікір қозғаған шығармалар.
Әйтіке Мусин «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылдың 17 сәуірдегі санында жариялаған «Көркем әдебиет мәселесіндегі айтыстар туралы» мақаласында Ғаббастың «Сәкен, Бейімбет, Сәбит пролетариат жазушылары деген атты алуды көтермейді, бұлар төңкерісшіл жазушылар» деп айтқанын қолдайтынын білдіре отырып, кейбір сыншының оларды пролетариат жазушылары ретінде танитынымен келіспейді. «Күні бүгін мынау біздің пролетар жазушымыз деп көрсете алатындай жазушымыз жоқ»,-дейді.
Жақан Сыздықұлы «Еңбекшi қазақ» газетiнің 1929 жылдың 24 сәуiрдегі санында шыққан «Ақын-жазушыларымыз туралы» атты мақаласында: «Бейiмбет, Сәкен, Сәбит, Iлиястар бiрсыпырадан қаламын қолға алып, жазып келедi. Ғабит, Асқар қаламын қолға алғалы едәуiр болып қалды. Бұлардың бiр де бiрiне әлi тиiскенiмiз жоқ, сынағамыз жоқ, тәрбиелегемiз жоқ. Бар болғаны сөз арасында ғана айтылып жүр. Керегi келген жерде мысалға алынып жүр»,-деп, әдеби сынға көңілі толмай жүргендігін жазады.
Өзара сынның беталысы күшейді. Әдебиетте жікке бөліну пайда болды. Ақын-жазушылар бір-бірін сынау үшін өз араларынан қолдан жасаған «жікшілдікті» іздей бастайды. Ілияс «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылдың 17 ақпандағы санына «Жікке жол жоқ» деген көлемді мақаласын жазады. Ғ.Мүсірепов «Әдебиеттегі жікшілдікке қарсы», С. Мұқанов «Жікке қарсы жік», Ө.Мұсаұлы «Жікшілдіктің түбі жолбикелік», Ә.Тәжібаев «Әдебиеттегі ауа жайылушылықтарға қарсы», «Ілияс туралы бір-екі сөз», Ғ.Тоғжанов «Жолдастық хат», М. Қайыпназарұлы мен Қалымбекұлы «Ілияс жолбике емес» деген мақалалар жазып, әдеби айтысты жандандыра түседі. Байқап отырсаңыздар, таяқ Ілиясқа да тиіп жатты. Бұл жылдардағы әдеби сынның идеялық әлсіздігі, теориялық дәрежесінің төмендігі әдеби құбылысқа, негізінен, тұрпайы социологиялық тұрғыдан қарап, теріс қорытынды шығаруға әкеліп соққан.
С.Мұқанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылғы 22 сәуірдегі санында жарияланған он бес беттік мақаласының «Жансүгіровпен жігіміз» деген тарауында Ілиясқа «қожановшыл ақын» деген айып тағады. Дегенмен, ол сол жылдары жазған сын, зерттеу мақалаларында Ілиястың, әсіресе, түр жағынан ізденулеріне ризашылығын білдіреді. «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылғы 2 қарашадағы санында М.Қайыпназарұлы мен Қалымбекұлының «Iлияс «жолбике» емес», Әбдiлда Тәжiбаевтың «Iлияс туралы бiр-екi сөз» атты екі мақала жарыса шықты. Ә. Тәжiбаев «Ілияс жолдас туралы жазу, өткен күндегі беттерін жұртқа көрсесту, қазіргі қателіктерін әл келгенше айту – кәмунистік міндет»,-деп мақаласын бастайды да, оның өлеңдерінен байшылдық, ұлтшылдық іздейді. Ілиястың «Ызалы қиял», «Ақынға», «Көк өгіз» өлеңдерін талдап, оны «жолбике» ақындардың қатарына қосады. «Ғаббас Тоғжанов «Әдебиет және сын мәселелері» деген кітабында Ілиясты «жолбикелердің» қатарына қосу керек еді, Ілиястың өткен өткелектерін оқушыларға тізіп бергенде тарихқа да қиянат қылмаған болар еді»,-дей келіп, С. Мұқановтың «Сағанаққа» жазған алғы сөзіндегі Ілияс жайлы сынды қолдайтындығын айтады.
Сол кезде сынға көп ұшыраған «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір» сияқты өлеңдері ақынның кей шақтардағы көңіл күйіне және кейбір асыра сілтеушіліктің жеке фактілеріне байланысты туған. Әрине, ақын шығармаларының қай-қайсысын алсақ та уақыт тынысы, заман лебі есіп тұрады. Уақыт тынысы дейтініміз заман ағымының ыңғайы қалай бет алса, солай қарай ығу. Түбі тұңғиық алдамшы саясаттың ұстанып, (патшалық Ресей мен кеңестің) ұлттың қолын бостандыққа жеткіздік деп, түп-тамырын өзін-өзіне кұртқызу тәсілі екендігін ел кеш білді. Ал екіншіден, заман лебі елдің бұйығы тірлігін бұзып, жаңадан ене бастаған техниканың залалды да өнімді тірлігімен алданып, сонау негізгі тірлік көзімізден адасуға дейін әкеп соққаны жалған емес. Міне, осындай айналаның әсері қашан болсын ақынның сана-сезімін еріксіз билемеуі мүмкін емес.
М.Қайыпназарұлы мен Қалымбекұлы «Iлияс «жолбике» емес» деген мақалаларында: «Әбдiлда жоғарғы мақаласында Iлиясты жолбике деп отыр. Iлиясты «жолбике» деп танысақ, Iлиясты ҚазАПП ұйымына басшы қылуға жарамайды. Iлиястың дәл қазiргi күндерi жолбике болып және пролетариат жазушылар ұйымына мүше болуы бiр-бiрiне жанаспайтын нәрсе. Бiздiңше, Iлияс жолдасты қазiргi күнде «жолбике» деп тануға болмайды», — дейді. «Ал ұшамын аспанға», «Ақынға», «Көк өгiз» өлеңдерiн сынайды. Толық пролетариат жазушысы, қателерi жоқ деп бiз де айта алмаймыз. Әбдiлда айтқандай «жолбике» деп тағы айта алмаймыз. Iлияс Қазақстан пролетариат жазушылар ұйымының мүшесi. Мүшесi болуға жарайды деп ойлаймыз»,-деп сөзін қорытындылайды.
1989 жылы 8 желтоқсанда сыншы Бақыт Сарбалаев «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жетім бота-көңілім» деген мақала жариялады. Онда Ілиястың «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында, «Сағанақта» және 1933 жылғы өлеңдерінің толық жинағында жарық көрген «Молданың мінәжаты», «Қажыдым», «Ақынға», «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір», «Тумас па екен?», «Құрысын», «Айырылу аттанысында», «Моласында», «А.Б-ге», «Жаңа өнер», «Кәмінтерн» өлеңдері 1964 және 1986-1989 жылдардағы 5 томдық жинағына енбей қалғандығын жазған болатын. 2004 жылы шыққан Ілиястың 10 томдығынана да енбей қалған екен, болашақта ескеріледі деген ойдамыз.
Ғаббас Тоғжанов «Жолдастық хат» мақаласында: («Еңбекші қазақ» газеті, 20 қазан 1930ж.) «Әбділда жолдас, Ілиясты «жолбике» қатарына қосуға бола ма? Әрине, болмайды. «Жолбике» болса, ҚазАПП ұйымына мүше қып алуға бола ма? Әрине, болмайды. Рас, әлде де болса Ілиястың кемшіліктері мол. Толық пролетариат жазушысы, қателері жоқ деп біз де айта алмаймыз. Әбділда айтқандай «жолбике» деп тағы айта алмаймыз. Ілияс — Қазақстан пролетариат жазушылар ұйымының мүшесі. Мүшесі болуға жарайды деп ойлаймыз»,- деп өз ойын білдіреді.
Міне, осылайша қаламгерлер бір-бірінің шығармаларынан жат ниет іздеп, сынның сойылын соға берді. Мұндай қызу талас-тартыс қазақ зиялыларының екiншi рет қамауға алынуына әкеп соқтырды. 1930 жылғы қыркүйек-қазан айларында 40 шақты адам тұтқындалады. Олардың iшiнде М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақпаевтар болды. Бірақ бұл жолғы қудалаудан да I. Жансүгiров аман қалады.
Ілияс шығармашылығының 1930-жылдың бас кезіндегі зерттелуі мәселесіне М. Әуезов, F. Мүсірепов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М.Қаратаев, 3. Кедрина, I. Қабылов, С. Сейфуллин, Ө. Тұрманжановтар ат салысып отырды. «Осы күнгі қазақ кеңес жазушыларының тілге шебер, өлеңге ұстасының да, алдынғы саптағысының да, көрнектісінің де бірі — Ілияс»- деген бағаны С. Сейфуллин берген. М.Баталов пен М.Сильченко (1933 ж.) Жансүгіров шығармашылығын С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқановтармен қатар алып зерттейді. Ілиястың «Дала» поэмасы мен бірнеше очеркіне оң пікірлер білдіреді.
1932 жылы Қазақстан пролетариат жазушыларының 1 съезі өтеді, онда Мұстафа Қайыпназарұлы «Қазақ әдебиетінің жайы мен кезектегі міндеттері туралы» деген тақырыпта баяндама жасайды. Баяндама «Әдебиет майданы» журналының 1932 жылғы №3 санына (26-29 ақпан) жарияланады. Ілиясқа қатысты тұсы төмендегідей: «І.Жансүгірұлы — жазушылық жағынан Сәкен, Бейімбеттермен қатар жазушы. Ілияста көп қателіктер болды. Мұның қатесі өзгелерден гөрі де басымырақ. Ілияс бір кезде ұлтшыл алашорданы, мұратшылдықты жырлап жүрді. 1923-жылдары «Мен не көрем?», «Жарапазан» сияқты әңгімелерін жазды. Бастан аяқ оқып отырсаңыз, айтатыны бір сарын. Дүниеде көңіл сүйсінерлік жақсылық, игілік қалған жоқ. Бәрі қараңғы, бәрі бір түн. Ардақты әлемнің жақсылығы түннен көрі көр болды дейді. «Мерген Бекен» әңгімесінде қиялшылдыққа, сарыуайымға жығылады, үмітсіздікке түседі… Ілияс 1925 жылдан бастап өзгелер сияқты алаштан іргесін айырып, кеңеске қосыла бастайды. Алаштың ықпалынан арылып, ауыл, мектеп, кеңес деген тақырыптарға кеңесше түсініп жаза бастайды. Бірақ, одан бері де қаталықтан сау, құлантаза деп айта алмаймыз… Ілияс жақында осы қателіктерінің барлығын мойнына алды. Бірақ түгел алған жоқ. Соңғы кездегі қателері туралы түк айтқан жоқ… Оның жазғандарында кеңеске жақын, пролетариат дүниесіне керекті жерлері жоқ емес. Ілияс — өсіп келе жатқан ақын… Ілиястың өзгеден бір айырмашылығы, ол ылғи күнделікті социалдық құрылыс тақырыптарын алып жазады. Ендігі жерде біздің Ілиястан күтетініміз — әлі де болса ұлтшылдық, алашорда сарқыншағымен, әсіресе көркем әдебиет майданындағы ықпалымен аянбай қатты күрессін. Әлі де болса тап күресінде белсенділігін көрсетіп, социалдық құрылысқа бұдан да гөрі қаттырақ ат салыссын дейміз». Қарап отырсақ, сынның беталысы қиын. Ілияс поэмалары туралы салмақты сөздің бірін Кеңес Жазушылар ұйымының ұйымдастыру комитетінің 1932 жылы желтоқсанда болған бірінші пленумында Ғабит Мүсірепов айтты. «Дала» осы күнге дейінгі ұлылы-кішілі жазылған поэмаларымыздың алды»-деп, ерекше атап өтіп, Ілияс Жансүгіровтің әдебиеттегі бағыты мен ұстанған позициясы туралы объективті көзқарас білдірді. Дегенмен, ендігі жерде там-тұмдап болса да оң пікірлер айтыла бастады. Соның бірі — С.Мұқановтың «Социалды Қазақстан» газетінің 1933 жылдың 5 маусымдағы нөміріне шыққан «Поэзия мәселесі» мақаласы. «Ілияс «Даладан» кейін түр жағынан да, мазмұн жағынан да төмендеген жоқ»,-деп оң баға береді. Е.Бекенов 1933 жылы «Социалды Қазақстан» газетінде «Неге шабан өсеміз?» деген мақала жазып, онда Ілиястың «Бақтың әдісі», «Ташкендікке тарт», «Қуыршақ» атты бірқатар сатиралық әңгімелеріне назар аударады.
І.Жансүгіровтің драмалық туындылары жайлы Ғ. Мүсірепов «ҚазААП жаңа дәуірде» (1932ж.), О. Бекұлы «Қазақ театрының қысқы ойынға даярлығы» («Социалды Қазақстан» газеті, 23 қыркүйек 1933ж.), «Қазақстан театры мен драматургиясының өсу белестері» («Қазақ әдебиеті» газеті, 7 шілде 1934ж.), М.Әуезов «Жақсы пьеса-сапалы әдебиет белгісі» («Социалистік Қазақстан» газеті, 28 сәуір1934ж.), «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» («Қазақ әдебиеті» газеті, 7 шілде 1934ж.), Ілияс Қабылов «Қазақ әдебиетіне маркстік-лениндік сын керек» («Социалды Қазақстан» газеті, 15 тамыз 1934ж.), Р. Уәлиахметұлы «Семейдегі қазақ театры туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 13 қазан 1934ж.), Орынбек «Драмтеатрдың жайы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 13 қазан 1934ж.), Ақынжанов М. «Исатай-Махамбет» пьесасы («Әдебиет майданы» журналы, №7. 8-37 бб. 1938ж.) деген мақалалар жариялады. М. Әуезов «Түрксиб» пьесасы жайлы: «Әзірге қазақ пьесаларының ішінде драма техникасын нық ескерген пьеса осы болар» — деп жазды. Бұл мақалалар Ілиястың драматургтік қырын сөз еткен алғашқы сындар еді.
Қайырқан Еркебайұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылғы 10 тамыздағы нөміріне «Ілияс ағайға ашық хат» деген мақаласын бастырады. Мақала Ілиястың «Жаңа туған» поэмасын сынауға арналған. Мақала былай басталады: «Мен «Жаңа туғанды» оқып шыққаннан кейін шығармаға көңілімнің толмай қалғанын айтып, Ілияс ағайға ашық хат жазып отырмын. Менде екі түрлі мақсат болды. Бірінші – Ілиястың шығармасын сынау, одан дайындық жасап, поэманың егжей-тегжейіне қанып, өзімше бір кішігірім сабақ алу. Екінші – Ілияс поэзиясындағы кемшіліктерді өзі де айтып, бізге игі боларлық жауап жазар деп сендім». Поэма 1933 жылы жазылып, 15 қарашада соңғы нүктесі қойылған. 1934 жылы поэманы Қазақстан Көркем әдебиет баспасы жеке кітап етіп басып шығарады. «Жаңа туған» поэмасында айтылатын «Еңбекші талап» колхозы — жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде сол кездегі Алматы округі, Қастек ауданында алғаш ұйымдасқан колхоз. Ілияс Жансүгіров сол уақытта осы колхозда болып, «Еңбекші талап» колхозының өмірінен «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде» атты әңгімелер және «Жаңа туған» поэмасын жазған. Бұл поэмада Қазақстанда отызыншы жылдарда болған ірі қозғалыс – жеке шаруаларды колхозға тарту дәуіріндегі күрес оқиғалары жиынтықталып, өзінің шынайы, нанымды және көркемдік шешімін тапқан.
Қазақ поэзиясын түр, мазмұн жағынан дамытудағы Ілияс еңбегі Қазақстан жазушыларының 1934 жылғы І-съезінде ерекше аталып өтеді. Съезде Қ. Жұмалиев: «Ілиястың қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы — жаңа өлең жазу тілі бар» — дей келіп, бірнеше басты ерекшеліктерін атап, құнды пікірлер айтқан.
1935 жылы 24 қаңтар күні Ілияс қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы ҚазПИ-дің жас жазушыларымен кездеседі. Жазушылық шеберліктің қыр-сырымен таныстырып, біраз ақындардың шығармаларын талдап, жөн сілтейді. Бұл кездесу туралы Қ. Бекхожин «Лениншіл жас» газетінің 30 қаңтардағы санына «Ілияс жолдас жас жазушылармен әңгімелесті» деген хабарлама жазады. Бұдан кейін Ілияс жайлы Ораз Исаевтың «Мәдениет қызметшілерінің съезін ашқандағы сөзі» («Қазақ әдебиеті» газеті, 27 мамыр 1935ж.), Сәбит Мұқановтың «Қазіргі сатымыз» (Мәдениет қызметшілерінің съезінде сөйлеген сөзі. «Қазақ әдебиеті» газеті, 27 мамыр1935ж.), Ғаббас Тоғжановтың «15 жылдағы қазақ әдебиеті» («Қазақ әдебиеті», 9 қазан, 1935ж.), Әмина Мәметованың «Көркем әдебиетіміз қазақ әйелін тани ма?» («Лениншіл жас», 12 қараша 1935ж.) сынды мақалалары жарық көрді.
А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуы қарсаңында І.Жансүгіров «Евгений Онегин» романын аударады. Оған алғашқылардың бiрi болып М. Әуезов «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» деген мақала жазады. Мақала 1936 жылы 6 қаңтарда «Социалды Қазақстан» газетінде, «Евгений Онегин» на казахском языке» деген тақырыпта «Казахстанская правда» газетiнің 1937 жылғы 5 қаңтардағы санында жарық көрдi. М. Әуезов Ілияс аудармасын өте жоғары бағалайды. «Романның өзін, түсіндіргіштерін, бұрынғы зерттеушілерін оқып, аудару үстінде Ілияс алты ай отырды. Сөйтіп іздеу арқылы ол Пушкин материалын барынша жете танып, біліп отыр. Ілиястың осы ісінің әр кезеңін көргендіктен мен қазір Пушкин романының ішінде ол түсінбеген бір де бір сөз жоқ деп айта аламын. Ол роман ішінде толып жатқан адам аттарының неге кіргізілгенін және Пушкиндегі шет жайыла сөйлейтін көп тарамдардың неліктен болатынын тегіс зерттеп, шешіп алған. Мұндай бұлтарыстар романда аса көп. Және әр адам, жаңағыдай әр тарамның артында тұрған жалпы тарих, мәдениет тарихы немесе оңай ұғыла қоймайтын тұспалмен айтылған дәуір белгілері қаншалық? Осыны ұғынып алумен қатар, Ілияс әуелі романның бір үзіндісін әр түрлі үлгімен де аударып көрді. Бірақ мынадай істі тарихи зор міндет деп түсінудің өзі оған Пушкинді дұрыс әдіспен аударудың негізгі дұрыс жолын таптырды. Ол әдіс асыл нұсқаның өз стилін, өз түрін бұлжытпай түсіру әдісі болды»,-дейді. Оған ілесе С. Жамагетовтың «Ақынға алғыс» («Социалистік Қазақстан» газеті, 6 қаңтар 1937ж.), Телжан Шонановтың «Евгениий Онегиннің» аудармалары туралы» («Социалистік Қазақстан» газеті, 8 ақпан 1937ж.), Р. Жаманқұловтың «Пушкин шығармасы қазақ тілінде» («Қарағанды пролетариаты» газеті, 15 ақпан 1937ж.) мақалалары жарияланды.
Ілияс шығармашылығын зерттеу мәселесіне әдеби сынның баса көңіл аударуы 1936 жылдан басталады. Бұл жылдар жалпы қазақ әдебиетінің табыстары қорытындыланып, өзінің объективті бағасын ала бастаған кезең еді. Және де 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгi өтті. Мұның бәрі ақын-жазушыларға құлшыныс тудырып, жаңа шығармаларды өмірге әкелулеріне себеп болады. Ақынның «Құлагер» поэмасы – осы кезеңнің жемісі. Ілияс «Құлагер» поэмасын «Социалды Қазақстан» газетінде шетінен жариялай бастайды. Есмағамбет Исмаилов: «Құлагер» — осы күнге дейін болып келген поэмамыздың ең бір асыл, ең кесек қазынасының бірі екені талассыз. Бұл — поэмамыздың кең жоталы, мықты бел асыратын бір сатысы. Бұл поэма- қазақ совет поэзиясының кең дәуірінің өлмейтін алтын ескерткіштерінің бірі»,- деп, әділ бағасын берді. («Сын поэзияны қалай тану керек?» «Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.).
Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» және «Дала» поэмалары бойынша сынның бастамасын «Қазақ әдебиеті» газетінде (1936 жыл, 10 қаңтар) ұйымдастырылған айтыс ашты. Әзімбай Лекерұлы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің шығармашылығынан қателіктер тауып, «бұлар жаңа өмірге қорытынды жасай алмады» деген пікір білдіреді. Бұл пікірге С.Мұқанов қарсы шығып «Сәкен мен Ілиястың да кемшіліктері жоқ емес, дегенмен бұл екеуін қазақтың кеңес поэзиясының классигі деуге аузымыз бара алады», — деген тұжырым жасап, айтысты «Ілиястың поэзиясы туралы» деген мақаласымен бастайды. Бұл жайында Есмағамбет Исмайлов: «Ілияс Жансүгіровтің «Дала» атты лирикалық поэмасы халық басынан кешірген, бірнеше тарихи кезеңдер туралы сыр шертеді. Мұнда жазушы үлкен шеберлік көрсеткен»,-десе, Мұхаметжан Қаратаев «Дала» поэмасын кейбір көркемдік композициялық кемдіктеріне қарамастан, жалпы поэзиямызда қазақ халқының ақындық шежіресі есебінде ірі бастама жасаған поэзиялық тарихи — философиялық ұзақ салалы «шығарма дей аламыз», — деп бағалады. «Дала» поэмасына берілген бұл бағалардың қайсысы болмасын, шығарманың құндылығына шәк келтірмейді.
Негізгі баяндама жасаған Қадыр Қуанышұлы баяндамасын тек «Күйші» поэмасы төңірегіне құрған. Баяндамадан поэманы нақты талдау талабы байқалады. Бірақ күйдің әлеуметтік мәні мен эстетикалық қасиетін жете түсінбеу салдарынан поэманы жан-жақты зерттеп, дұрыс қорытынды шығара алмаған. Соның нәтижесінде Қ.Қуанышұлы «Музыканы тап мәселелерін шешуге құрал етуден үлкен қате шықпай ма? – деп, шатасады. Бұдан басқа Қ.Әбдіқадырұлының «Күйшіні» түсіне білу керек» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.), Ө. Тұрманжанұлының «Күйшінің күйі туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.), Ә. Қоңыратбаевтың «Сын туралы бір-екі сөз» («Қазақ әдебиеті» газеті, қаңтар 1936ж.), Құлмырза Өтеповтың «Әдістегі қателік» («Қазақ әдебиеті» газеті, 15 қаңтар 1936ж.) сынды мақалалар шетінен жазылып жатты. Құлмырза Өтеповтің «Әдістегі қателік» деп аталатын мақаласында: «Қатенің түп тамыры — Кенесары заманын сол заманның жалғыз күйімен ғана суреттеуге тырысуында» — десе, енді бір жерінде «Күй» әлеуметтік салт-сананың бір түрі. Осы әлеуметтік салт-сананың бір түрімен бүкіл әлеуметтік бұқараны соның нысанасын суреттеймін деу субъективный әдіске түскендік» дейді. «Күйшідегі» домбырашының күйіне бүкіл жан-жануардың ұйып, елтігенін суреттеген жерлерді түсінбей: «Жырлап отырған күйінің мөлшерінің шағындығын ұмытып кетіп, оған бойына симайтын, бойында жоқ қасиеттерді жабыстырады… Былайша асыра суреттеу мистикаға апарып соғады» — деп, бұл поэмаға тән романтикалық элементтерден безеді.
Өткен ғасырдың 30 — жылдарында осындай сын айтылса, 60-жылдары Әбіш Кекілбаев Ілиястың туындысын көркемдіктің биік шыңына шығарып, былай дейді: «Қарашаштың күйші жігітке деген махаббаты оның өзіне де, күйші жігітке де, бұлтартпас бір шындықты — тәуелділік жүрген жерде махаббат та, бақыт та жоғын ашып берді. «Күйші» поэмасы— біздің халқымыздың поэтикалық қуатының ересен жеңісі».
Бүгінгі сынға құлақ түрсек: «Күй әсерімен, музыкалық әуеннің сарынымен ақын Күйші – Қарашаш арасындағы тартысты махаббат пен зұлымдық шайқасының сұрапылы ретінде бейнелейді. Поэмада ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылады, олардағы образдар, суреттер айқындалады. Әділетсіздікті, зорлықты тізе бүктіретін ұлы күш, бостандыққа, азаттыққа апаратын зор қайрат – өнер деген идяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем образдар арқылы терең толғап, кемел суреттеп жеткізіп берген».
«Күйші», «Дала» поэмалары бойынша айтыстың жетпей жатқантұстары да жоқ емес. Айтыс науқаншылық сипатта болды, екіншіден, айтыс материалын жариялауға газеттің екі беті ғана берілді, сондықтан оған басқа сыншылар қатыса алмады; үшіншіден, сыншылар Ілияс поэмаларын көркемдік тұрғыдан талдауды назардан тыс қалдырды. Осы айтысқа қатынасушы Құлмырза Өтеповтің мақаласы «Әдістегі қателік» деп аталады. Қ. Өтепов «Дала», «Күйші» поэмаларындағы жазушының әдісі қате деген пікірді ұстанып, бұл поэмаларда реализмнен гөрі символика басым деген теріс қорытындыға келеді. Осыдан барып Қ. Өтепов «Күйші» поэмасының мағынасынан әр түрлі бүркеншік идеялар іздеп, түрлі жорамалдармен көпшілікті шатастырған.
Ақын «Кәнпеске», «Мәйек», «Қуат», «Жаңа туған», «Жорық», «Кеңес», «Бақытты Жамал» атты поэмаларын жаңа қоғамды, социализм заманын суреттеуге арнайды, жаңа заманның алып қуатпен алға басудағы әр түрлі істері баяндалады. Бұл поэмаларында қазақ елі көгіне Октябрь таңының атқанын, соның шұғыласына бөленген ел өмірінің көгеріп жатқанын шабыттана жырға қосты.
1928 жылы Қазақстанда ірі байлардың мал-мүлкін кәнпескелеп, өздерін жер аудару сияқты зор саяси маңызы бар шаралар жүргізілді. Ел өміріндегі өзгерістерді дер кезінде көріп, халық жүрегінің соғуын сезе білуге жарап қалған жас поэзия өзінің сергектігін осынау оқиғаның тұсында тағы бір танытты. Нақ осы конфискация тұсында Жансүгіров республика өміріндегі елеулі оқиғаға үн қосып, бір топ өлеңін, «Кәнпеске» атты поэмасын 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жариялады. «Кәнпескеде» байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу, оларды тап ретінде жою сияқты саяси күрес сөз болады.
1929 жылы жазылып, 1931жылы жеке кітапша болып басылып шыққан «Мәйек» поэмасында ауыл өміріндегі жаңалық пен шаруалар санасындағы өзгеріс жайы әңгімеленеді. Жаңарған ауылдың ұйымдасқан күші мен қуанышқа бөлеген еңбегі суреттеледі, техникамен қаруланған, үлкен өнерге құлаш сермеген ауыл бейнеленеді. Автордың Мәйек деп отырғаны – қазақ ауылында жаңадан құрылған колхоздың аты. «Мәйек» бұл арада ұйытқы мағынасында алынған. Алыста жүріп, көптен бері ауылына келмеген ақын поэманың лирикалық кіріспесінде жаңарған даланы, бақытты адамды көргенде өзінің өн бойын билеген сезім күйін шертеді. Ақынның көзіне «қала салған, бақ еккен, қуаң қырын көгерткен» жаңа колхоз шалынады.
«Қуат» атты поэмасында социалистік индустрияны өркендету, кеңес адамдарының күрес жолы сөз болды. Сол кездегі бүкіл одақтық электр қуатының ордасы Днепрогэс алыбын жырлауға арнаған. Образдарының жалпылама схемалылығымен қатар, жаңа, тың екпін, леп, серпін сезіледі. «Қуат» поэмасының жариялануы жайлы екі түрлі дерек бар: 1) «Әдебиет майданы» журналы. (1932 ж.); 2) Ұжымдық жинақ. (1933ж.).
Кеңестік тақырыпқа жазылған Ілияс поэмаларының бірі — «Бақытты Жамал». Мұнда автор революцияға дейін езіліп келген қазақ әйелдерінің тағдырын суреттейді. Поэмада ақын тең правоға ие боп, ерлермен қатар күресіп жатқан қазақ әйелдерінің жарқын бейнесін жасайды. Социалистік құрылыстың белсенді қайраткері еңбекші азамат — әйел образын әдебиетке әкелді.
Е. Ысмайылов «Әдебиеттегi формализм мен натурализмге қарсы» атты мақаласында («Социалды Қазақстан» газеті, 4 сәуiр 1936 жыл) Iлиястың «Қуат» деген туындысын «формализм сарынымен жазылған»,- дейдi. Ал 1936 жылғы 11 сәуiрде осы мәселеге байланысты үлкен айтыс өткiзiлген. Баяндама жасаған Әзiмбай Лекерұлы Iлиястың «Жорық» поэмасын натурализмге жатқызды: «Ақын суреттейтiн оқиғасына атүстi қараған, өзiнiң айтатын оқиғасын жете зерттемеген, сөйтiп социалды реализмнiң жабайы шарттарын қолданбаған»,-дейдi. Мұхаметжан Қаратаев газет сөзі мен радио үніне сүйеніп жазылған «Жорық» поэмасы -документті-хроникалық шежіре болып шыққанын айтса, Р.Жаманқұлов: «Бiздiң 15-20 жыл жазушылық стажы бар Сейполлаұлы, Майлыұлы, Жансүгiрұлы, Әуезұлы, Мұқанұлы сияқты iрi жазушыларымыз болса да кеңестер одағының әдебиетiне қазына боларлықтай кесек шығарма бере алған жоқ»,- деп тиiстi. Iлиястың «Жаңа туған» шығармасын натурализм әдiсiмен жазылған деп есептедi. Дегенмен, Ілиястың фельтетон жанрына үлкен еңбек сіңіріп жүргендігін атап өтеді. Алаш жазушылары бұл жанрды өркендете алмады. Нағыз фельетонды жазған Ілияс пен Бейімбет. Бұл даусыз, бірақ Ілиястың сатиралық әңгімелерінде кейіпкер характерлері ашылмаған, алған объектісі күңгірт, заман талабына сай емес» деген. Е. Ысмайылов «Жорық» поэмасын схемалы натурализм әдiсiмен жазылғанға қосты. («Қазақ әдебиеті» газеті, 25 сәуiр 1936ж.). Осы жылдары К.Рождественскийдің «Қазақстан ақындары» («Қазақ әдебиеті» газеті, 15 март 1936ж.), Қ.Өтеповтің «Революция және халықтың таланттылық дәрежесі» («Социалды Қазақстан» газеті, 7 ноябрь 1936ж.), Қ.Жұмалиевтің «Қалай жазу керек?» («Екпінді құрылыс» газеті, 17 ноябрь1936ж.), Қ.Әбдіқадыровтың «Құлагердей» поэманы көптен күткенбіз» («Қазақ әдебиеті» газеті, №44, 25 қараша 1936ж.), Ә.Мәметованың «Балалар кітапханасының мүлкі» («Қазақ әдебиеті» газеті, 8 апрель 1936ж.) сияқты мақалалар басылымдарда жарияланды.
«Кеңес» поэмасы Ілиястың «Жаңа жыр» жинағында 1937 жылы жарияланған. 1974 жылы Баламер Сахариевтің құрастыруымен «Құлагер» деген Ілиястың таңдаулы шығармаларының жинағы шыққан. Сонда «Кеңес» поэма деп берілген, одан кейінгі жинақтарда өлең қатарына ауысып кеткен. Көлемі-204 жол, яғни 51 шумақ, Есім мен Нұршайдың махаббаты, Ғалидың Есімді кескілеп өлтіруі, Есімнен тұяқ қалып, оның атын Кеңес деп қойып, сол Кеңестің құрметіне колхоз атының қойылуы және «Кеңес» колхозы адамдарының бақытты тұрмысы жайлы жазылған сюжетті поэзиялық шығарма неге «поэма» деген атауынан айырылып қалғандығы түсініксіз жайт. 1958 жылы жазылған мақаласында Сағынғали Сейітов оны поэма ретінде қарастырады. Сондықтан бұл поэманы болашақта өз ауылына қайтару керек.
1937 жылы 6 қаңтар күнгі санында «Социалды Қазақстан» газеті «Кұлагер» поэмасы туралы редакциялық мақала басып, «Құлагер» поэмасы туралы оқушылар хаттарына арнайы бет берді. «Құлагер» поэмасы туралы жазылғандардың ішінде Е. С. Исмаиловтың «Халықтық поэма» деген мақаласы мен Т. Нұртазиннің «Адам туралы поэма» атты мақаласы бар. Сол жылдары жазылған К. Алтайскийдің «Жансүгіров тасып төгіліп тұрған дарқан дарын, өз халқының тіл маржанын жүзіктің көзінен өткізген батыл, жаңашыл, ғажайып зергер еді. Ол ізденуді сүйетін, ізденісі жеміссіз болмайтын. Оның «Дала» поэмасы өз халқының тарихын ақын тілімен жырлап берген қазақ «Илиадасы» десе де болғандай»,- деген бағасы әділ бағалардың бірі болды. «Құлагер»-Ілиястың ақындық өнерінің кемелденіп, биік дәрежеге көтерілгендігіне кепіл боларлық шығарма. Мұнда ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдырлаған нәзік лирикалық сезім, серпінді, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғырлаған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз, мүлтіксіз үлгілері көз тұндырады. «Құлагер» поэмасы- шын мағынасында поэзияның сұлу сарайы іспетті, Жансүгіров творчествосының «биік шыңы деуге толық дәлелді бола алады»,-деп түйіндеді М.Қаратаев. Бұл — өте жоғары және өте әділ баға.
Есмағамбет Ысмайылов 1937 жылы «Құлагер» туралы жасаған баяндамасында: ««Құлагер» поэмасы — қазақ поэзиясының жаңа бастамасы, бұл — классикалық шығарма» деп, шын сүйсініш білдіреді. Сол жиында сөйлеген Әбділда Тәжібаев: «Даламызда» «Құлагер» дүбірлеп барады, даламызды тебірентіп барады. Бұл — дастан, дала күңіреніп сыр шертеді бұл дастаннан»,- деп тебіренеді.
«Құлагер» поэмасы Жансүгіровтің қазақ әдебиетінің эпикалық жанрының бар сипаттарын жақсы меңгергендігін көрсетеді. «Құлагер»-өзінің идеялық-көркемдік ерекшелігімен қатар, жанрлық сипаттарындағы сәтті ізденушіліктерімен де қазақ поэзиясының отызыншы жылдардағы дамуын белгілейтін кезеңді шығарма. Жансүгіровтің эпик ақын екендігінің үлкен белгісі осы — «Құлагер» поэмасы.
1936-1937 жылдары сыншы К. Зелинский, А. Селиванский, А Қ. Алтайский, П. Магердің т. б мақалалары басылды. Қ. Зелинский мен П. Магер «Күйші» поэмасы туралы жаңа пікірлер айтқан. К. Зелинский «Күйшіні» Азербайжан жазушысы Джафар Джамбарлының ертегі аңыз сюжетіне құрылған «Қыз мұнарасы» атты романтикалық поэмасымен салыстыра қарап, «Күйшіні» жоғары бағалайды және поэмадан астарлы, бүркеншік сыр іздеудің, оған символиканы жабыстырудың қажеті жоқ екендігін атап көрсетеді.
Ілияс әдебиет майданында жиырма шақты ғана жыл қауырт еңбек етті. Көп уақыты кеңес құрылысының бастапқы арпалысы, шиеленіс-күресі, қайшылығы, қиындығы кезеңіне дөп келді. Ол уақытта баспамыз осал еді. Баспасөзіміз де әлі толық қалыптаса қоймаған. Ақын-жазушыларымыз өз өлеңдерін, әңгіме-очерктерін, повесть-романдарын түзетуге, сырлап-қырнауға мұршалары болмады. Ауыл-қалада мәдени ұйымдар құру, мектеп ашу, халықтың сауатсыздығын жою тәрізді күрделі науқандардан қолдары тимеді. Олар өз еңбектерін аттың жалында, түйенің қомында асығыс жазды десек те болады. Әйтсе де, саяси-әлеуметтік оқиғаларға күнделікті атсалыса жүріп, асығыс болса да көркем туындыларын жазды. Олардың құндылығы да сол. Себебі, біз осы шығармалардан уақыт тынысын, дәуір үнін, замана көрінісін, күрделі құрылысымыздың бейне-сипаттарын айқын көреміз.
ВКП (б) Орталық комитетiнiң 1936 жылғы желтоқсанда, 1937 жылғы ақпан-наурыз айларында өткен пленумдарында Троцкий мен Бухаринді тап жауы деп әшкерелеп, оларды құрту шаралары жоспарланып, іске асырылды. Оларға «сатқын», «терроршыл», «фашист» деген ауыр айыптар тағылды. Жаппай қудалау басталды. Бұл зұлмат қазақ азаматтарын айналып өтпеді. Ел ішінде үрей туды. «Жапон жансызы», т.б. айыптар тағылып, зиялы қауым қудалауға ұшырай бастады. Өлкелік комитеттің тамыздағы пленумында жаппай әшкерелеу iсiн күшейту жөнінде нұсқау берілді. НКВД органдарында «үштiк» деген топ құрылды. Олардың тізіміне ілінген адамның басына қара бұлт үйірілді.
Қаламгерлер арасындағы айтыс-тартыстар басқа бағытқа бұрылды. Нағыз қанды қырғын жасайтын тілдеу, ғайбаттау, жала жабу сипатын ұстанған мақалалар басылым бетінде үсті-үстіне жарияланып жатты. Ілияс шығармашылығына да, жеке басына да қара бұлт үйірер материалдар шыға бастайды. 1937 жылдың көктемінде-ақ: «Жансүгіров Ілияс Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде қате жібереді. Ол қатенің өзі де анау — мынау қате емес, үлкен қате. Артынан түзеу орнына «Жауырды жаба тоқып жүре берді» деген сөзді естиді. Жансүгіровтің редакциясымен 1935 жылы шыққан Сүйінбайдың кітабы ұлтшылдықпен жазылған. Ол кітапта қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салатын тұстар бар» деген ауыр айып тағылды. «Әдебиет майданы» журналының үшінші санында С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгiров, Ғ.Тоғжановтарды «ұлтшыл фашист, жауыз» деген бағытта жазылған мақала жарияланды. «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзiн мүлде құртайық» деген бас мақала ( «Социалды Қазақстан» газетi, 9 қаңтар 1937ж.), «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл фашистердің зиянкестігін түп тамырымен құртайық» («Әдебиет майданы» журналы, №3, 1937ж.), Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейiк» («Қазақ әдебиетi» газеті, 18 қаңтар), «Жазушылардағы есуастық дерт» («Лениншiл жас» газеті, 11 сәуiр), «Әдебиеттегi алашорда агентi» («Лениншiл жас» газеті, 21 қаңтар), Дәукенов Кәріжанның «Барып тұрған зиянды контрабанды» («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 шілде 1937ж.), М. Қаратаевтың «Жазушылар ұйымы жаңа мiндеттер алдында», Ә. Тәжiбаевтың «Большевиктiк өзара сын, сапалы шығарма керек» (Социалды Қазақстан газеті, 24 сәуiр 1937ж.), М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербақовшылдықтың қалдығын толық жою керек» («Социалды Қазақстан», 29 тамыз 1937ж.), «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiржола құртайық» (Редакциялық мақала. «Қазақ әдебиетi» газетi, 8 қазан 1937ж.), «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» («Қазақ әдебиетi» газетi, 15 қазан 1937ж.), «Комсомолға кiрiп кеткен жауды толық жоямыз», «Комсомолдағы халық жауларын түгел әшкерелеп, түп-тамырымен құртамыз», «Комсомолдағы халық жауларын бiрiн қалдырмай әшкерелейiк» «Буржуазияшыл — ұлтшылдардың ұясын тас-талқан жасау керек» («Лениншіл жас» газеті, 16 қазан 1937ж.), Р. Жанұзақовтың «Жазушылар ұйымындағы буржуазиялық ұлтшылдардың сыбайластары» («Лениншіл жас» газеті, 16 қазан 1937ж.), «Смайыловтың контрабандалық қателерiне қорытынды жасайтын мезгiл жеттi» («Қазақ әдебиетi» газетi, 16 қараша 1937 ж.) сынды даттау мақалалар тарихымызда ақтаңдақ бет болып қалатын күндерді жақындата түсті. Көп ұзамай классик қаламгерге әр түрлі айыптар мен жалалар жабылып, «халық жауы» атанып, 1937 жылы тамыздың 11-де кешқұрым Алматы қаласындағы пәтерінде тұтқынға алынады. Жарты жылдан астам қамауда отырады. 1938 жылы 26 ақпанда атылады. Қазақ зиялыларының басым бөлігімен бірге Ілияс Жансүгіров те әділетсіздіктің құрбандығына шалынып, оның шығармашылық өмір жолы осылай оқыстан аяқталған. Ілияс туралы сөз де тоқтайды.
1937- 38 жылдың қасіреті халық тарихына өз зұлматын, өз трагедиясын өзінің қанды бояуларымен жазып кетті. Қазақ халқы елім деп еңіреген ерінен, көш бастаған талай көсемінен осылайша айырылды. Қоғамда жасқана қарайтын, қорқақ, дәрменсіз ұрпақ пайда болды.
ХХ ғасырдың елуiншi жылдардың аяғына қарай «жылымық» кезең келiп, репрессия жылдарында атылғандарды ақтау мәселесі көтерiлдi. Жазушылар Одағында құрылған комиссия репрессияға ұшырағандардың ісін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Кеңестер Одағы Жоғары сотының Әскери коллегиясы 1956 жылы 19 қазанда істі қайта қарауды бастап, 1957 жылы 4 сәуірде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жөніндегі шешiм қабылдайды. Осы шешімнен кейін 1957 жылы 26 сәуірде Қазақстан Жазушылар Одағыны президиумы отырысы болып, С.Сейфуллин, І.Жансүгiров, Б.Майлиннiң әдеби мұраларын қайта қарау туралы комиссиялар құру туралы қаулы қабылданған. Iлияс Жансүгiровтiң әдеби мұралары бойынша комиссияға М. Әуезов төраға болады. Ф. Ғабитова, Қ. Шаңғытбаев, Ә. Тәжiбаев, Ғ. Оспанов, Ж. Молдағалиев, Ғ. Орманов, Ә. Сәрсенбаев, С. Сеитов, Т. Балтағожин, Ы. Дүйсенбаев, М. Ғабдуллиндер мүшелігіне кiргiзiледі.
1959 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған қазақ әдебиеті мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген сөзінде академик М.Әуезов: «Жазушылар туралы монография жазғанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің мұраларын тереңдеп, сапалы түрде саралап зерттеу шарт», — деп айырықша атап көрсеткен.
Ширек ғасырдай үзілістен кейін Ілияс Жансүгіровтің 1958 жылы өлеңдер жинағы, 1959 жылы «Жастарға» жинағы жарық көрді, 1960-1966 жылдары толық шығармалары жинағы 6 томдық болып басылып шықты. Бұл жалпы қазақ оқырмандары үшін, әсіресе әдеби еңбектерін бұрын оқымаған жас ұрпақ үшін шын мәніндегі әдеби, мәдени мереке, әдебиетіміздің алтын қорына қайта қосылған рухани зор байлық болды. Қазақ әдебиетінің іргесін қаласқан Ілиястың шығармалары одан кейін жеке жинақ ретінде де, көптомдық ретінде де бірнеше рет жарық көрді. 1986-88 жылдары 5 томдық (Алматы, «Жазушы» баспасы), 2004 жылдары 10 томдық (Алматы, «Қазығұрт» баспасы) шығармалар жинағы жарық көрді.
Қысқа өмірінде қыруар еңбек қалдырған халқымыздың қалаулы перзентінің әдеби мұрасын жинастыру, қарау, қайтадан жариялау мақсатында әдебиетші-ғалымдарымыз тынбай жұмыстар жүргізді. Ілияс жайында документті фильм түсірілді, пьеса жазылды, «Құлагер» поэмасының негізінде көркемсуретті фильм жасалды. Ақынның жеке кітаптары, шығармалары, жинақтары баспаға дайындалып, оған алғысөздер, рецензиялар, түсіндірмелер жазылды. Кандидаттық және докторлық еңбектер дайындалып, қорғалды. Ә.Жиреншин 1958 жылы «Ілияс Жансүгіров» деген библиографиялық очеркiн жариялады.
1957 жылдан бастап республикалық, облыстық басылымдарда Ілияс шығармашылығы туралы мақалалар жариялана бастады. Шыққан мақалалардың бірқатары Ілиястың шығармашылық өмірбаянын қамтыған таныстыру сипатында болса, енді бірі шығармашылығы жөнінде тұжырымды, салиқалы пікір айтқан құнды ғылыми мақалалар болды. М.Қаратаев 1958 жылы «Қазақ кеңес тарихының очеркіне» арнап арнаулы монографиялық тарау жазып, оны өзінің «Туған әдебиет туралы ойлар» атты кітабына енгізді. Орта мектептің 10-сыныбына арналған көмекші оқу құралына айналдырып, жоғары мектепке арналған «Қазақ совет әдебиеті тарихына» қосты. «Эпостан эпопеяға» деген зерттеу еңбегінде «Жаңа заман, жаңа әдебиет», «Халықтың ежелгі жан серігі», «Ұлы ұстаз», «Асау тұлпар» тарауларында әдебиетіміздің өсу белестерін сөз етіп, Ілияс Жансүгіровтің әдебиетке қосқан үлкен үлесін талдап берген. Бұл зерттеулер жайлы академик Т.Сыдықов былай дейді: «Бұл пікірлер — бүгінгі тәуелсіздік таңын бастан кешіп, егемендігімізді жаһан таныған, ешкімге жалтақтамай, еркін тыныстап отырған заманда лайықсыз, көнерген уәж. Социалистік реализм талабы ауызға сөз салып, желкеден қышқашпен қысқан заманның қисыны. Мұрағат ақтарған, ақтармаса ақтарғандардың еңбегіне көзі қарақты қауым I. Жансүгіровтің классикалық туындыларына кезінде кереғар сын тағып, кейін ақтап қалам тербеген академиктер М. Қаратаев пен С. Қирабаевты да қараламайды, өйткені олар — «идеологиялық құлдықтың» айдауына көнген өз уақытының перзенттері, өз уақытына қызмет еткен жандар. Олардың қалыптасқан пікірден кемітіп, не асырып тұжырым жасауға жолы жабық-ты». (Сыдықов Т. Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы. Алматы: «Арыс» -2011ж.)
Қажым Жұмалиев «Стиль-творчестволық ерекшелік» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 17 қараша 1959 ж.) қазақ әдебиетінің негізін салған ақын-жазушылардың шығармашылығымен қатар І.Жансүгіровтің шығармашылық стиль ерекшеліктерін сөз етеді. Бұл ойларын «Ілиястың әдебиетіміздегі орны және өзіне тән ерекшелігі», «Әр жазушының өзіне тән творчестволық ерекшеліктері жайлы», «Замана жыршысы, күй жаршысы» деген еңбектерінде одан әрі дамытты. Рахманқұл Бердібайдың «Ақын шабыты» («Лениншіл жас» газеті, 1958 жыл, 25 маусым), «Роман және заман» («Жұлдыз» журналы, 1964 жыл, №9), «Отызыншы жылдардағы қазақ романдары» («Жұлдыз» журналы 1965 жыл, № 6) сынды мақалаларында Ілиястың «Жолдастар» романына талдау жасаған. Ғалым тұщымды пікірлер айта келіп, романның кемшін тұстарына да тоқталады. Ілиястың поэмалары жайлы да әр түрлі мақалалар жазылды: Әнуар Дербісалин мен Төлеген Баймұратовтың «Құлагер» поэмасы туралы» («Социалистік жол» газеті, 5 қазан 1958 ж.), Сағынғали Сейітовтың «Жансүгіров Ілиястың поэмалары» («Қазақ әдебиеті» газеті, 17 қаңтар 1958 ж.), Бақытжан Хасановтың «І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы метафоралар» (ҚР ҒА Хабарларының 1962 жылғы 3 нөмірі), Әнеш Дайырованың «Күйші» поэмасы» («Қазақстан мектебі» журналы, 1964 жылғы 5-6 нөмірі) мақаласы. Бұл мақалаларда Ілиястың поэмалары мазмұндық-тақырыптық жағынан талданады. Халим Садықов мен Бақытжан Хасановтың «Поэтикалық аударманың кейбір принциптері» мақаласында («Жұлдыз» журналы, 1963 ж., №10) Ілияс аудармалары жайлы сөз болады. Т.Қожекеевтің Ілияс сатирасы, С.Ордалиев, Б.Құндақбаевтың ақын драмматургиясы туралы сын-пікірлері жарық көрді. Қазақ әдебиеті тарихына арналған мектеп және жоғары оқу орындары оқулықтарында монографиялық тараулар беріліп, міндетті оқу жоспарына енді. І.Жансүгіров шығармалары негізінде кинофильм жасалды. Бірқатар еңбектері орыс және өзге туысқан халықтар тілдерінде әлденеше рет басылып шықты.
Басылым беттерінде Ілиястың әсіресе төрт поэмасы жайлы мақалалар үсті-үстіне шықты. Ілиястың күй, өнер тақырыбын жеріне жеткізе жырлағандығын Саттар Ерубаев былайша бағалайды: «Күйшінің» алға қойған міндеті адамның жоғары ұстайтын сезім қорегінің бірі – күйді, музыканы сөзбен сипаттап, тілмен жеткізіп айтып беру. Үн арқылы құлақпен естігенде ғана болмаса, басқаша көкейге қона қоймайтын музыканы сөзбен сипаттап, күйдің өзінің беретін әсерін туғызу, сондықтан да ақынның бұл ретте алдына қойған міндеті барынша ауыр, ақынның шын ақындығын сынайтын міндет еді. Ақын алға қойған бұл міндетін орындап шыға алды. («Менің құрдастарым» Алматы, «Жазушы» баспасы,). Сәбит Мұқанов пен Мырзабек Дүйсенов «Өрен жүйрік ақынымыз» мақаласында: «Қазақ халқының рухани мәдениетінің үлкен бір айғағы — музыкалық өнері. Ән мен күйге, әнші мен күйші өнеріне І.Жансүгіров ерте кезден-ақ ерекше көңіл қойған ақын. Халық музыкасынан эстетикалық ләззат алумен бірге, оның терең мазмұнын, әлеуметтік астарын көре, тани білді»,-деп, асыра бағалаған. М.Әуезов: ««Дала», «Күйші», «Құлагер» поэмалары тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа табады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас, барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік кенеулі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады. Жансүгіров поэмалары сезім сырына да толы. Ал, өлең үлгісіндегі мәдениет те басқа. «Күйші» мен «Құлагер» поэмалары әрі поэма, әрі өлеңмен жазылған роман» деп, жоғары бағалап, поэмаларын Ілияс шығармашылығының биік шоқтығы санаған. Т.Кәкішевше айтар болсақ: «Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің тұяғына шаң жұқпас жүйрігі, жыр Құлагерінің поэзиямыздың бар саласына үлес қосып, поэма жанрын қол жетпес биікке көтеріп, күні бүгінге дейін үлгі шашып, дәстүр жасаған қайраткер. Ұлылардың бар жазғаны емес, кезеңдік туындысы ғана тарих бетінен жарқырап көрінеді де, өз авторын Алатаудың асқар шыңдарының біріне айналдырады. Ілияс сондай өнерпаз. Қазақ халқы бар заманда Ілиястың орны әрқашан биіктен көрінері хақ». Кәдірбек Сегізбаевтың «Жыршы жыры – «Құлагер» («Коммунизм туы» газеті, 29 мамыр 1965 ж.), Т.Есімжановтың «Қазақ поэзиясының Құлагері» («Өмір нұры» газеті, 6,8 сәуір 1965 ж.), Ә.Зейілбековтің «Құлагерді» оқығанда» («Оңтүстік Қазақстан» газеті, 29 мамыр 1965 ж.) Әзілхан Нұршайықовтың «Ақынның белгісіз поэмасы» («Социалистік Қазақстан» газеті, 16 мамыр 1965 ж.), Қапан Қамбаровтың «Шоқтығы биік поэмалар» («Қазақстан мектебі» журналы, 1967 ж., №10), Тәкен Әлімқұловтың «Құлагердің орысшасы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 28 сәуір 1967 ж.), Сырбай Мәуленовтің «Қазақ өлеңінің Құлагері» мақалалары І.Жансүгіровтің эпиктік қырын таразылаған. Темірбек Қожекеев «Күлкі күші («Жұлдыз» журналы, 1965 ж., № 5) Балғабек Қыдырбекұлы «Уытты сөздің зергері» («Лениншіл жас» газеті, 25 мамыр 1965 ж.), Есенгелді Жақыпов «Таңқыбайдың фельетондары» («Қазақ әдебиеті» газеті, 28 мамыр 1965 ж. ), Ғ. Қалленов «Тілі уытты жазушы» («Ертіс» газеті, 29 мамыр 1965 ж.), Ғали Орманов «Күлкі – сықақтың сеңгірі» («Ара» журналы, 1965 ж., № 5) атты мақалаларда Ілиястың сықақ әңгімелері мен фельетондары талданған. Төлеубай Ыдырысов «Очерк туралы ойлар» деген кітабының «Жаңарған өлке, жаңа адам келбеті» тарауында Ілиястың алғашқы бесжылдықтар кезінде жазған очерктеріне талдау жасап, тұжырымды пікірлер айтқан. Драматургтік қыры Қажықұмар Қуандықовтың «Сахна поэзиясын ұққан жан» («Қазақ әдебиеті» газеті, 28 мамыр 1965 ж.), Б.Бірліктіұлының «Кектің» бас кейіпкері» («Өмір нұры» газеті, 3 маусым 1965 ж.), Қажықұмар Қуандықовтың «Жоғалған пьесаның жұрнағы» мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 5 мамыр 1967 ж.) талданады. Орыс және туысқан халықтар өкілдерінен Зоя Кедрина «Достық дәстүрі» («Қазақ әдебиеті», 28 сәуір 1965ж.), татар жазушысы Гумер Баширов «Жан рахаты» («Қазақ әдебиеті», 28 мамыр 1965 ж.), өзбек ақыны Ұйғын «Жарық жұлдыз» («Қазақ әдебиеті», 4 маусым 1965 ж.), Михайл Львов «Ілияс үшін рахмет саған, қазақ елі!» («Өмір нұры», 5 маусым 1965ж.), т.б. өз көзқарастарын білдірді.
Ақын ақталғаннан кейін алғашқы естеліктер де басылым беттерінде жариялана бастады. А. Сүлейменов «Ардақты ағаны еске алсақ…» деген естелігін «Советтік Жетісу» газетінің 1958 жылғы 30 тамыздағы санына, Р. Рақымбеков «Горький мен Ілиястың кездесуі» естелігін «Жетісу» газетінің 1964 жылғы 4 қазандағы санында жариялатты.
Ақынның 80 жылдық мерей тойы қарсаңында Ілиястың туысқан бауыры Қуандық Шөкеновтің «Біздің Ілияс» (Алматы, 1973ж.) атты естелік кітабы. Ілиястың 90 жылдық мерей тойы қарсаңында зерттеуші-ғалым Сәрсенбі Дәуітовтің құрастыруымен «Азамат ақын» (Алматы,1984ж.), Ілиястың 100 жылдық мерей тойы қарсаңында профессор Мұратбек Иманғазиновтың құрастыруымен «Жан қайығын жарға ұрдым» (Алматы, 1994ж.) атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. Осы жинақтарға енбей қалған естеліктерді қосып, бұрынғы материалдарды бір желіге түсіріп, естелік иелерінің деректерін нақтылап, ғылыми тұрғыда бағалап, орнын, ретін белгілеп, доцент Ш.Кыяхметова 2007 жылы «Аңызға бергісіз ғұмыр» атты естеліктер жинағын құрастырды. Бұл жинақта 1958 жылдардан бергі естеліктерге көбірек назар аударылып, кезінде «большевиктік цензураға» жалтақтап, естелік-кітаптарда қысқартылып берілген материалдар толықтырылып, түзетулер арқылы ұсынылған. Ақын өмірін кезең-кезең бойынша таныстыру үшін жинақ екі бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімге зайыбы, балалары, туған-туыстары, бала кезде бірге өскен достары мен құрдастарының естелік-лебіздері жеке топтастырылған. Бұл бөлімге топтастырылған еңбектерде негізінен ақынның мінез-құлқы, адамгершілік қадір-қасиеті, отбасына деген ыстық ықыласы, кішіпейіл қамқор көңілі, алғашқы ақындық адымдары жайлы мол мағлұматтар алуға болады. Күнделікті қарапайым өмірі, отбасы, қызметтегі мінез-құлқы, болмысы, «халық жауы» ретінде айыпталып, қан жұтқан қасіретті күндері жайлы естеліктер осы бөлімде біраз нәрсенің байыбына жетелейді. Екінші бөлімде қазақ мәдениетінің бәйтеректері Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайлов, Мұхамеджан Қаратаев, Сапарғали Бегалин, Ғали Орманов, Әди Шәріпов, Әбділда Тәжібаев және т.б. үзеңгілес замандастарының естеліктері берілген.
I.Жансүгiровтің 70 жылдық мерей тойы кешеуiлдеп, 1965 жылы республика көлемінде салтанатты түрде аталып өтті. ҚазССР-нің Жоғары Кеңесінің Указымен (5 маусым 1965ж.) Абакумовка поселкесінің атауы «Жансүгіров» поселкесі болып өзгертіледі.
Осы кезеңде жазылған мақалалар, еңбектер, естеліктер ілиястануды жан-жақты өркендету мүмкіндігін молайтты, көлемді зерттеулердің арнасын ашты. Бұл салада әдебиеттану ғылымы едәуір ізденістер жасап үлгерді. 1965 жылы жарық көрген профессор Мырзабек Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясы — Iлияс шығармашылығын жан-жақты қарастырған алғашқы зерттеу еңбек. Бұл монография кейiнгi зерттеулерге бағыт – бағдар берді, ілиястану ілімін қалыптастырып, негізгі арналарын айқындады, әрі қарай өркендетудің өнімді бағытын белгіледі. Қазақтың көрнекті ғалымы, ақын Тұрсынхан Әбдiрахманова ақынның өлең жазу шеберлігін зерттеп, «Ақын сыры» (Алматы, «Жазушы» баспасы, 1965ж.) атты кітабын шығарды. Жансүгіров лирикаларының сырын Әбділда Тәжібаев та «Поэзия және өмір» атты монографиясында айрықша білімдарлықпен талдаған. Фатима Ғабитова «Өртеңде өнген гүл» (Алматы, «Атамұра» баспасы, 1998ж.) кітабын шығарды.
Ілиястанудың арнасы жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа зерттеулермен толықтырылды. М.Иманғазиновтың «І.Жансүгіровтің шығармашылық шеберханасы» (1998ж.), Ләззат Әділбекованың «Ілияс Жансүгіров прозасының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» (1998ж.) зерттеулері. Профессор М.Иманғазинов — ілиястанушы ғалымдардың бірі. Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайында қызмет істеген кезеңнен бері (1991ж.) мұрағат құжаттарымен жұмыс жасап, Ілиястың ғұмырнамасы, өлімі, ақталуы жайлы жаңа, құнды материалдарды жинастырып, қорытып, айналымға түсіріп жүр. Сол талай жылғы ізденістерінің нәтижесін біз «Ілияс Жансүгіров» (Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2004ж.) атты монографиясынан сезінеміз.
Мұрат Әбiлқақовтың «І.Жансүгіровтың драмалық шығармаларындағы тартыс пен қаһарман» (2003ж.) еңбегінде драмалық шығармалары тұңғыш рет монографиялық үлгіде талданып, поэтикалық тұрғыда қайта бағаланған. Қаламгердің драма жанрын игеруге деген алғашқы қадамынан бастап, драматургия шарттылықтарына жауап беретін толыққанды пьесасын дүниеге әкелгенге дейінгі жазушының үйрену, жетілу, шеберлік шыңдауы тәрізді кезеңдері айқындалады. Қаһарман бейнесін сомдау мен характерін жасау жолындағы автордың әдіс-тәсілдері бағаланады. Қарапайым кейіпкерді тағдырдың талқысына салып шыңдау арқылы типтік деңгейдегі драмалық кейіпкер жасау шеберлігін меңгеруі, драмалық тартысты туындатар шеберлігі әр қилы сапада зерделенген.
Әбілхан Әбіласан І.Жансүгіровтің әлі ешкімнің көзіне түспей жатқан дүниелерін мұрағат қойнауынан шығарып, Iлиястың өз қолымен жазылған қолжазбаны араб графикасынан, қазiргi кириллицаға түсіріп, «Жетісу» (Алматы, «Ценные бумаги» баспасы, 2001ж.) атты жинақ шығарды. Еңбекте қазақтың өткен өмірінің шынайы болмысы, Кенесары көтерiлiсi, Жетiсу, Балқаш, Жаркент өңiрiн орыс елiнiң жаулап алуы, сол тұстағы ел өмiрi жайлы шынайы жазылған деректер кеңес өкiметiнiң саясатына қиғаш келетiндiктен социалистiк цензураның кесiрiнен кезінде жарық көре алмаған дүниелер қолымызға тиді. Бұл, сөзсіз, тәуелсiздiк шапағаты «Негiзiнен, Iлияс Жансүгiровтiң мұрағат материалының үштен бiр бөлiгi — қазiргi кезеңге дейiн жарық көрген шығармаларының түп дерегi, жазылу жайының күретамыры. 15–ке тарта қалың бумаларда (папкаларда) Iлиястың өз қолымен жазған 12 қойын кiтапшалары мен дәптерлерi жатыр. Оны оқып қараған адамға әлi де болса талай тың жатқан деректiң ашылатыны сөзсiз»,-дейді ілиястанушы ғалым М.Иманғазинов.
И. Боранбаева, Ә. Әбіласанұлы мен бірқатар жауапты адамдар «Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала хикаялары» атты мұрағаттар материалдарының негізінде жинақ (Алматы, «Үш қиян» баспасы, 2006ж.) құрастырып, шығарды. Кітапқа 1920-1964 жылдар аралығындағы Ілиясқа қатысты құжаттар жинақталған. Кітап екі бөлімнен тұрады. ҚР Орталық мемлекетті мұрағатындағы ақын мұралары сақталған жеке қордағы (ҚРОММ-1368-қор) деректер мен мәліметтер берілген. Кезінде кейбір мәліметтер цензураға байланысты, ал бертінде араб әліпбиіндегі қолжазбаларды оқитын зерттеушілердің сиреуіне сәйкес қозғаусыз қалып келген. Бұл еңбек- сол олқы тұстың орнын толтырар ғылыми маңызы зор жинақ.
Академик Т.Сыдықовтың «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» (2011ж.) атты монографиялық зерттеуі ілиястануға қосылған қомақты еңбек. Т.Сыдықов – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қазіргі қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелері бойынша іргелі еңбектер жазып жүрген үлкен ғалым. Жетісудан шыққан ақын-жазушы, әдебиетші ғалымдардың шығармашылығын Ілияс Жансүгіров дәстүрімен байланыстыра зерттеп жүрген білгір маман. Осы бағытта терең ғылыми білім беруге негізделген «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» монографиялық зерттеуінің алғашқы тарауын Ілиястың поэзиялық туындыларын жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдауға арнаған. «Жетісудың жүрегі немесе Ілияс жайлы сөз» бөлімінде социалистік құрылыстың жыршысы деп бағасын асқақтата көтеруге тырысқан кешегі сыншы, зерттеушілердің еңбегі есгірген тұста профессор Т.Сыдықов Ілияс та өз заманының перзенті, жыршысы болғанын, кемшілікке санамайды. Оның шығармашылығын пәтуасыз идеологияның жеміне, құрбандығына шалмайды, осы уақытқа дейін жеріне жеткізе айтылмай келген көркемдік шеберлік, эстетикалық нысана іздеп, ақындық дарынның қуаты мен жалынын, поэтикасын бұрынғыдан да биіктетіп, жаңаша қарастырған. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап…» немесе І.Жансүгіров-жастықтың жыршысы» және «Ұлылыққа тағзым немесе Ілияс лирикаларының көркемдік кестесі» бөлімінде Ілиястың өлеңдеріне сыншыл көзқараспен қарап, әділ бағасын береді. Оқырманын қандай талантпен табысып отырғанына шығармаларын талдау үстінде танытып, табыстырады.
«Қара қобыздың киесі немесе І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасына жаңаша көзқарас», «Хан Сарайынан күйшінің қара қосына дейін немесе «Күйші» поэмасына жаңаша көзқарас», «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» немесе І.Жансүгіровтің «Рүстем қырғыны» поэмасының ұлағаты» бөліміндерінде Т.Сыдықов тек шығармашылық процестің ішіне еніп, тың ойлар, соны ғылыми тұжырымдар жасауға тер төгеді. Қай-қайсысы жайлы сөз қозғаса да бимәлім тың пікірлер айтуға, тосын ғылыми түйіндердің бүгілгенін жазып, бүркенгенін ашуға тырысады. Ғалым еңбегінде осылардың әрқайсысы жайлы бұрын-соңды жазылған мақала, зерттеулерді назарынан тыс қалдырмай оқып, қорытып, өз ғылыми толғамдарын алдыға тосады. Зерттеу еңбек тың ойларға кенен, Ілияс жайлы мол мағлұмат, терең білім беретін ғылыми сараптаулардан тұрады.
Ақынның мерейтойы қарсаңында Ілиястың әр түрлі қырларын зерделеген мақалалар жалғасын тауып жатты. Ақталған кезінен бүгінгі күнге дейін баспасөз беттерінде мыңдаған ғылыми-танымдық мақалалар шықты. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдардың мақалаларында Ілиястың қазақ әдебитіне қосқан үлесі, әкелген жаңалығы, шығармаларының көркемдік-идеялық тереңдігі жайлы айтылды. С. Қирабаевтың «Ақын» ( «Қазақ әдебиеті» газеті, 1974 ж., 24 мамыр), Р.Бердібайдың «Сегіз қырлы суреткер» ( «Социалистік Қазақстан» газеті, 1974 ж., 24 мамыр), Әбділхамит Нарымбетовтың «Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының көркемдік және стильдік сыр-сипаты» («Стиль сыры»// Ред. басқарған М. Қаратаев. Алматы,1974.-26-50б.), «Поэмадағы заман суреттері және жаңашылдық» (Қазақ совет поэмасы. Алматы, 1977.-33-51б. ), Х.Сүйіншәлиевтің «Ақын мұрасы» ( «Ізденіс іздері» 1975ж.), С.Сейітовтың «Кішкентай кейіпкерлер» («Тоғысқан толқындар» 1975 ж.), Р. Нұрғалиевтің «Халықтық тарихи драма жасаудағы творчестволық принцип» («Жалын» журналы, 1978 ж.,№ 4), Сәйділ Талжановтың «Күйдің күші» (Өткен күндер сөйлейді. Алматы 1978ж.), Қайым Мұхамедхановтың «Ардагер ақын» («Семей таңы» газеті, 26 мамыр 1979 ж.) мақалалары ілиястану ғылымын ілгерілеткен дүниелер болды.
Ғабиден Мұстафин «Ой әуендері» (Алматы, 1978ж.) зерттеу еңбегінде ақынға «Ілияс ақын туралы бірер сөз» тарауын арнайды. «Өзі өлгенімен, сөзі өлмейтін ерлер болатыны ежелден белгілі. Ілияс — сол ерлердің бірі. Ол алдымен ақын еді. Ақындардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Ақын, жазушы деген құрметті атаққа қол созушы көп, жететіндер аз. Ілияс — сол аздың, бірегейдің бірі. Ол арамыздан ерте кетті, аларын түгел ала алмай, берерін түгел бере алмай кетті. …Әдебиет халқымыздың ең құнарлы рухани азығына, адам жанының тәрбиешісіне айналды. Бұл майданда да шырқап алға кеттік. Алайда, Ілиястарға алақтап қарай береміз»,-деп, Ілиястың құдіреттілігіне басын иіп,тағзым етеді.
Рымғали Нұрғали «Арқау» атты монографиялық еңбегінің «Соғайын сөзіммен бір сұлу сарай» деген тарауында Ілиястың өмір дерегінен бастап, оның әр жанрдағы шығармашылығын кең қарастырып, ғылыми топшылау, талдау жасайды. «Өзінің күйлі, сыршыл адуын шығармаларымен халқының көп ғасырлық өмірін, азаттық жолындағы күресін реалистік қуат, зор шеберлікпен бейнелеп, артына өлмейтін әдеби мұра қалдырған қанатты қаламгер І.Жансүгіров қазақ жұртының құлай сүйген ең сүйікті перзенттерінің бірі, оның өр тұлғасы қайсар ақындықтың символы іспеттес»,-деп, жазады.
І.Жансүгіровтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Т. Есімжановтың «Ақиық ақын, адуын талант» («Жетісу» газеті, 28 сәуір 1984 ж.), Темірбек Қожекеевтің «Сатира саңлағы» («Лениншіл жас» газеті, 27 сәуір 1984 ж.) Ә. Қоңыратбаевтың «Қазақ поэзиясының Құлагері» («Ленин жолы» газеті, 13 маусым 1984 ж.), Т. Тебегеновтың «Сан-салалы суреткер» ( «Ленин жолы» газеті, 13 маусым 1984 ж.), М.Қаратаевтың «Жыр Гималайы» («Лениншіл жас» газеті, 27 сәуір 1984 ж.), Ә. Кекілбаевтың «Ақиық ақын» («Социалистік Қазақстан» газеті, 3 маусым 1984 ж.), Қ.Бекхожиннің «Қазақ поэзиясынның өнегелі ұстазы» (Өлең өткелдері. Алматы, 1986 ж.), О.Сүлейменовтің «Дауылды кезең дүлдүлі» (Сөзстан. 8-кітап. 1987 ж.), М. Жолдасбековтың «Қазақ әдебиетінің бәйтерегі» (Асыл арналар.Алматы, 1990 ж.) атты мақалалар жарияланды. Онда Ілиястың әдеби қайраткерлігі жан-жақты ашылып, тың ойлар айтылады.
Мұхамеджан Қаратаев, Темірғали Нұртазин, Серік Қирабаев «Ілияс Жансүгіров» (Қазақ совет әдебиеті. Алматы, 1987.-249-282б.) атты ұжымдық зерттеулерінде ақынның шығармашылық өміріне толықтай тоқтап, ақындық, жазушылық, драматургтік, аудармашылық және тағы басқа қырларын қазақ әдебиетінің даму белестерімен бірге алып қарастырып, оның өзіндік орнын белгілейді. Зәки Ахметов «Өлеңнің өрен жүйрік Құлагері» мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 1994 ж.,№ 17) «Ілиясқа тән ақындық шеберлік — өмір шындығын жан-жақты, терең ашып бейнелеп беретін нағыз көркемдік шеберлік. Қазақтың күй өнерін, оның өмір танытарлық қуат-күшін терең түсініп, әсерлі бейнелеуі жағынан Ілияспен тең түсе алатын ақынды табу қиын»,-деп, үлкен құрметпен пайымдау жасайды.
1994 жылы Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, I. Жансүгiров, Б. Майлин, С. Қожановтардың 100- жылдық мерейтойлары республика деңгейінде аталып өттi. «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған «Елiм деген ерлердiң еңбегi еш болмайды» деген (1994 ж., 13 желтоқсан) мақалада «Бұл күнi өмiрлерiн ұлтты, халықты сақтауда, сүюге бағыштаған, ұлтжандылық пен ақыл-ойдың ғажайып үлгiсiне, өнегесiне айналған Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов есiмдерi еркiн, азат елдiң аспанында қатар аталады», – деп жазылып, тағы да аса бiр аптапты сөздер айтылды.
Ғасырлар тоғысында І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының ақиқаты жайлы бірнеше мақала, атап айтсақ: Жанат Тұрғанбекұлының «Сағынай асы: айтылмаған ақиқаттар» мақаласы «Сарыарқа самалы» газетінің 1996 жылғы 30 сәуірдегі санында, Аманжан Жақыповтың «Сүлейменнің асы» мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2001 жылғы 26 қазандағы санында, Серік Ақсұңқарұлының “Құлагердің түбіне жеткен — Батыраш-Қотыраш емес, Барақбайдың жендеті Ізбасқан” атты Ілья Жақановпен сұхбаты «Орталық Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 9 тамыздағы санында, Естай Мырзахметұлының «Құлагердің құлауы: аңызы қайсы, ақиқаты қандай» мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 29 қазандағы санында, Мұстай Ғалымның «Құлагердің киесі» мақаласы «Жұлдыз» журналының 2004 жылғы №1 санында, Серікбай Алпысұлының «Құлагер трагедиясы: қауесет пен қиянат» мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы санында, Ықылас Олжайдың «Құлагерді құлатқан кім?» мақаласы «Жаңа Сарыарқа» журналының 2008 жылғы №1 санында жарияланды. Бұл мақалалар «Кезінде шығарманың негізгі тақырыбына терең үңіліп, оның көркемдік-эстетикалық мәнін жан-жақты ашудың орнына үстірт социологиялық талдау жасаумен ғана шектеліп келген» (Әбен Дәуренбеков «Күйші» және күй құдіреті) сын — зерттеулердің арнасын жаңа бағытқа бұрған, соны соқпақ салған бүгінгі заманның қуатты үні болып отыр.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы қазіргі таңға дейін үш библиографиялық көрсеткіш құрастырылған:
1) Аяулы азаматтың ұрпағына қалдырған мұрасын іздеу, табу, жинастыру ісіне мұрағат пен кітапхана қызметкерлері де белсене араласып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосты. 1973 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ ССР-нің А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапхананың бастамасымен филология ғылымдарының кандидаты Ә.Дайырова, библиографтар Т.Кененова, С.Қойшыманова, Ф.Эльконинаның құрастыруымен «Ілияс Жансүгіров» атты библиографиялық көрсеткіш шықты. Көрсеткіште 1917-1970 жылдардағы материалдар қазақ-орыс тілінде хронологиялық тұрғыда жүйеленіп берілген. Анықтама-көрсеткіш ғылыми қызметкерлерге, әдебиет мамандарына, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, аспиранттарға, мұғалімдер мен оқушыларға, лекторларға, кітапханашыларға және жалпы көпшілікке арналған. Анықтама қазақ және орыс тілінде дайындалған. Көрсеткішті құрастырушылар Ілиястың әлі де жарияланбаған фельетондарына, әңгімелеріне, мақалаларына, сөйлеген сөздеріне, жасаған баяндамаларына, хат-хабарларына, ел әдебиетінің үлгілерінен құрастырған жинақтарына, оқулықтарына, одақтас республикаларда, шет елдерде жарияланған шығармаларына көпшіліктің назарын айрықша аударған.
2) 1995 жылы «Қазақ әдебиетінің классиктері: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин» атты библиографиялық көрсеткіш шыққан.
3) 2004 жылы І.Жансүгіровтің 110 жасқа толуына байланысты «Ілияс Жансүгіров» атты библиографиялық көрсеткіш жарық көрді. Құрастырғандар: К.Е.Аймұхамбетова, А.Н.Нұрсейітова. Көрсеткіш қазақ және орыс тілдерінде 1973-2004 жылдар аралығында жарияланған материалдарды қамтиды. Құрастырушылар Ілияс Жансүгіовтің өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдарды, шығармашылығы туралы пікір айтқан авторлардың алфавиттік көрсеткішін, ақынның әдеби бейнесін жасаған шығармаларды, газеттер мен журналдардың түп-нұсқаларын жеке-жеке тарауға топтастырған.
Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасын жан-жақты, тереңдеп зерттеп, игеру — үнемі даму үстінде болатын құбылыс. Қазақ әдебиеттану ғылымының алдағы міндеттерінен түспейтін өзекті мәселе болып тұра бермек. Өйткені, Тәуелсіздік талабы «мәдени мұрамызды» байыпталықпен байыптап, ғылыми тұрғыда зерттеп, асылдардың бимәлім қырларын жарқыратып аша түсуді мұрат етеді.
Кыяхметова Шара Асетовна
Филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор